"Менің мақтанатын жөнім жоқ"
Ол бір әңгімесімен өзін мойындатқан жазушы. Ол өмірін сықақ әңгіме жазып, көпті күлдіруге арнаса да өзін бақытсыз санайтын адам. Ол физика-математика пәндерінің мұғалімі. Ол қалам ұстаса да Алматыға асықпаған санаулылардың бірі. Ол сатирик. Ол – Төрежан Мәндібай.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Көпшілік сізді «Гипертония» деп танығаны рас па?
Мен физика-математика факультетін бітірген адаммын. «Жазушы болам» деп ойлаған емеспін. Әуезовтің «Абай жолын» оқығасын қара сөздің тіптен қиын екенін түсіндім. Одан бұрын өлең жазып жүрдім. Ол барлық баспаға шығып жүрсе де мен өзімді ақын сезіне алмадым. 1 айда 1 өлең шығаратын едім. Ол болмайды ғой. Өзімнің ақын еместігімді түсіндім де жылы жауып қоя салдым.
35 жасқа қараған күні түнде, таң алдында, басыма бір қайдағы жоқ әңгіме келді. Ол кезде давление деген ауру жоқ. Болса да сирек, мыңнан бір кездеседі. Содан «Гипертония» деген бір әңгіме ойда жүрді. Бұдан ештеңе де шықпайтынына сенімді болдым. Іштей, «ақын болам деп бола алмадым, енді жазушы болам деген болмас» деп жүрдім. Жазған жоқпын. Бірақ бар нәрсе адамды ұйықтатпайды екен. Жаңағы әңгіме ойымда пісіп, жетілді. Амал жоқ, жетілгесін отырдым. Көптен ойланып жүрген затым болғасын оңай шықты.
«Жас Алаш», «Ақтөбе» тағы біраз газеттер баспай қайтарып жіберді. Аудандық газет жартысын ғана басты. Әңгіме деген мақала емес қой. Бір сөйлемін алып тастасаң мағынасы түсініксіз болып қалады. Әр жерге жібердім, қайтып келе берді. Ол кездің адамдары былай. Келген хаттың бірден авторына қарайды. Автор таныс болмаса кері қайтарады екен. Олай етпесе де болмайды. Өйткені, «Лениншіл жас» газетіне күніге 320-ға жуық хат келеді екен. Айналдырған 4-5 адам оқып шығып, оның бәріне жауап беруі керек. Оңай емес. Сөйтіп, мен әңгімемді «Жалынға» жібердім. Ол кезде «Жалынның» жайнап тұрған кезі. Онда Дулат Исабеков, Ибрагим Иса, Төлен Әбдіков үшеуі отыр. Тұманбай Молдағалиев редактор. Хаттың басына «5-6 сөйлемін оқымай жауап қайтармауларыңызды сұраймын» деп жаздым. Олар оқыпты. «Мәндібаев жолдас, әңгімеңіз тамаша. Жақында басамыз» деген хабар келді. Үшеуі де кермет сауаатты адамдар ғой. Қаңтарда әңгіме жарыққа шықты. Бір әңгімеммен жазушы болдым да кеттім. Бір әңгімемді оқығандар мені «жазушы» деп таныды.
Әр заманның басты саясаткері туралы жазуға не итермеледі? Сіз кеткен соң шығатын қандай кітап? Сіз оппозиционерсіз бе?
Қазір не жазып жүргенімді ұмытып та қалдым. Бірақ саясаткерлерді жиі жазатыным рас. Назарбаев туралы 40, Сталин туралы 1, Ленинге 1, Хрущевке 18 әңгіме жаздым. Хрущевтің айтқандары сықаққа келеді де тұрады. Публицистика етіп газетке беруге болады ғой. Назарбаев туралы 25 жылда 40 әңгіме жаздым. Осы кісілер саясаттан кеткесін басылады. Мені оппозиционер деуге келмес. Мен халқымды қорғаушымын. Менің жан-дүниемді босататын нәрсе халықтың тыныштығы. Совет үкіметі кезінде 2 кітабым жарыққа шықты. Ол уақытта үкіметті мақтаған бір шығармаң бірінші бетінде тұрмаса кітабың шықпайды. Ал мен мақтай алмаймын. Содан кітаптарым қысқарып шығатын болды. Орталық комитет пен КГБ «үкіметті құлататын сөздерді» теріп алып тастайды. Менің бір әңгімемде: «Студенттің тамағы мен киімі уайым болудан қалып, студенттің кассаға ақша жинағанын көрдіңдер ме?» деген сөзім болды. Соны бірден алтыншы қабаттағылар көріп, алдырып тастапты. Біраз сөз кесілгесін бір кітап онша шықпады. Екіншісі Горбачевтың «Қайта құру» заманына тап болды да дым өзгермей өз қалпында шықты.
Цензурамен қалай күрестіңіз?
Цензура деген шынында да қиын болды. Онымен жалғыз мен күрескен жоқпын. Барлық шығармашылық адам бірге күресті. Мұхтар Мағауин бір кітапты орталық комитетпен осы үшін айтысып өткеніне арнаған. Тәуелсіздіктен кейін ойыңда бардың бәрін жазасың. Қазір цензура жоқ. Совет үкіметін қалай көрсетсең де жолың ашық.
Әңгімелеріңіздің прототипі кімдер?
Бір жылы Талдықұм деген жердегі жұмысымнан ауылға, Тоғыз совхозына бардым. Сықақшы дегеннің сөзін ауыр алмау керек қой. «Махаббат минөті» деген әңгімедегі образдарды солардан алып едім ғой. Бәрі өкпелеп жүр. Ол әзіл ғой, қоғамда бар. Бірақ «анау мен» деуге келмейді. Крыловтың шығармаларын білесіздер ғой. Мысалдарының әр сөзі орыстың мақалына айналып кетті. Оған өкпелеуге болмайды. Кереметтігі сонда. Ауылдағылар көңілдеріне ауыр алып, ренжіп қалыпты. Математика, орыс тілі, географ дегендер әңгіменің қалай жазылатынын түсінбейді. «Қас қылып жүр ме?» деп өкпелейді. Әр адамның бір қасиетін аламын ғой. Адам өкпелейтін нәрсе емес. Адам бойындағы ерекшелікті көрсетемін. «Мынау маған ұқсап тұр» деп өздерін таныпты. Танығанда да образды беруім керек.
Мойындағандар көп, мойындамағандар ше?
Мен 35 жасымда жаздым. Жазушы боламын деген ой жоқ.Оразбек Сәрсенбаев деген жазушы кісі бар еді. Обырдан 40 жасында о дүниелік болды. «Қазақ әдебиеті» газетіне «Көптен бір жақсы әңгіме оқи алмай, шаршап жүр едім. Сенің әңімеңді оқып, демалдым. Биылғы жылдың ең күшті әңгімесіне ұсынамын» деп жазған. Ол кезде сол бір әңгімеден басқасын жазғаным жоқ. Соны күйттеп, арты қалай болар екен деп жүрген кезім ғой. Ол кезде Жазушылар Одағының билетін 2 кітап жазғандарға ғана береді. 1 шығарма жазғандарға билет жоқ. Бұл әңгіме менің мазамды кетірді. Әлгіні жазбасам ауыратын сияқтымын. Амал жоқ жаздым. Іштен шығатын жақсы лебіз, оны ұстап тұра алмайсың. Қалай да шығу керек. Мені Құдай жасады. Басында ауылдың мұғалімдері менің жазғанымды қызғанып, «өліп» қала жаздады. Олар өздері жазушы емес қой, неге қызғанады?! Нұрлыбек екеуміз бір-бірімізді қызғансақ заңды. Білмеймін. Аудандық газетке жартысы щыққанда, жақтыра қоймады. «Жалынға» шыққанда «шынында бұл жазушы екен ғой» деп, тым-тырыс болып қалды. Өтірік айтпайтын, бірақ сөзге нанбайтын бір кісі бар. 85 жасқа келгенде ғана мойындап кетті.
Бір қызығы менің шығармашылығыма сын айтылған жоқ. Кілең мақтауда жүрем. Жазушылар Одағының жыл аяғындағы жиналысында сатира жанры бойынша 5 кітап шыққаны айтылыпты. Әбдірахман Асылбеков «Төрежан Мәндібайдың кітабынан басқасын далаға тастаң» депті. Сол кезде мен өзімнің жазушы екеніме сендім. Бәрі жақсы таныды. Бірақ мақтанатын жөнім жоқ. Мен қатарымнан қалып жазған адаммын
Қазіргі сатириктер көңіліңізден шыға ма?
Әр заманның өз сатиригі болады. Асқар Тоқмағанбетовтың, Ілияс Жансүгіровтің сатирасы мүлде бөлек. Өйткені, сатириктер өз заманының қызығын суреттейді ғой. Заман бөлек болғасын жазушы да бөлек. «Не ойлап, не жазып жүр, құдай-ау» деп бір қарадым ғой. Қазір Айтмұқанбет деген Семейдің жазушысы, бір әйел адамның жазғаны қызықты болып шығып жүр. Сатира бар. Жақсы сатириктер бар екен. Қазір көріп жүрмін. Жаманы да бар. Қандай әдебиет болмасын жақсы және жаман болуы керек. Жаманы сенің көтерілуіңе себепкер болады. Адамдардың қалыптасуына керек. Кілең жайнаған әңгіме шықпайды. Шыға қойса да ол дұрыс емес. Менің оларға баға беруіме болмайды. Әуезовтың өзі кезінде Асқар Тоқмағанбетовты бірінші деп бағалап кеткен. Кейін заман өзгергенде ол да өзгере бастады.
1 жақсы әңгіме жазсаң, келесісін одан төмен етіп жаза алмайсың. «Гипертония» біріншісі емес. Әңгіме заманы өткесін күшін де жояды. Кейбірі 70-80 процент күшін жоймай қалады. Менің әңгімелерімнің күші орынында. Өтіп тұрғаны да содан. Сатириктер болды, біреуі адамның ойында қалатын бірдеңе жаза алған жоқ. Қазір ақтөбеліктерден алдында тұрған Нұрлыбек Жұбатқан екеуміз шығар. Талғам болу керек. Талғамсыз жазушы болмайды. Кейінгі кітабым Алматыдан емес, Ақтөбеден тарады. Алматы жақтың білмей қалғаны содан да бар. Повест жазатын, прозалық жазушылар сатираға көп көңіл бөле қоймайды. Мереке Құлкенов екеуміздің жазғанымыз ұқсас. Сөздері әр түрлі ғой. Жазушының аты тарихта 1 әңгімемен де қалады. Орыста Носов деген жазушы болған. Ол өмірінде 8 әңгіме жазған. Орыс әдебиетінің классигі болып есептеледі. Мен 88 әңгіме жаздым. Жазушылар әңгіме жазу қиынның қиыны дейді. Өйткені қысқа көлемге үлкен нәрсені сиғызу қиын екен. Атақты өздері берді ғой, сұрағаным жоқ.
35 жасыңызда жаза бастадыңыз ғой, кешігіп қалмадыңыз ба?
Кешіктім. Ерте бастасам бәрі басқаша болар ма деп ойлаймын. Мына жазып жүргендер 15 жасында бастағандар. Бұлар 15 жасында әуелі сандырақтай бастайды. Жазушының әдеті бұл. 20-23 ке келгенде есін жиып, жазудың жолын түсінеді. Бұл баспалдақ. Мен кешіктім. Өзім сирек жазам. Сирек жазып апарғанымның бәрін басып тұр. 5 кітап, 88 әңгіме жаздым. Соңғысы 30 баспа табақ үлкен кітап болып шықты. Екінші кітабымның жолы болса, тірі кезімде шығарғым келіп еді. 88-дегі адаммын, өліп қалам ғой. Ертең немесе бүгін өліп қалуыма да болады. Жастау кезімде бір шалмен түнімен отырып ішкен едік. Қарқ-қарқ күліп, әбден әңгімелестік. Ертеңіне әлгі өліп қалыпты. Сондықтан мұндай жаста өмірге сену қиын.
Шабыттың болатыны рас па? Ол не?
Шабыт деген, менің ойымша, ақындарда болады. Олардың шығармалары бірден жарқ ете қалады ғой. Үлкен адамдар шабыт шақырмай-ақ жаза береді. Бірақ шабыт бар нәрсе. Ынтаңды көрсетеді. Қиналып келіп, шаққа отырғаннан ештеңе жазылмайды. Шабыттанып келсең тез жазылады. Әңгіме ойда қалыптасады. Оны бірден келіп жазайын демейсің. Әбден піскен кезде отырасың. Қауын сияқты ғой ол да.
Әңгімелеріңіз талай рет сахналанды. Бүгінде актуалды тақырып болып тұрған ене мен келін, құдағилар арасындағы кикілжіңдер 2000 жылдары жиі қойылатын еді ғой. Қоғамға кері әсер етті деп ойламайсыз ба?
«Аралдың ар жағынан қыз алып ек» деген әңгімем «Жалынға» шықты. Оны Құдайберген Сұлтанбаев «Тамашада» қатырып орындады. Оқығанның мазмұнын айтпа. Ортасы үзіліп қалады, жатқа оқы дегенмін. Ол көнді. «Жалындағы» 4 бет әңгімені жатқа оқыды. Кейін де талай шығарма сахналанды ғой. Ене мен келіннің ұрысы жиі қойылғаны рас. Ол сол заманды көрсетіп тұр. Сықақтағы келемеж арқылы адам теріс нәрседен жирену керек еді.
Қазір «қалаулым» деген бағдарламаны мен жиі көремін. Қыздардың келмей жатып айтатын «ата-енемен тұрмаймын». Бұл орыс қызының ісі ғой. Орысша оқыған адамды көрсем біраз әңгіме айтамын. Енді 10 жылда орысша сөйлейтін адам қалмайды демеймін бе, түсінбейді. Ана бір қазақ келіп «орыс класс аш» дегені бар. Орыс класқа жиналып тұрған бала жоқ дегенді түсінбеді. «Путинге хат жазамын» деп кетті. Неге қазақ сыныбына оқытпайды? Айналайын-ау, сен қазақсың ғой?! Орысша оқытқаннан не табады? Орысқа күйеуге шықпаса?! Білмейтініне күйем ғой. Баяғы совет үкіметі қайтып келеді деп ойлайды. Ол келмеске кетті. Совет үкіметі 400 ұлтты орыс қылғысы келді. Мазмұны – құлдық, келбеті – социалистік. Оны түсінетін адамдар сол кезде де болды.
Неліктен өзіңізді жолы болмайтын адам санайсыз?
Жолы болмайтын адаммын... Сирек құбылыс болғасын былай адамдар түсінбейді. Жолым болмайды. Қасымда жүрген қыз. Ол да мені ұнатты. Мен де оны ұнаттым. Үш қызға да сөз айта алмадым. Махаббаттан жолым болған жоқ. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деген рас нәрсе. Мынадай бір оқиға айтып берейін. Қасым Аманжолов облыстық газетте жұмыс істеп жүргенде қасында жұмыс істеген офицер үйіне қонаққа шақырыпты. Барса, үйінде әдемі келіншек жүр екен. Келіншекті енді әдемі қылып көрсетеді. Сақыпжамал деген әйел кейін көргенімде қарапайым, қара қыз. Сол жерде қолынан ұстап алып, «Маған тиесің бе?» деген ғой. Ол кейіп, күліпті. Күйеуі, екі баласы бар әйел ғой. Содан Қасым соғысқа кеткенде «Дариға сол қыз» деген өлеңі шығады. 46 жылы елге оралғанда Сәпенді жұрттан сұрап жүріп іздеп барыпты. Талғарда кездестірген. Көрісіп, «Шырағым, Сәпен! Сені сондай сүйдім, бірақ күйеуіңнің өлгенін тілеген жоқпын. Өлсе де, өлмесе де сені аламын ғой деп жүргенмін» депті. Ол кезде Сақыпжамалдың ұлы да дүниеден озып, тек қызымен қалған екен. 34 жастағы Қасым қызы мен екеуін жетектеп ағасының үйіне апарып, «қанша қыз тұрса да мен осы кісіні аламын» депті. Кейін екеуінің Дариға деген жалғыз қызы өмірге келген.
Ғашық болу деген осы. Мен соларға қызығамын да... нағыз адал адамдар. Бір адам үш рет ғашық бола береді. Ғашықтық неше әйел алсаң да бола беретін құбылыс. Ғашық адамың уысыңа түспейді, бірақ көңілің суымайды. Әлгі қыздар мені менсінбей тастап кеткен ештеңесі жоқ. Өзім айта алмадым.
Сіз кейін отбасын құрдыңыз, әйеліңіз бұл әңгімелерді естіп, ренжімеді ме?
Әйелімді бәрі біткесін алдым. Ол орта мектепті бітірген 20 жастағы қыз еді. Мен 30-да болдым. Бірге тұрдық. 6 құрсақ көтеріп, 5 баланы тәрбиелеп, өсірдік. Қан қысымынан 59 жасында қайтты. Бұлар өтіп кеткен нәрсе ғой, өкпелеген емес. Мен ол туралы әңгіме айтпайтын да едім.
Шүкір, балаларым ер жетіп, отбасылы болды. 2 қызым тұрмыста. Осы күні әңгіме де таусылып қалған. Үлкейгендік болады екен. Қанша ақылдымын дегенмен болмайды. Ойда бар әңгімені отырып жазуға әлім де келіңкіремейді. Енді ештеңе жазамын деп отырғаным жоқ.