Погон және парыз
Погон тағып, бір күнге полицей болдым. Полиция формасы сырт көзге әсерлі көрінеді. Бірақ ол киімнің салмағы жай ғана шен емес, үлкен жауапкершілік. Қоғам тыныштығының күзетінде тұратын тәртіп сақшыларының жұмысы тек форма киюмен шектелмейді. Бұл-тәулік бойы тынымсыз қызмет, тәртіп пен төзімділікті қажет ететін мамандық. "Керек.Инфо" тілшісі осы мамандықтың ішкі кухнясын өз көзімен көрді.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
ІІМ бастамасымен ұйымдастырылған «Пагонды журналист» жобасы – журналистерге полиция қызметінің қыр-сырын іштен көруге мүмкіндік берді. Байқау шартына сәйкес, тілшілер полицей формасын киіп, түрлі бағыттағы қызметпен танысып, бір күн бойы учаскелік инспектор, жедел тергеуші, криминалист немесе жол патрульдік полицейдің орнында болады.
«КерекИнфо» газетінің тілшісі ретінде мен де бір күнге учаскелік полиция қызметкерінің рөлін атқарып көрдім. Бұл күн таңғы 9:00-де басталып, кешкі 22:00-ге дейін жалғасты. Таңғы 8:30-да тәртіп сақшылары қызметке жинала бастайды. Күздің салқын ауа райына қарамастан, олар жылы жүзбен, шенін иыққа емес жүрекке тағатындай салмақпен жұмысқа кірісті.Кезекші бөлімге кіргеннен кейін әр полицей жеке қаруын, бронежилет пен бейнекамерасын алады. Бұдан соң тапсырма беріледі. Олар бөлім бастығының күнделікті нұсқауын алып, әрқайсысы өз учаскесіне аттанады. Ақтөбе қаласы ПБ Астана ауданы №2 қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция майоры Дулат Нұрлыбектің айтуынша, бұл бөлім 8 аумақты қамтиды. Оның ішінде 11 және 12-шағын аудандар, Әбілқайыр хан даңғылы бойы, Мәскеу мен Болашақ аудандары, Бауырластар, Сазды, Ибатова бойы және баубақша ұжымдары бар.
Ақтөбедегі ең ірі полиция бөлімі қалай жұмыс істейді?
Жұмыс барысында Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық полиция бөлімінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Облыстағы ең үлкен аумақты қамтитын бөлімде 57 учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді. Дегенмен қазіргі таңда 17 учаскелік инспектордың орны бос. Бұл жұмыс көлемінің ауқымды екенін көрсетеді,-дейді Дулат Нұрлыбек. “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында кез-келген тұрғынның шағымын тыңдау – учаскелік инспектордың басты міндеті. 102 нөміріне күн сайын 70-80 қоңырау келіп түссе, демалыс күндері бұл көрсеткіш екі есе көбейеді. Бұл - бір күннің ішінде жүзден аса түрлі жағдайға араласу деген сөз.Тәртіп сақшыларының айтуынша, қоңыраулар саны аудандардың көлеміне байланысты. Әуе қалашығы сияқты шағын аудандардан шақыртулар аз болса, Алтын орда ауданы-ең көп хабар түсетін аймақтардың бірі. Мұнда оқиғалар да, тұрғындар саны да көп.
Учаскелік полиция инспекторы Жомарт Үсен: «Күтпеген сәттер көп болады» дейді.
№ 12 учаскелік полиция пунктінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Жомарт Мусен бұл салада үш жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында талай шақыртуға барған ол : “Жұмыстың ең қиыны –адам тағдырымен бетпе-бет келетін сәттер” дейді.
- Бірде әкесі баласы үйінің есігін ашпай, телефонын көтермей жатқанын айтып, бізге хабарласты. Айтқан мекенжайға жедел тергеу тобы да келді. Әкесі қосымша кілтін әкеліп, есікті аштық. Үйдің іші қан, жатын бөлмеге кірсек, шамамен 35 жастағы ер адамның мәйіті жатты. Анықтай келе, ішімдікке тәуелді болғанын білдік. Бауыры ісіп, қан құсып, кейін сол қанына тұншығып қайтыс болған,- деп есіне алды инспектор.
Жомарт Мусеннің айтуынша, бұл салада әр күнде жаңа сынақ. Кімді кездестіретініңді, қандай жағдай болатынын ешқашан болжай алмайсың. «Полиция қызметі-тек тәртіп сақтау емес, адамдардың тағдырын тыңдап, көмек қолын созатын жауапты жұмыс», — дейді ол.
Қару тексерісі кезінде…
Учаскелік инспектормен бірге аумақтағы полиция пунктіне барып, оның күнделікті жұмысының бір бөлігімен таныстым. Құжаттардың қалай рәсімделетінін, әкімшілік хаттамалар қалай толтырылатынын, іс материалдары сотқа қандай тәртіппен жолданатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Кейін қару-жарақты тексеру жұмысына бірге шықтық. Белгіленген мекенжай — тіркеуде тұрған аңшының үйі. Үйге кіре берісте қабырғаға жапсарлас үлкен темір сейф көзге түсті. Үй иесі кілтпен ашқан сәтте кенет сигнализация іске қосылды. Бір сәтке селт етіп, «бірдеңе болып қалды ма?» деп аңтарылып қалдым. Сөйтсем, бұл — арнайы қауіпсіздік жүйесі. Қаруды ашқанда дабыл қосылып, қорғау жүйесі іске қосылады екен. Тексеру кезінде үй иесінің атыс қаруы түгелдей құжатпен сәйкестендірілді. Қарудың әр бөлігінде тіркеу нөмірі таңбаланған — бұл да мен үшін алғаш рет байқаған қызық жайттардың бірі болды. Учаскелік инспектор бәріне мұқият көз жеткізді. Қауіпсіздіктің мүлтіксіз сақталуы – осындай елеусіз көрінетін тексерістерден басталатынын сол сәтте түсіндім.
Кешкі тыныштықтың күзетінде...
Астана ауданы № 11 учаскелік полиция пуктінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Дәуренбек Ермағанбет бұл салада 20 жылдан бері қызмет етіп келеді. Кешкі сағат 19:00-де басталатын рейдке дейін тәртіп сақшыларына нақты тапсырмалар беріледі. Әкімшілік аумақтарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, есептегі адамдарды тексеру, қоғамдық орындарды аралау жұмыстары басталады.
- Кешкі уақытта ойын-сауық кешендері, дүкендер мен кафелер, түнгі клубтар тексеріледі. Сонымен қатар 102 нөміріне түсетін шақыртуларға да жауап береміз. Ең көп түсетін хабарлар-отбасылық жанжал. Күйеуі ішіп алып, әйеліне, баласына қол көтереді. Мұндай жағдайлар, өкінішке қарай, жиі кездеседі,-дейді полиция капитаны.
Шартты түрде босағандар — бақылауда
Кешкі рейд кезінде учаскелік инспекторлармен бірге шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан азаматтарды тексеруге бардық. Олар тексеруді ескертусіз, кешкі сағат 22:00-08:00 аралығында жүргізеді екен.
- Айына үш рет мекенжайына барып, үйде екенін тексереміз. Сонымен қатар олар айына үш рет бөлімшеге келіп белгіленіп тұрады. Бұл азамат – алаяқтық бабымен 3 жыл 8 айға сотталған. Қазір шартты түрде босап шықты, үш жыл бойы кешкі уақытта үйде отыруы тиіс. Егер үйінде болмаса, түсініктеме аламыз. Мұндай жағдай үш рет қайталанса, сотқа жолдаймыз, — дейді полиция инспекторы. Кейде шартты түрде босап шыққандар басқа қалаға шығу үшін рұқсат сұрайды. Мұндайда жұмыс орнынан анықтама тапсырып, баратын елдімекендегі полиция бөлімшесіне барып тіркелуі қажет.
“Әр шақырту-біз үшін маңызды”
Учаскелік полицейлердің күнделікті жұмысы тек тексерумен шектелмейді. Жасөспірімдер арасындағы қақтығыстар, үйқамақтағыларды бақылау, тіпті дүкеннен ұрланған темекі мен ішімдік оқиғасына дейін — бәрі олардың назарында.
- Оқу жылы басталғалы жасөспірімдер арасында келіспеушілік көбейді. Әсіресе, ауылдан, өзге облыстардан келген жастар бір-бірін түсіне алмай, жанжалға барады. Бір байқағаным жастар арасында кешірім жоқ. Кішкентай сөз үшін топтасып төбелеседі. Кейбірі өткір затпен келіп, бір-бірінің өміріне қауіп төндіріп жатады. Сондықтан кешке қарай ата-аналар балаларын қадағалау керек,- дейді учаскелік инспектор. Айта кетелік, бұрын сотталған, әлеуметтік жағдайы төмен кей азаматтар көбіне қылмыс жасауын тоқтатпайды. Олардың арасында супермаркеттерден ішімдік, темекі ұрлау фактілері жиі кездеседі.
-Полиция қызметкерлері тұрғындардан “көшеде ит жүр” деген қоңырау түссе де міндетті түрде баруы тиіс. Әр шақырту-біз үшін маңызды,-дейді тәртіп сақшысы.
Қашып құтылмайсың
Ойын-сауық орындарын тексеру кезінде бір қызықты сәттің куәсі болдым. Бізді көре сала жастар жан-жаққа қаша жөнелді. «Полицейлер келді, тез!» деп дабырлап, көзден таса болуға тырысты. Мен де сол сәтте өзімді нағыз тәртіп сақшысы сияқты сезіндім. Кейбір жастар бейқам түр танытып, көзге түспей кетпек болды. Алайда, тәжірибелі учаскелік инспекторлар бірде-бірін назардан тыс қалдырған жоқ. Құжаттарын тексеріп, заңбұзушылық анықталғандарын полиция бөліміне жеткізіп, хаттама толтырды.
Бұл – учаскелік полицейлердің күн сайынғы жұмысы. Кешкі рейд, күтпеген жағдай, жауапкершілік пен қырағылық бәрі осы қызметтің бөлінбес бөлігі.
Түн тыныштығын күзеткен тәртіп сақшысы
Отбасылық жанжал, түнгі шудан мазасы кеткен тұрғын, жоғалған телефон — бәріне учаскелік полиция араласады. Тәртіп сақшысы алдымен оқиға орнына барып, мән-жайды анықтайды.
- Отбасында жанжал шыққан жағдайда алдымен әйеліне арыз жаздырып аламыз. Жәбірленушінің сөзі негізінде күйеуін бөлімшеге жеткіземіз. Бірақ оны тек 24 сағатқа ғана ұстауға рұқсат. Егер денсаулыққа ауыр зиян келсе, онда қылмыстық іс қозғалады, — дейді полиция инспекторы.
Ауыр қылмыс жасағандарға немесе үйінде отырмайтындарға электронды білезік тағылады. Бұл құрылғыны тек полиция қызметкерлері шешеді. Алтын орда ауданы халық тығыз орналасқан, тыныш аудан болғанымен, тұрмыстық мазмұндағы шақыртулар жиі түседі. Көп қабатты үйлерде түнгі уақытта шулау, жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе қатты музыка қосу жиі кездеседі.
- Мұндай жағдайда хаттама толтырамыз. Айыппұл ескертусіз салынады. Бір жылдың ішінде қайта қайталанса, сомасы еселенеді. Ал егер шақырту баланың жылауына қатысты болса, ата-анаға тек ескерту жасаймыз,-дейді инспектор. Тәртіп сақшысы бірде ұялы телефоны ұрланған азаматқа көмектесіп, ұрыны дер кезінде ұстағанын айтып берді. Кейін оны иесіне қайтарып берген.
Тәртіп күзетінде өткен бір күн
Учаскелік инспектор рөлінде өткізген бір күнімде тәртіп сақшыларының жұмысы тек кеңсе ішінде ғана емес, халықпен тығыз байланыста өтетінін анық түсіндім. Таңертеңнен бастап кешке дейін бірнеше бағыттағы тапсырмаларды орындадық.Алдымен үй қамақта отырған азаматтардың жағдайын тексеріп, есепте тұрған адамдардың үйлерін араладық. Әрбір есіктің өз тарихы бар. Ал әрбір кездесу полиция қызметінің жауапкершілігін арттыра түседі екен.Кейін қару-жарақ сақтауға рұқсаты бар тұрғындардың қаруын тексердік. Заң талаптарының орындалуын мұқият бақылайтын тәртіп сақшыларының қырағы назарынан бұл жерде де ешнәрсе тыс қалмайды.Түнгі уақытта учаскелік инспекторлармен бірге ойын клубтарын, дүкендерді аралап, олардың түнгі режимде қалай жұмыс істейтінін бақыладық. Кейбір нысандарда құжат тексеріліп, ескерту берілді.Бір күнге созылған бұл тәжірибе – форма киіп жүрудің артында үлкен еңбек, тәулік бойғы сергектік пен халық алдындағы жауапкершілік жатқанын көрсетті.Міне, осылайша учаскелік полицейлердің бір күні күтпеген жағдайлар мен түрлі қауіп-қатерге толы екеніне көзім жетті.
Облыста 300 учаскелік инспектор, 170 тен аса учаскелік бөлім бар.
Жақында екі учаскелік бөлім ашылды. Олар Мәртөк пен Темірде орналасқан.
Ақтөбе қаласының № 2 қалалық полиция бөлімінде жыл басынан бері 583 кылмыс тіркелді. Оның 100-ден астамын учаскелік полиция инспекторлары ашты.
Жыл басынан бері 102 нөмеріне 22 мыңнан астам әр түрлі хабарлама келіп түсті. Оның ішінде ең көп тіркелгені -отбасылық жанжал.


