Әскери оркестрге 25 жыл толды

Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының әскери оркестрінің құрылғанына 25 жыл толды. Мерейлі мерекеде әскери оркестр концерт ұйымдастырып, ыстық ықыласқа бөленді.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Әскери оркестр 1998 жылы 10 қарашада құрылған. Алғашында оркестр құрамында 21 өнерпаз болған. Қазіргі таңда оркестрдің құрамында 17 өнерпаз бар. Оның алтауы әскери адамдар. Әскери оркестрдің өнерпаздары үрмелі және ұрмалы аспаптармен өнер көрсетеді. Оркестрдегі барлық өнерпаздың музыкалық білімі бар.

Оркестр құрылғалы бері түрлі байқауларда бақ сынап, шерулерге қатысты. 2008, 2010, 2013 және 2015 жылдары "Жас Ұлан" әскери ән фестивалінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының әскери оркестрі 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен республикалық "Оркестрлер шеруі" шығармашылық фестивалінде бірінші орынға ие болды. Бұл байқауға Қазақстанның 8 қаласынан оркестрлер қатысқан еді.

2019 жылы оркестр «Сарбаз сахнасы» Қазақстан Қарулы Күштері шығармашылық ұжымдарының жалпы әскери фестивалінде үшінші орын алды. Жыл сайын әскери оркестр қарттар үйіне және балалар үйіне барып, қайырымдылық мақсатта концерт өткізуді дәстүрге айналдырған. Қалалық мәдениет үйінің эстрадалық-джаз үрмелі оркестріне үнемі қатысады.

- Әскери оркестр Ақтөбеде өтетін барлық іс-шараларға белсене қатысады. Алдағы уақытта 1 апта бойы мектептерді аралап, мерейтойымызға орай концерт беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, тәуелсіздік мерекесіне орай қатысатын концертіміз де бар. Негізі айына 2-3 рет концертке қатысамыз, - деді оркестр дирижері Тоқтамыс Үмбетов.

Оркестр 25 жылдық мерейтойда концерт өткізді. Концертте Шәмшінің әндері шырқалып, күмбірлеген күй тартылды. Атап айтар болсақ, Шәмші Қалдаяқовтың "Бақыт құшағында" және Ақан Серінің "Қазақ вальсі"; "Балқадиша" әндері шырқалды. Құрманғазының репертуарындағы «Адай» күйі тартылды. 2008, 2010 жылдардағы «Жас Ұлан» байқауының финалисті Кенжебай Аймурзин «Любовь в Портофино» шығармасын саксофонмен орындады. Сонымен қатар, «X-Factor Казахстан» жобасының 10 маусымындағы қатысушысы Қуаныш Өтегенов Дима Биланның «Я просто люблю тебя» әнін шырқады.


Өнер
14:34, 24 ноябрь 2023
1 818
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив