"Бәрі бола бермейді бұрынғыдай..."
Жеңешем
Алма ағашы секілді жеміс берген,
Үйдің үлкен келіні, тұңғыш жеңгем.
Сегіз бала өсірген батыр ана,
Бағымызға бұйырған туғыш жеңгем.
Сен биыл боласыңау жыл адамы,
Орындалып халықтың сұрағаны.
Түйелер екі жылда бір боталап,
Сенен қалып қойдық деп ұялады.
Сәбиің ақ сүт емген қасыңдағы,
Мені көріп жасқанып, қысылмады.
Біздер үйде қара шәй ішіп жүрміз,
Себебі жалғыз сиыр қысыр қалыды.
Жыл сайын сол қалпыңнан өзгермейсің,
Біздің үйге тууға келгендейсің.
Ағамның семіздіктен қарыны бар,
Сен сонымен жарысып жүргендейсің.
Медальдің алтынын да, күмісін де,
Ілетін жер қалдыма үй ішінде.
Таң атқанда тұрыңдар елмен бірге,
Тек оянып кетпеңдерші түн ішінде.
Ағам, адам қызығар адам екен,
Жеңгем алтын медальға адал екен
Түн ұйқыңды төрт бөлген балаң емес,
Түнде тыныш жатпаған ағам екен.
Хамитов Саламат
Алматы
Тосып жүрмін бір ғажайып күнді ұлы
Соқса шіркін сол сағаттың сыңғыры
«Ақтөбеден келеді» деп ұлы ақын
Күллі Алматы дүрлігеді бір күні.
Жері жұмақ, мейманына төрі құт
Арман қала дейді екен ғой сені жұрт
Маған арман боп қалмассың түбінде
Құшағыңа тығылармын мені күт
Көз тартуға жарағасын кейпіңіз
Кеңсай жақта тұрса дейміз бейітіміз
Ақын біткен саған барып өлуді
Арман еткен дейді мыс.
Мақсатына жете алмаса ерге сын
Бағаңды өзің бересің ғой көргесін
Өзегінен тебе қоймас бектерің
Сағи менен Өтежанның жерлесін.
Шыдап берсе шабыт дейтін қасқа атым
Шығад шығар менен дағы жақсы ақын
Мен армандап жүре алмаймын өзіңді,
Сені менің мойындату мақсатым .
Десең егер бұл ойыңды ескерем
Ілесуге дап дайынмын көшке мен
Ей, Алматы мен тек сенің ызғарлы
Желтоқсан мен Қаңтарыңнан сескенем .
Керек емес жалған атақ, жалған бақ
Жалпақтайда алмайды екем жалмаңдап
Әлі ақ мені шақырарсың Алматы
Сені қайтем армандап ...
Айбат Бекжан
Ақтөбедегі элегия
Сағыныш салса тыртық із қала ма?
Мен едім бір кездегі қызба бала
Бұрын өткен жып-жылы сәттерімді
Іздеп келдім осынау мұз қалама
Достарымды іздедім таба алмадым
Өткеннен жылы шырақ жаға алмадым
Бос емес қой әйтпесе келуші ед деп
Өзімді тағы алдадым
Бәрі бола бермейді бұрынғыдай,
Қайтеміз бұл өмірдің бұлыңғыры-ай;
Сағыныштан сыздаған мұз жүрекке
Досым-ау, достық мәнін ұғындыр-ай
Көрмеген батырды да жаудан қашып
Уақыт жеңеді екен ғой қалмаң жасып
Бұрынғы біз жүретін көшелермен
Жастар кетіп барады қаужаңдасып
Қаужаңдасып тәтті бір сыр айтысып
Бірін-бірі қағытып сынай түсіп
Ал менің жастығымдай сары жапырақ
Құлады қара жерді жылай құшып
Жеткізгенұлы Рамазан