Боққа батқан Байғанин

Редакцияға Байғанин ауданы Ноғайты ауылының тұрғыны Зәлжан Сүйеуов хабарласып, ауыл тұрғындарының тілегін жеткізді. Ақсақал ауыл шетіне тиіп тұрған қоқыстың мәселесін көтерсе, тұрғындар ауыз судың орынына қара судың аққанына налиды.

Арайлым ҚАСЫМ

@araikassym

72 жастағы ақсақалдың айтуы бойынша ауылдың шығысы мен батысын қоқыс басқан. Тұрмыстық қалдықтардан бастап, мал терісі, өлекселер, малдың қысқы азығының қалдықтарына дейін ауыл шетіндегі үйлерге тиіп тұрғанға ұқсайды.

- Қоқырдың жатқанына он шақты жылдан асты. Бұрындары тегістеліп отыратын. Ондай жұмыс жасалмағанына қателеспесем 2 жылдай болған шығар. Желмен сасық иіс те күл-қоқыс та үйімізге дейін келіп тұр. Ол деген антисанитария ғой. Ауру шықса кім жауап береді? Жанымыз ашығаннан осы тақырыпты көтеруге тура келді. Әкімдік шара қолданып жатқан жоқ. Халық не істерін білмей жыларман болып отыр. Үйдің алдына шықсаң шіріп жатыр. Басшылықтың қолында билік болғасын пана сұрап, барсақ «жасаймыз» дейді. Ол қашан жасалатын жұмыс? Ойнап жүрген балалар ауру жұқтырып алса ше? Соңғы нүктеге келгесін айтуға тура келді,-дейді Зәлжан Сүйеуов.

Мәселеден ауылдық округ әкімі Сырым Құлбатыр да хабардар екен. Ауыл сыртында қоқыс төгуге арналған полигон бар. Бірақ тұрғындар ол жерге бармай ауылдың сыртына шығып қалдықтарын тастай берген. Бұны әкім:

- Ауыл айналасындағы қоқысты көріп жүрмін. Бір өкініштісі оны шығаратын ауыл тұрғындарының өздері. Полигонға апармай жақын жерге төге салады. Ол ұшып, ит-құспен ауылға қайта кіреді. Ол кісілерге ыңғайлы болу үшін, екінің-бірінде қалдық шығаратын көліктің жоқ екеін ескеріп полигон жақын жерден жасалған. Сонда да ауылға жақын жерге төгіп жатыр. Негізі айыппұл салу да қарастырылған. Бірақ ауыл адамдарының бәрі бірдей өндірісте, завод, фабрикада жұмыс жасап, ақшаны күреп тауып жатқан жоқ. Күнін мал бағып көріп отырған адамдар. Түсіністікпен қарауға тырысып жүрміз. Әр тұрғын саналы түрде өз жерінің тазалығына мән бергені дұрыс. Учаскелік инспектор екеуміз оларды үнемі бақылауда ұстап отыра алмаймыз,-дептүсіндірді.

         Көктемгі тазалық жұмыстары кезінде қоқыс төгетін шұңқырдың іші суға толып тұрғандықтан ішіне түсу мүмкін болмаған. Сондықтан, әкімдік ауыл ішіне жыл бойы тазалық жұмыстарын жүргізе береміз деп отыр. Ал ауыл шетіндегі қоқысты тегістеу үшін Байғанин ауданында жұмыс жасап жатқан «СИНЕ МИДАС Строй» ЖШС-нен техника сұрап қойған.

- Әкімдіктің балансында жүк техникасы жоқ. Компаниядан бульдозер сұрап, келісіп қойдық. Бірақ олардың негізгі жұмыс күші округ аумағынан алыста болғандықтан техникасын келісілген күні бере қоймайды. Біздің басты міндетіміз тұрғындарға түсіндіру. Қит етсе айыппұл салып, ауылдың берекесін алғымыз келмейді,-дейді Сырым Құлбатыр.

Құбардан қара су ағып тұр

         Ноғайтылықтарды алаңдатқантағы бір мәселе ауыз суы. Ауыл тұрғындарының кейбірі ауыз су құбырынан қара судың ағып тұрғанын айтады.

         Орталық скважина арқылы келіп құбырдан аққан судың қара түске боялуына судың ішіндегі топырақ іспеттес ұсақ қоқырдың болуы себеп. Бұл қиыршықтың құрамында не бары тұрғындарға белгісіз. Ауыл адамдары су тазарады деген оймен далаға сағаттап ағызып қоятынын айтады. Десе де, суды сыртқа айдағаннан пайда болмай отыр.

         Айта кетейік, Ноғайты ауылының жерасты суы алпысыншы жылдардан бері Атырау облысындағы жиырма мыңға жуық адамды ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Алайда, ауылдағы теміржолдың бір жақ бетінің тұрғындары мемелкеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы берілетін арзан, сапасыз суды тұтынуға мәжбүр. Бұл сұраққа Ноғайты аулының әкімі:

- Ауыл темір жолдың арғы-бергі берті болып екіге бөлініп жатыр. Бір жағы теміржолдан  су алады. Ол судың бағасы шамамен кубына 130-140 теңге. Ал екінші беті «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кубы30 теңгенің суын тұтынып отыр. Бағдарлама арқылы беріліп отырған судың скважинасын бүгін ғана қоғамдастықпен бірге тексеріп қайтық. Скважина бүлінбеген. Әр үйге барып тұратын құбырдың бойынан болуы мүмкін,-деп жауап берді.

Ауылда тұрмайтын әкім

Ауыл әкімінің сайланғанына екі жылдан асса да Ноғайтыға көшіп келмеген. Ауыл адамдары Сырым Құлбатырдың көршілес Жарлы ауылынан қатынап жұмыс жасап жүргенін айтады.

Ауыл тұрғыны Зәлжан Сүйеуов:

- Жасаған жұмысын жоққа шығаратын ойым жоқ. Ол адамда ала алмай жүрген өшім жоқ. Бірақ, әкімнің екі ортада жүріп жасаған жұмысы қайбір мардымды болар дейсің? Ақылға сыймайтын нәрсе. 30 шақырым жерде отырып ауылды қалай басқарады?-де налиды.

Бұл туралы Байғанин ауданы әкімдігі Ноғайтыда ауылдық окург әкімі үшін 2016 жылы бюджет қаржысынан қызметтік тұрғын үй тұрғызылғанын айтты. Қазіргі танда үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

- Жылу жүйесін жасауға да қосымша қаржы қарастырылуда. Тиісті жұмыстар аяқталған соң жергілікті жерде тұру мәселесі шешілетін болады. сырым Құлбатыр жұмыс күндері Ноғайты ауылындағы ағайындарының үйінде болып, сенбі, жексенбі күндері Ноғайты ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан Жарлы ауылына қайтады,-деді аудан әкімінің баспасөз қызметі.

«Канализация суын жолдарға төкті»

Зәлжан Сүйеуов жол салып жатқан түрік компаниясы кәріз суын щебень үстіне төгіп, кейін ол тастарды асфальт салуға пайдаланады дейді.

         Байғанин ауданының жолына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «СИНЕ МИДАС Строй» компаниясының лас суды төгіп жүргенінен ауыл тұрғындары да хабардар. Компания жұмысшылары бұл әрекеттеріне рұқсат берілгенін айып ақталған. Ал ауыл әкімі:

- Компанияның уақытша жалға алған территориясындағы өздері пайдаланатын щебеньге септік суын фильтрден өткізіп төгіп жатқаны рас.  Ноғайтының территориясында септік суын төгетін жер қарастырылмаған. Ал щебеньді пайдаланбас бұрын бәрі-бір үстіне су шашады. Септік суын фильтрлегендіктен ешкімге зияны жоқ,-деп жауап берді.

 

Әлеумет
11:30, 13 июнь 2022
1 823
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив