"Қазақстанда болмаған креативті идеяны іске асырамыз"

Ол – Т. Ахтанов атындағы драма театрдың директоры, актер. Ол – басшылық қызметті абыроймен атқарып жүргендердің бірі. Ол – театрды, сахнаны жан тәнімен сүйетін актер. Ол – Сайлау Қамиев.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

- 2023 жылы театр ұжымы қандай белестерді бағындырды?

- Бұл қызметке келгеніме әлі ұзақ уақыт өтпеді. 2023 жылдың 1 наурызынан бастап басшылық қызметтемін. Маған дейін бюджет пен театрдың алдағы жұмысы алдын ала белгіленіп, жоспарланған еді. Мен соның орындаушысы болдым. Алдын ала қабылданған жоспардан бөлек театрда музей аштық, Т. Ахтановтың 100 жылдығы тойланды. Мерейтой негізінде драматургтың атақты «Боран» романын сахналанды. Қоюшы режиссеры – театрдың көркемдік жетекшісі Елтай Кемал. Қызметке тағайындалғаннан бастап театрдың өткенін түгендегім келді. Осы мақсатта әкімдікке өтініш білдіре отырып, театрдың музейін аштық. 1935 жылы Ақтөбеде жастар музыкалық драма театры болған. Т. Жүргеновтың бұйрығымен құрылған театрдың архивтік құжаты бар. Музейде аталмыш құжаттан бастап Т. Ахтановтың ұрпақтарынан жинақталған жеке жәдігерлеріне дейін қойылды. Сондай-ақ, орыс труппасы 1965 жылдан бастап жұмыс істеген. Қазақ және орыс труппаларының архивтік құжаттарды, алғашқы қойылған спектакльдерден қалған костюмдерді, ерекше түсірілген фотосуреттерді жинақтай отыра музей аштық. «Т. Ахтанов театрының өткені мен қазіргі келбеті» кітап альбомы жарыққа шықты. Оның авторы – белгілі театртанушы Анар Еркебай. 100 жылдық мерейтойда кітаптың тұсаукесерін жасадық. «Ахтанов алаңы» атты театр форумы ұйымдастырылды. Оған республикадан және шетелден мамандар қатысты. Форум «Campit» лагерінде өтті. Оған 90-ға жуық маман қатысты. Актерлік өнер, режиссура, хореография, сценография, жарық қою, гримм бағыттары бойынша шеберлік сағаттары өткен еді. Форум өте ауқымды, әрі қатысушылар үшін пайдалы болды. Былтыр Т. Ахтанов атындағы драма театрда 10 премьера сахналанды. Қазақ труппасындағы актерлік құрам – 38, ал орыс труппасындағы актерлік құрам – 20.

- Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген еді. Сонда Т. Ахтанов атындағы драма театрына ат басын бұрып, жаңа театр салынуы керек деген тапсырма берген. Ал жаңа театр қашан, қай жерде ашылмақ? 

- Президенттің жұмыс сапарымен театрға келуі біз үшін ерекше жаңалық болды. Мемлекет басшысы Ақтөбенің зиялы қауымымен кездесіп, театрдың ішкі жағдайымен танысып, ғимараттың ескіргендігін айтып өткен еді. Болашақта Ақтөбе мегаполис болады деген сенім бар. Сондықтан қалада жаңа театр салынуы керек деп облыс басшысына тапсырма берілді. Қазіргі таңда жұмысшы тобы құрылды. Жаңа театрды салу жұмысын облыс басшысы өз бақылауына алды. Қай жерде салынатыны жөнінде ақпарат бере алмаймын. Алайда дайындық жұмыстары өте жақсы жүруде. Ең соңғы үлгідегі жобасын күтіп отырамыз. 

- Театрда қандай түйткілді мәселелер бар? 

- Театрда екі труппа болғандықтан екі репертуар бойынша жұмыс істейді. Қазақ труппасы 33 маусымын, ал орыс труппасы 59 маусымын ашты. Әкімшілікке және техникалық құрамға түскен жауапкершілік те, жұмыс та арта түсті. Яғни екі труппаға жауапты. Себебі техникалық құрам біреу. Жұмысы екі есе болса да, жалақысы аз. Жаңа театр салынса, мүмкін қазақ труппасы жеке театр болып баратын шығар деп ойлаймыз. Ғимараттың ескіргені рас. Жылу жүйесі дұрыс емес. Автономиялық жылыту қазандықтарында да бірқатар мәселелер бар. 1944 жылы ғимараттың негізі қаланған. Естуімше, 1978 жылы ғимарат өртенген. Содан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайтадан ашылған деседі. 

- Жақында көрерменге қандай премьера ұсынасыздар?

- 23-24 ақпанда халық ауыз әдебиетінен «Қобыланды батыр» жырын эпос ретінде сахналаймыз. Қазақ театры тарихында бұл әлі сахналанбаған. «Қара қыпшақ Қобыланды» атты Мұхтар Әуезовтің драмасы бар. Драманың өзегі жырда деп білеміз. Біз тарихи мекенде, Қобыланды туған өлкеде өмір сүріп жатырмыз. Мейірхан ағамыз құрастырған нұсқасы бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оны қою үшін арнайы режиссер шақырттық. Ол – «Ұмай» сыйлығының жеңімпазы Дина Жұмабай. Қоюшы хореограф – Анна Цой. Уфа қаласынан сценограф, қоюшы-суретші Лилия Хисматуллинаны шақырттық. Қызылордалық Нұрсұлтан Төрәлі музыкасын жазады. Бұл – 2024 жылдың алғашқы премьерасы. Жыл соңына дейін 8 қойылым сахналанады деп жоспарланып отыр.

- Не себепті тарихи драмалар жиі таңдалынады деген сұрақ көрерменнен жиі қойылатын сияқты. Расымен, театрда тарихи қойылымдар өте жиі сахналанатын секілді ме?

- Маған дейін көптеген батырлар жыры сахналанған. Бұл да бір ойланатын мәселе. Кез келген облыста жергілікті жердің батырларын дәріптеу, ұлағаттау мемлекеттік тапсырыс ретінде жүзеге асады. Біздің репертуарымызда қалғаны – 2023 жылдың аяғында қойылған «Әбілқайыр хан» драмасы. Тапсырыспен қойылған драмалар бір-екі рет қана сахналанған. Бірақ «Қобыланды батыр» драмасы мемлекеттік тапсырыс емес. Осындай эпостың сахналануы өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Бізде «Арамыз жылып қалар» лирикалық драмасы, «Келіндер көтерілісі» комедиялық драмасы, жастарға арналған «Алғашқы махаббат» драмасы, «Махаббат мұңы» сынды драмалар бар. Бірақ «ылғи тарихи драма сахналанады» деген пікірді жылына бір-екі рет келетін көрермендер айтатын шығар. Ал тұрақты көрермендер біздің драмалармен етене таныс деп ойлаймын. Сондықтан театрға жиі келіп тұруға шақырамын.

- Өткен жылы «Текемет» арт платформасы өз жұмысын бастады. Бұл қандай жоба?

- Бұл – талантты режиссер Мейрам Хабибуллиннің құрған арт-кеңістігі. Текемет – креативті жоба. Мен қызметке келгілі екі қойылым сахналанды. Біріншісі – «Qadam» [bas]. Рахат Төрежан қалалық мәдениет үйіндегі «Ақтөбе» вокалды-инструменталды ансамблімен бірлесе креативті жобаны іске асырды. Рахаттың шығармашылық кешімен қатар поэзия да оқылды. Екіншісі – Б. Майлиннің әңгімелерінен құрылған «Әйел» драмасы. Қазіргі таңда Мейрам Хабибуллин үлкен қойылымға кірісті. «Текемет» жобасы арқылы Қазақстанда болмаған креативті идеяны іске асырамыз. Бұл осы жылдың сәуір айына жоспарланды.

- Бүгінде неге жастар театрда шыңдалып, киноиндустрияға ауысады?

- Менің танитын актерларым ешқашан театрды тастаған емес. Біздің театр әртістері кинодағы түсірілім күндерін театрдағы дайындық күндерімен келістіріп, тіпті ұшақпен екі ортада қатынайды. Нағыз театр актері театрды ештеңеге айырбастамайды.

- Театрға көрермендер жиі келе ме?

- Алматыда, Астанада театр билеттері көзді ашып жұмғанша тез сатылып кетеді. Қазір ақтөбеліктер сайттан билет сатып алуды үйренген. Премьералық спектакль аншлагпен өтеді. Ал күнделікті сахналанып жүрген спектакльдерде залдың 70-80 пайызы толады.

- Актердың бойында қандай қасиеттер болу керек?

- Ең бірінші – жанкештілік. Мамандығына деген шексіз махаббат керек. Бұдан өзге ештеңе керек емес.

- Өнер мен лауазымды қатар алып жүру қиынға соқпай ма?

- Иә, қиындығы бар, жасырмаймын. Директорлық қызметке алғаш рет сайландым. Тәжірибем аздау болғандықтан тек қана осы қызметті жауапкершілікпен атқарып жүрмін. Өткен жылы екі сериалдың басты рөлінен, тағы бір сериалдың негізгі рөлінен бас тарттым. Бәрін қатар алып жүру қиын.

- 2024 жылға қандай жоспарыңыз бар?

- Қазақ, орыс труппасы 1 шілдеге дейін жұмыс істейді. Қыркүйек айында орыс труппасының 60 маусымы ашылады. Олар қазірден дайындықты бастап кетті. Биыл ең жақсы деген қойылымдарды Астана, Алматы театрларында гастрольдік сапармен барып сахналап қайтамыз. Қазақ труппасының Алматы, Түркістан қалаларына гастрольдік сапары жоспарланды. Сондай-ақ, Ақтөбенің 155 жылдығына орай аудан орталықтарына да барамыз. 3 халықаралық фестивальге өтініш білдірдік.





Кейіпкер
16:13, 18 январь 2024
5 795
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив