Жолдың жауы – ауыр жүк көлігі

Ақтөбе аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1869 шақырымды құрайды. Оның 80% жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері бақылауға шығып, жол құрылысы саласындағы мәселелерді жауапты мекемелерге жеткізген болатын.

 

 

«Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары табанына тас төселген жолдарға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Төменгі қабатын жаңартпай, тек бетіне сылап-сыйпап асфальт төсей бергеннен жол сапасы жақсармайды. Сондықтан орташа емес, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оған қоса орташа жөндеу жүргізген жолдардың төменгі негізі ауыр жүк көліктерінің салмағына төтеп бере алмай, бірер жылдықта салынған жолдар тас-талқан болып жатыр. Ондай трассаларда ауыр жүк көліктері жүрмеу керек. Ал оны қадағалайтын көліктік бақылау инспекциясы өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып отырған жоқ,»-дейді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Мейрамбек Камалов.

 

Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық"  тас жолының тас-талқан болып жатқанын жөнді бақылаудың болмауынан көреді. Ауыр салмақтағы техникалардың қатынасына тыйым салынбағаны да рас. 

 

«Өңіріміздегі "Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық" тас жолының жөнделгеніне 4-5 жыл ғана болды. Күндіз көлікпен ой-шұңқырдан әрең жүресің. Түнде бұл  жолмен жүру өте қауіпті. Жарамсыз болып қалуына негізгі себеп - ""Ақтөбе-Астрахань"  трассасының құрылысы. Ауыр жүк көліктері ол жақтағы қара жолмен айналып өтуден ерініп, осы төте жолмен Атырауға қарай шығады. Ал Болгарка трассасы ауыр техникаға мүлдем арналмаған. Дегенмен, республикалық маңызы бар жол салынып жатқан соң, жергілікті билік те қатынасқа тыйым салған жоқ. Ең болмағанда асфальт асты жері былқып тұратын көктемде ауыр жүк көліктерін жүргізбеу керек еді. Ал оны қадағалайтын көліктік бақылау инспекциясы "жұмған көзін ашпады". «Мүмкін,  осы үшін қызметкерлері пара алады ма?»  деген ой келеді. Егер де жол салып,  оны 3-4 жылда істен шығатынын көріп отырған билік  бірнеше миллиардтаған ақшаны неге жұмсады?  Жұмсаған соң,  оны күтіп ұстауға неге құлшынбайды деген сұрақ туындайды,»-дейді қоғам белсендісі. Жол сапасын бақылайтын инженерлер де ауыр жүк көліктерінің кесірінен тас жолдардың бүлінетінін айтады. Жүк көліктерінің жолмен жүрудің шектік талабы бір бірлікке деп шаққанда 13 тоннадан аспауы керек екен.

 - Жолдар 13 тонна осьтік жүктемеге есептелген - бұл халықаралық стандарт. Бұрындары 8 тонна жүктеме жоғары көрсеткіш болып саналатын. Бірақ тасымалдаушылар қатынас шығынын азайту үшін жүкті шамадан тыс артып алып жатады. Шіліңгір шілдеде 20-30 тонналық техника асфальтпен жүретін болса, жол ойылып қалатынын сөзсіз. Ең бірінші кезекте, ауыр жүк көліктерінің ерсілі-қарсылы жөңкілуіне тоқтау салу керек. Мәселен, жүк салмағын  асырып тиеген көліктерге ұдайы тексеріс жүргізіп, тәртіп бұзғандарына қатаң жаза қолданса, мұның өзі аталған мәселенің оң шешілуіне игі ықпалын тигізер еді. Көлік инспекциясы тарапынан тасымалдаушыларға бақылауды күшейту қажет,-дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының инженері Талғат Бижанов.

 

Әлеумет
00:30, 02 сентябрь 2022
745
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив