"Күнде сәлем күтемін"

Жомарт БАЙМҰҚАН

Туған күн

Ойларым көп қағазға төгілмеген,

Кейде...

Кейде шүкір етем де көңілденем.

Кейде кірпік ілмеймін, сен секілді,

Апа, осы екен ғой өмір деген.

 

Бір күн сайран салады күзгі уақыт,

Күн батады қызарып бізді уатып.

Дауыл соғып өтеді, дауыл соғып,

Мұнарасын өмірдің шын құлатып.

 

Уақыт ұтып алады бәрімізді.

Апа сенің жайдары жаның ізгі.

Мен сеземін күні ертең алдымыздан

Бақыт күтіп алады әлі бізді.

 

Ойландырып батқан күн атқан таңы,

Орындалар ұлыңның тәтті арманы.

Апа...

шыным тағдырдан қорқып қалғам.

Әкем үлкен ауылға аттанғалы.

 

Апа..

мен қорқа берем жыл айналса,

Сала алмайды жүзіңе шырайды онша.

Дәл қазіргі  қалпыңды сақтай тұршы,

Менің тоғыз ұрпағым тыңайғанша.

 

Туған күн неге тез - тез келеді екен.

Келеді екен,тойлану керек екен.

Сіз көңілді жүріңіз.

мен  әйтеуір,

бөленем күйге бөтен.

 

Ойларым көп қағазға төгілмеген,

Кейде...

Кейде шүкір етем де көңілденем.

Кейде кірпік ілмеймін сен секілді.

Апа осы екен - ау өмір деген.

 

Апам барда бала боп қала берем,

Аңқаулау келеді ғой бала деген.

Туған күн деп жүрем де

 жылда осылай,

Уақытқа

аланып қала берем.

Уақытқа алданып қала берем

 

АРЫЛУ.

...Сағыныш мені таласа келіп,

Күнім еңкейсе қарашаға еніп.

Аттанып кетем ауылға қарай.

Аспаннан жұлдыз тарата беріп.

 

Таңдайыма кеп талғам бұрынғы,

Әкем дарытқан, жалғанды күнгі.

Бітіміне қарап танимын сосын,

Ақтанау айғырдан қалған құлынды.

 

Селеулеп қана сыз берсе таңым,

Желге жайылып, түзге өрсе сағым.

Аралап кетем дархан даламды,

Қойынымда бір күлше наным.

 

Жалғанның мына жұмағын көрмей,

Тайғанақ тағдыр тұрағын бермей.

Қол жайып ұзааақ қорымда жүрем.

Әкем қасынан ұзағым келмей.

 

Кеудемнің қатқан кілтін ашқанда,

Көзімнен моншақ іркіп аспанға.

Ілкіден бір ой қозғайды келіп,

Көзім шалдырсам құлпысатарға.

 

Тағы бір көріп түлкі жалғанды,

Санама оны түртіп алғамды.

Бетімді сипап әкбәрімді айтам,

Үш рет оқып құлхуалламды.

 

Толқыны асау теңіздей терең.

Телқара шешем,

мені іздейді екен.

Әкем мал баққан жер еді ғой бұл,

Әйтеуі...    елегзи берем.

 

Сәресі бітіп, күлгенде күнгей,

Көбесі кетіп көңілде бір күй.

Ақтарам келіп ақ тамақ өлең,

Өмір-ай, өмір,

өмір – деп ылғи.

 

Арылып мына күәһар күйден,

Шерді қалдырып жүз атан түйген.

Тазартып болып тозаңын жанның.

Тау кесе айран сұратам үйден.

 

Күн жамбастаса қыратқа барып,

Ауылға қайтам, жыраққа барып.

Алдымда тұрад ақтанау құлын.

Екі аяғын суатқа малып.

 

Күнде сәлем күтемін Ырғыз жақтан

(Күнде сәлем күтемін Нұра жақтан,

Серік Сатановтың ізімен)      


Күнде сәлем күтемін Ырғыз жақтан,

Күнге құрық тұрмайды жылжып жатқан.

Ен далаға еркелеп жатқан шығар,

Ерке өзен жағасын жыңғыл жапқан.

 

Жатқан шығар ақ көбік аспанға атып,

Аттандатып жүруші ем аттандатып.

Жайлайтын ем жағаңды, жайнайтын ем,

Дүниеде сол екен тапқан бақыт.

 

Ақ толқын, ақ маржан боп тізіліп қап,

Кім мендей толқыныңның үнін ұқпақ.

Балпаңдап балалығым жүрген шығар,

Тереңіне құлаштап жүзіп ұрттап.

 

Күт мені!

асау толқын алысқалы,

Жетемін жалың құшып жарысқалы.

Айдының аймалайды түсімде ылғый,

Қайтейін, қамыт тірлік қалыспады.

 

Ой Ырғыз, ой - хой Ырғыз алтын аймақ,

Арнаңнан алыстағам тағдыр айдап.

Бір келдім, мына өмірге бір кетемін,

Жырларым қалса болды жағаңда ойнап.

 

 

Дала суреттері

Кезім еді жабағы мініп ес білген,

Әжем отыр, ыңылдайды ескі үнмен.

Көкжиекке бара жатты күн құлап.

Сарыобаға сағымданып кеш кірген.

 

Тақымыма тай мініп тағалаған,

Ұзақты күн ойынға қарамаған.

Кештерде көп жүруші ем тамашалап,

Бар ғажабын ұсынса дала маған.

 

Күн аптабын өткеріп, салқындаған,

Патшағарлар сауықтан тартынбаған.

Қыр басына жиылып қариялар,

Домбырашы баладан ән тыңдаған.

 

Бораншының ырғалып толқындары.

Күн сәулесін тербеді бұлқынбады,

Қанатты екі ғашық айдында жүр,

Осы араның еркесі сылқымдары.

 

Алтын шашы айдынмен абаттасып.

Күн қыр асты аяғын санап басып.

Екі ғашық беттеді ұясына,

Сызылып, сұңқылдасып, қанаттасып.

 

Осы сәтте мал келіп өрісінен.

Қарт бақташы,

Қоржыны түгесілген.

Бораншының суына бір батырып,

Қайта киді қалпағын тері сіңген.

 

Отары мен табыны жағаласып,

Ызы-қиқы шу болды табан асты.

Торғайдың суатынан үрке шығып,

Бір топ киік Батпақты барады асып.

 

Ғашық едім осындай кештерге мен,

Құлын уақыт құйғытып дес бермеген.

Әр нәрсеге қызыққыш балалық - ай,

Қолда барда қадірін ескермеген.

 

Қалғандай самала кеш әрі ескіріп,

Шалдар да жоқ отыратын кеңес құрып.

Көз алдымда мың сурет құбылмайды,

Домбырашы баланың үні естіліп.

 

Жыр аңсау.

Есенбай Дүйсенбайұлына.  

             

Бозтарғай менен боз дала,

Боз ала таңды атырып.

Оралар ма екен бозбала,

Боз белден шабыт шақырып.

 

Жемнің де асау ағысы,

Бұйра құмдары шөлдеген.

Арғымақ жырдың арысы,

Келмесін білген.

Сенбеген.

 

Боз жусан иісі аңқитын,

Бесігі болған белдері.

Жыр болып жанып тербейтін.

Боз бала бірақ келмеді.

 

Қалдайбектегі қараша үй,

Жарқамыстағы көшелер.

Шертіпті уақыт неше күй,

Өтіп те кетті нешелер.

 

Бозторғай барып аулаққа,

Белдерге мұңын шағатын.

Жыр іздеп келер шарбаққа,

Қамшылап алып қанатын.

 

Таңдарда әнін үзбейтін,

Сілкініп үнге дала дүр.

Ақынын аңсап іздейтін,

Бозторғай жыр сен аман жүр.

 

Ауылға қайтамын.

Сарыобаның көрінетін белінен,

Нұра деген бір ауылдан келіп ем.

Қала мынау дүрбелеңі шаршатты.

Сол ауылға қайтам шығар тегі мен.

 

Тобылғы сай, толқып аққан Торғайым.

Төсіңді еміп тысқа кетсем оңбайын.

Бораншының жағалауын жамбастап,

Байтағымды.

Байлығыңды жырлайын.

 

Күтіп жатыр Телқара да тентегін,

Көтерілсе еңкиеді келте күн.

Мен ауылға қайтам бір күн асығып,

Керіп алып сағыныш жыр желкенін.

 

Ырғыз жатыр, сол баяғы жылы ағыс,

Қарғалының бұлты болып жылағыш.

Сары даламның шөлін жырмен басар ем,

Сонан артық  таба алмаспын жұбаныш.

 

Тас көшелер тастан бетер көңілдер,

Туған жерін сүйіп өсед тегінде ер.

Сары далама барып жабам жыр кілем,

Өлең деген құдіретті сосын келіп көріңдер.

Өнер
16:30, 18 февраль 2025
562
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив