Қазақ әдебиетінің "кенжесі"
Қазақ әдебиетінің «кенжесі»
Қазақ әдебиетінде комикс саласының кенже қалғаны жасырын емес. Бүгінде миллиардтаған табыс тауып отырған Марвелдің фильмдері кезінде комикс болған. Ал әлем елдерінен ондаған жыл алда жүрген жапондар мен кәрістер сүйікті мангасының жаңа санын алу үшін ұзын-сонар кезекте тұруға әзір. Бүгінде дамыған елдердің идеология құралына айналған комикстің ерекше сериясын шығаруды Астанадағы әріптестеріміз қолға алған. Ақын, жазушы, тележурналист Азамат Әбілқайыр жоба туралы айтып берді.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Комикс – идеология
Комикс жанры қазақ әдебиетінде өте кенже қалған. Сол олқылықтың орынын толтыру мақсатында, қазақ спортшыларын насихаттайық деген оймен осы істі қолға алдық. Біз спортшыларымызды алтын әкелсе ғана төбемізге көтереміз. Оның сол шыңға шыққанға дейінгі қиындығын, олимпиадаға дейінгі мансабын, кездескен кедергілерін айта бермейміз. Біз балаларға жалпы жетістікке жету оңай емес екенін жеткізгіміз келді. Әлі дамыту керек жанр. Ешқашан комикске тек балаларға ғана керек контент немесе жанр деп қарамау керек. Осы дүниені қолға аларда көптеген мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар мысқылдады. Бізден әлдеқайда дамып кеткен елдер Оңтүстік Корея, Жапония, Америка, Түркия, Ресейде бала түгілі ересектер де күтіп жүріп оқиды. Бұл тек спортты емес ғылымды да төл мәдениетімізді де тарихты да басқаны да әдебиетте насихаттайтын бірден-бір құрал. Мемлекет мәдениеті қазанының бір құлағын ұстап отырғандарды осы жанрға көңіл бөлуге шақырамын.
Мен комикс жанры туралы ойланып жүрген кезде Аслан Қаженов осы идеяны айтқан еді. Елге белігілі спорт журналисі, үлкен ойындарда, халықаралық чемпионаттарда болып, сол жердегі спортшылардың еңбегін көзімен көрген адам. Париж олимпиадасы кезінде де ақпарат таратты. Дәл қазір Қытайға кетті. Тек спорт журналисі деп айтып қоюға болмайды. Марқұм Амангелді Сейітхан ағаның идеясына, аманатына адал болып жүрген, санаулы шәкірттерінің бірі. Айтары бар азамат, тіл жанашыры. Кезінде спорт жаңалықтарын орыс тілінен аударып алып жүргенімізді білесіздер. Соны марқұм Аман аға “қазақша шығарамыз, басқалары бізден аударып алсын” деген еді. Қазір Аслан сол тілегін орындап жүр. Спортқа ғана емес, әдебиетке, мәдениетке жанашырлығын көрсетіп жүргендердің бірі. Жазуға жауапты мен болсам ол идеяның авторы. Осы жобаның іске асуынан бастап, оқырманға жетуіне, таратылуына дейін атсалысты. Әріптесім жазда Парижге барып, сол жақтан хабар таратқан еді. Ақ тер, көк тер болып жеңісті сарапқа салған спортшылардың еңбегін көзімен көрді. Елге келгесін идеясын ортаға салды.
Қалай жазылды?
Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов, күміс жүлдегерлер Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай, қола жүлдегер Назым Қызайбай және спортшыларға ерекше қолдау көрсеткен Генадий Головкин мен чемпиондар туралы 5 кітап шықты. Спортты емес спортшылардың балалық шағын, осы жолда көрген қиыншылықтарын көрсеттік. Бірақ бұл кітап тек қиыншылықтан тұрады деген сөз емес. Комикстердің негізгі аудиториясы балалар болғандықтан міндетті түрде психологпен кеңесеміз. Мысалы, Назымның ер балалармен шекісіп қалатын тұсын өзгертіп ұсындық. Өйткені психолог зорлық-зомбылыққа қатысты ештеңе болмау қажеттігін мықтап ескертті. Біз ол тұста Назымды ер балалармен бәстесіп, пенальти теуіп, турникке тартылып басым түсетіндей етіп көрсеттік. Алған алтын мен күмістің артында белес бар екенін, оған дейінгі халықтың өсегі, адами факторлар, кедергі болған жайттарды жазып шықтым. Шынайылыққа негізделіп жазылды. Бәрін керемет етіп көрсеткен жоқпыз. Балаларға ештеңенің оңай еместігін жеткізгіміз. келді.
Бірақ спортшыларды супермен емес пенде етіп көрсеттік. Демеу Жадыраев алғаш халықаралық жарысқа барғанда аяқ киімі болмай шұлықпен күрескен. Осындай детальдар арқылы халыққа жақын еттік. Жазу барысында бапкерлерімен, өздерімен үнемі байланыста болдық. Сұхбаттарын да қарадық. Өзіме өте қызық болды. Назымды жазғанда “Ninety One“ тобының “Сеньорита” әнін тыңдап отырдым. Біртүрлі естілетін шығар. Бірақ Назымның бойында нәзіктікпен қатар қайсарлықтың ұшқыны бар. Жазу барысында адамның шынайы бейнесін беруге тырыстық.
Бала кейіпкерді тануы керек
Суретшілерден де айнытпай салу талап етілді. Батырларды бейнелегенде сақал тағып, сауыт кигізіп, қолына найза береді де атқа мінгізіп сала береді ғой. Бұл жолы кейіпкер өткен ғасырдың адамы емес. Бала қасымызда жүрген адамды көргенде тануы керек. Комиксті Батыр, Айсұлу, Аружан есімді суретшілер салып шықты. Отандық суретшілер, қазақ балаларының басын біріктіре отырып туындыны жарыққа әкелгенімізге қуаныштымыз. Суретшілер өте көп те аз деп те айта алмаймын. Тек басы бірікпей жүр. Олай дейтінім, комикс жанрын қолдау, мемлекет тарапынан бір ізге салу болмағасын әркім өз бетімен жан-жақта, демеуші қаражатымен жүр. Әрине, өз еңбегін сата білу — нарық заманында қалыпты жағдай. Десе де база қалыптастыру керек деп ойладым. Ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды.
Алматыда “Балдырған”, “Ұлан”, “Айгөлек”, баяғы “Жыл -он екі ай” сияқты журналдарда мықты-мықты суретшілер отыр. Біз соларды қолмен өтліріп отырмыз. Өйткені көптеген мемлекеттік медиаға бөлетін қаржы сайтарға кетіп жатыр да, балаларға арналған журналдарға там-тұмдап қалғаны ғана түседі. Айлық та аз. Содан суретшілер жан-жаққа кетеді. Суретші іздеп, “Балдырғанға” да басқаға да шыққанмын. Жасы 50-60-қа келген аға-әпкелеріміздің айлығы аз екеніне сөйлескеде көзім жетті. КСРО мектебінен қалыптасқан мамандарды бағалап, жарыта алмай отырмыз. Ресейде карикатура, иллюстраторлар жақсы табыс табады. Біз де көмектесуміз керек. Өйткені мұның артында үлкен идеология жатыр.
Балалар шығармасы сөреде қалмауы тиіс
Бүгінде балалар әдебиетіне мемлекеттен қолдау бар. Тек мүшайра, байқау өткізіп, жүлдегердің кітабын басып шығарумен шектелудің қажеті жоқ. Апарып сөреге қойып тастайтын таптаурын ғұрып қалыптасқан. Ол дұрыс емес. Жүлдегерлердің ең жақсыларын анимация, мультипликацияға айналдырып ұсыну қажет. Қазір ақпарат заманы. Бала әлеуметтік желіден, түрлі платформалардан көптеген ақпаратты алып отыр. Дамыған елдердің бәрі әдебиетке қарайтап отырады. Одан асып әдебиетті киноға айналдырып жатыр. Бізде де жазылған шығарманы автор режиссерлерге беріп, баланың көз алдына әкелу керек. «Бала әдебиет оқымайды» деп балалардың атынан шешім қабылдай алмаймын. Дегенмен қызығушылықты осылай арттырамыз. Анимация, комикс арқылы ұсыну керек. Ересек сіз бен біздің өзіміз кітап оқып отырып, жаба саламыз. Ал ол бала ғой. Қазір кеңес үкіметі емес. Кешегі Кеңес заманында да суретсіз кітап бермеген. “Аққу, шортан һәм шаян” шығармасының қасына салынған арбаны үш жаққа тартқан үшеудің суреті әлі күнге көз алдымызда. Енді жасанды интелект келді. Ол да көмек. Біздің комикстен бір бала шабыттанып, көк байрақты көтерсе біздің миссиямыздың орындалғаны.
Балаға да ата-анаға да берері бар
Назымның жаттығуға барғысы келгенде 1500 теңге таба алмағаны, Нұрбектің Астанаға көшіп келгендегі әлеуметтік жағдайы жазылды. Қазір де кішкентай Демеу мен Елдостың бір жерде қиындық көріп жүруі мүмкін ғой. Осы арқылы жас спортшыларға “қазір сендер көріп жатқан қиындықты бұрын чемпиондар да көрді” деген месседжді жеткізгіміз келді. Сонымен қатар ата-ананың, бапкерінің қолдауы, ауызбіршілік, ұрпақтар сабақтастығы сияқты маңызды ойлар да айтылған. Комикс тек балаға арналған десек қателесеміз. Ата-анаға да берері мол. Оны оқыған, балам чемпион болсын, жалпы бір мамандықтың шыңына шықсын деген ата-анаға пайдасы тиер деген ойдамыз. Қай салада болсын жетістіктің тәртіп пен дисциплинамен келетінін жеткізуге тырыстық.
“Балапанды күзде сана”
Бұл жерде табыс тауып, ат шағыру, атақ алу деген ой мүлдем жоқ. Аслан Қаженов екеуміз балалар әдебиетіне үлес қосқымыз ғана келді. Айта кету керек, бұған дейін балалар әдебиетінде тірі тұлғаны комикс ретінде жазу болған жоқ. Кітапты шығарып жатқанда өрт сөндіруші, орманшы, ғалымдарымызды, жұмысшы мамандықтарды көбірек насихаттау керек екен ғой деген ой келді. Тоқтар Әубәкіров, Бахтияр Артаев ағаларымыз комикске сұранып тұр. 3-4 баланы өрттен алып шыққан өрт сөндірушіні, су тасқыны кезінде Атырауда көмек көрсеткен Пішөн есімді итті де жазуға болады. Осылар арқылы халықтың ауызбіршілігін көрсету өзімнің жоспарымда бар.