«...Ал, махаббат таусылмайтын әңгіме»
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Сізді Жұбановтар әулеті арқылы таныдық. Атақты адамның жары болу қаншалықты қиын?
Әрине, Қазақстандағы ғылым мен білімге еңбегі сіңген, алты академик, тоғыз ғылым докторы, атамыздың немерелерін қосқанда оннан аса ғылым кандидаттары шыққан әулетке келін болдым. Жауапкершілігімен қоса өзіңе жүктелген міндеті де бар. Құдайберген Жұбановтан 6 бала, Ахмет Жұбановтан 5 бала болған. Соның үшеуін ғана көрген жоқпын. Мен 2000 жылы келгенде Ғазиза апай, Қырмызы апай, Роза апайдан басқаларының көзін көрдім. Мені Асекемнің жары ретінде жақсы қабылдады.
Сұхбаттарыңызда ол кісі сіздің балаларыңызды еш жатырқамастан қабылдағанын жиі айтыпсыз. Әйел адамның табиғаты бөлек қой, сіз ол кісінің балаларын қалай қабылдадыңыз?
Асекемнің алдыңғы отбасынан бір қызы бар. Есімі Назым. Менен 3 жастай ғана кіші. Екеуміз казір кәдімгі құрбыдаймыз. Мен келген кезде ол қатты қуанды. Әкесінің жанында әйел адам болғанын қалаған болуы керек. Тұрмысқа шыққанында да, бөпелері болғанда да көмектестім. Өзі мінезді, ештеңені бүгіп қалмайтын, тек шындықты айтатын адам. Арамызда келіспеушілік болып көрмепті. Қандай жағдайда да менімен әпкесі сияқты ақылдасып отырады. Менің ұлдарым «Назым тәте» деп маған қарағанда тәтесімен ақылдасады. Кәдімгі туған бауырлардай болып кетті. Өзіңіз айтқандай, Асекең де менің екі ұлымды өте жақсы қабылдады. Өз баласындай қасына алып, үй шаруасындағы ер адам жасайтын тірліктің бәрін тындыратын. Люстра ілу, сантехникалық жұмыстар, балконға шкафтар құрастырумен қатар, үйдің жөндеу жұмыстарын да өзі жасағанды жақсы көретін. Әрине біреуді жалдасаң қаржыға тіреледі. Сондықтан болар бәрін өзі жасаушы еді. Өзі «әрі демаламын» дейтін. Ұлдарымды кішкентайынан компьютерде мәтін теруге үйретті. Кітап шығарғанда барлық теру жұмыстарын балалар жасады. Мен де көмектестім. Қазір Дархан деген ұлым сол әкесі салған ғылым жолын одан әрі жалғап жүр. Олар Асекеңе «әке» дейді. Әкесімен біріге 5 кітаптың авторлары қатарына енді. Екінші ұлды көбіне үйдің шаруасымен айналысуға баулыды. Балаларым қазір де әкелерін жиі еске алып отырады.
Асқар Жұбановтың мінезі қандай еді?
Асекемнің сыртынан қарағанда өте салмақты, өзі күле бермейтін, үнемі ой үстінде жүретін адамдай көрінетін. Бірақ өзіне тән мінезімен қатар өте мейірімді, мінезі жұмсақ болатын. Біз жиырма жыл бірге тұрғанда ренжісіп көрмедік. Ренжісетін уақытымыз да болмапты. Мен де жұмысбасты болдым. Тіпті сенбі, жексенбі күндері компьютердің алдында жұмыс жасап отыратын. Көп адамдармен де араласа қоймадық. Тек туыстар мен қызметтестер ғана жиі келетін. Асекеңнің достарының өзі жан-жақта. Екі курстасымен ғана хабарласып, кейде бірге демалуға баратын едік. Жасаған әрбір тамағымды мақтап, киген киімімді «жарасып тұр» деп комплимент айтып отыратын еді. Жас айырмашылығымыз 30 жыл болса да, өте заманауи адам. Әйелдің тірлігіне араласқан емес. «Ғашықтар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме» дегендей, екеуміздің әңгімеміз бітпейтін еді. Мен әзілге жақын, ол кісі нағыз ғалымға тән мінезді. Бір-бірімізді толықтырып тұратын едік.
Ол кісі тіл білімінің мықтысы екенін білеміз. Сіз оңтүстіктің қызысыз ғой. Салт-дәстүрге қалай еді?
Ол қалада туған. Саналы ғұмырын қалада өткізген адам. Әкесін НКВД жендеттері алып кеткенде, өмірге жаңа келген 6 күндік нәресте болған ғой. Содан елде, Петропавл қаласында тұрғанын тарихтан білесіз. Аға-апаларының ортасында «әкем жоқ» демей өскен. Петропаволда оқып жүргенде қазақ тілі, әдебиет, тарих пәні ғана қазақша өтіпті. Қалғаны орыс тілінде өткен. Ресейден жер аударылып келген мықты ғалым кандидаттары сабақ беріпті. Содан математика, физика, радиотехникаға әуес болған. Өзі «орысша ойлап, қазақша жазатынмын» деп айтатын. Докторлықты да орысша қорғады. Біз бірге тұра бастағанда ғана қазақша жаза бастады. Біздің оңтүстікте туыстардың бәрін өз атымен атайды. Құда, жекжат, бөле, нағашы, жиен, жеңге, келін дегендей. Жұбановтар әулетіне келгенімде мені үлкендері атыммен атады, кішілері «тәте» дейтін. Кейін үйренісе келе менің "тәте" емес жеңге екенімді айтып жүрдім. Салт-дәстүрді онша біле бермейтін. Менің ауылыма бірінші рет барғанда Асекемді мені іні-сіңілілерім «жезде» деген ғой. Маған келіп «мені жезде деді, бірінші рет мені осылай атады» деп таң қалған. Біз қосылған соң бір жылдан кейін Еңлік атты қызымыз өмірге келді. Қызымыз үш жасқа толғаннан кейін ғана елге бардық. Төркінімнің адамдары басқаша ғой. Ғалым ба, доктор ма, Жұбанов тұқымы ма, бәрібір. Күйеу бала деп көңілді қарсы алды. Ел іші жақсы ғой, ағайындар танысуға қонақ етіп шақырды. Қоржын апару, отқа май құю дегенді көріп, түс көргендей болып жүргенін айтқан. Біздің ауылға барғанды жақсы көретін. Інілерім балық аулауға апарады. Арыс, Сырдария өзендеріне суға түсіп рахаттанады. Менің ұлдарым үйленіп жатқанда қазақтың біраз салт-дәстүрлерін көріп таң қалып жүрді. Келін таңертең сәлем салғанда қысылатын еді. Кейін сәлем салғанша күтіп отыратын болды. Ол туралы әңгіме көп қой...
Көпшілік біле бермейтін қай қыры есіңізде ерекше сақталды?
Жақсы әнді тез танитын. «Слух» дейді ғой. Кезінде Қайрат Байбосыновты «даусың керемет» деп, музыкамен айналысуына көмегін тигізген екен.. Мектеп жасында Мүслима апайдың жетектеуімен 7 жыл скрипка класына барған. Гимнастика, бокспен айналысып, коньки, шаңғы тепкен. Шаңғыдан жарысқа қатысқан. Бәрібір спорт жеңген болуы керек. Екеуміз кезінде таңертең бірге жүгіретін едік. Жасы сексенге тақағанша Шымбұлақ, Ақбұлақ, Табаган деген қысқы демалыс орындарына барып, сырғанақ теуіп жүрді. Қолынан жиһаз жасау да келетін. Үйде жасаған шкаф, орындықтары әлі бар.
20 жылда 20 кітап. Бұл уақытта сізге қиын соққаны не еді? Ғылыми жұмыстары туралы сізге айтатын ба еді?
Мен баспа қызметкерімін. «Атамұра» корпорациясында жұмыс істегеніме 25 жыл болды. Ол кісі 50 жылдан аса Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында жұмыс жасады. Екеуміз қосылғаннан кейін екі жылдан соң докторлық диссертациясын қорғады. Тағы бір жылдан соң профессор атағын алды. Асекем диссертация қорғағаннан кейін ҚазҰУ-ден арнайы «қолданбалы тіл білімі» деген кафедра ашылып, сол жерде алты жыл сабақ берді. Өзі оқыған ҚАЗПИ-де аспиранттарға дәріс оқыды. Екеуміз тұрған жылдары ол кісі сұраған кітаптарды Қазақстаннан таппай Мәскеу, Питер, Минскіден арнайы алдырып отырдым. Студенттерге оқыған лекцияларын өзі жазады. Мен және менің екі ұлым оны компьютерге түсіріп отырамыз. Сол лекцияларын оқулық қылып шығардық. "Компьютерлік лингвистикаға кіріспе", "Формальды модельдер", " Қазақ тілінің статистикасы" атты кітаптары дәріс берген кезде шығарылған.
Әрине, 20 кітап шығарудың қиыншылығы болды. Асекем өте ұқыпты болатын. Әрбір кітабын жіті қадағалап, редактор, корректорларға оқытып, ерінбей еңбек етті. 20 жылда, 20 кітап болатыны атамыздың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты кітабын 2008 жылы 1000 данасын 1 000 000 теңгеге шығардық. Қаржы жағы қиындау болып, кредит алдық. Ол жылдары бұл үлкен ақша еді. Мүслима Жұбанова апамыздың 5 кітабын, Рабиға Сыздықова апамыздың атамыз Құдайберген Жұбанов туралы жазған "Ғалым азамат" кітабын, Асекемнің үш қолданбалы лингвистикаға арналған оқулығын, докторлық диссертациясын, осы ғылымға байланысты мақалалар жинағын, «Қолданбалы тіл білімінің негіздері», «Тіл – қазына» атты монографиясын, «Корпустық лингвистика» , «Синтез тюркской словоформы» (үш авторлың біреуі) кітаптарын шығардық. Оқулықтарын екі рет қайта бастық. Бұлардан бөлек авторлармен біріккен статистикаға, жиілік сөздіктерге арналған бірнеше кітап басылып шықты. Жазда 56 күн демалысқа шығады. 10 күн Ыстықкөл, Алакөл немесе менің ауылыма барып Арыс өзеніне түсіп келеміз. Қалған уақыттың бәрі тек отырып, жұмыс жасау болды.
Шәкірттері туралы айтып берсеңіз?
Шәкірттері көп болған жоқ. Өйткені, Асекеңнің ғылыми жолын жалғастыру үшін тілмен қатар математиканы да білу керек. 6 шәкіртіне ғылым кандидаттығын қорғатты. Бірі Ресей тіл білімінің маманы, ғалым Зинур Сиразитдинов. Ол қазір Башқұртстанда тұрады. Конференциялар болғанда қатысып жүр. Қалғандары филология мамандары. Болат Қалыбеков, Нұржан Нұрлыбаев деген шәкірттерін үйге жатқызып дайындады. Біреуі алты ай, екіншісі үш жылдай жүрді. Оларды да өз баласындай көріп, қамқорлық танытатын.
Қазір ұрпақтары қайда, немен айналысып жүр?
Асекемнің үлкен қызы тұрмыста. Негізі музыка маманы. Қазір екі баласының білімі мен тәрбиесімен айналысып отыр. Солтүстік Кипрде тұрады. Ильяс, Элина атты немерелеріміз бар. Менің Дархан ұлым әкесінің ғылыми жолын жалғастырып жүр. Қазір ҚазҰУ-де қызметте. Екінші ұлымыз Айбек жеке кәсіппен айналысады. Еңлік қызымыз магистр. Әкесінен мінезі де, түрі де соған берілген. Қызымды болашақта ғылым жолына түседі деп ойлаймын.
Екеуара әзілдеріңіз туралы жинақ шығуы мүмкін бе?
Бірге тұрған жылдары айтуға тұратын көп қызық жәйттер болды ғой. Асекем техникаға жақын еді. 82 жастан асып өмірден өтті. 20 жыл бірге тұрған кезеңде тек үйге асығып тұратын. Екеуміз кітапханада таныстық. Мен кандидаттық қорғайын деп жүрген адаммын, ҚазҰУ-ді, АГУ-дің аспирантурасын бітіргенмін. 11 ғылыми мақалам жарық көрген. Біз бірге тұра бастағанда бұл кісі кандидат екен. Докторлығын қорғамапты. Тек аптасына 2 рет жұмысына барып-келіп жүрді. 2-3 айдан кейін «ақыры тақырыбың болса, докторлықты қорға» дедім. Қаржыдан көп қиындық көрдік. Көп еңбекті басып, шығардық. Қағазды да сатып алатын едік. Сондай бірдеңе шығарарда ақшамыз жетпей алтын алқам мен сырғамды ломбардқа өткізіп жібергенім бар. Атамыздың еңбектерін Асекең өзі жинайды. Кітап, мақала шықса презентациясын жасаймыз. Оған келетін адамдарға беретінің бар, дастарханы бар. Оның бәрі оңай шаруа емес. Екеуміз қосылғанда Асекең 3 бөлмелі үйде тұрған. Сол үйде әйелі мен баласы өмірден өткесін, ол жерде қалғысы келмеді. Жаңа пәтерге ақшамыз жетпей 15 мың доллар несие алып, 10 жылдан кейін 31 мың қылып қайтардық. Қиындық көрсек те бір-бірімізге қолдау көрсетуді тоқтатқан емеспіз. Міндетті түрде сенбі-жексенбі күндері аллеяға шығып, бірге қыдыратын едік. Әзіліміз де әңгімеміз де жарасып, таусылмай отыратын едік. Оларды болашақта өзім кітап жазғанда кітапқа тұздық ретінде қосып отырармын.
Сұхбатыңызға рахмет!