Ақтөбеде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Ақтөбеде қала күніне орай бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. 23 мекеме қатысып, 275 жұмыс орнын ұсынды. 80-ге жуық адам жолығып, 32 азамат жаңа жұмысқа жолдама алды.

Айгерім ШЫМҚАЕВА,

@aigerim_shymkai

Ақтөбе кәсіпорындары техникалық мамандарға зәру. Әсіресе бульдозерист-тракторист, газель және экскаватор, КАМАЗ, жүк машинасының жүргізушілеріне, автоэлектрик, бас инженер энергетигі, ағаш ұстасы сияқты жұмысшыларға сұраныс артқан. 

Жұма күнгі жәрмеңкеге қаладағы 23 мекеме қатысты. Солардың бірі «Теміржол су Ақтөбе» ЖШС  бар. Қазір бұл мекемеде 25 орын бос тұр. Техникалық жұмысшылар – КАМАЗ, УАЗ жүргізушілері, тракторист, сантехник, электрдәнекерлеуші қажет. Жұмысшылардың бұл салада тәжірибесі  болуы керек.

  • Біздің мекеме сумен жабдықтау жұмыстарын атқарады. Жұмыс тұрақты. Жалақы уақытылы беріледі. Жұмысшылар штатқа кіреді. Теміржолға қатысты болғасын жылына бір рет теміржолшылар күнінде сыйлықақы беріледі. Мереке  сайын елеусіз қалдырмаймыз. Қызметкерлерге материалдық қолдау көрсетіп тұрамыз. Кәсіпорын ұжымдық келісімшарт бойынша жұмыс жасаймыз. Қаңтардан бастап айлық өсті. 100 -300 мың теңге арасындағы жалақыға 35 мың, 100 мыңнан төменіне 40 мың теңге қосылды.  Минималды жалақы 100 мыңның үстіне шығады. Сондай-ақ бізге Ақтөбедегі кеңсеге бір еден жуушы қажет.  Қолына 63 мың теңге алады. Жұмыс уақыты таңғы сегізден кешкі  алтыға дейін. Жұмыс - бес күндік. Үлкен база емес, екі қабатты ғимараттағы шағын мекеме. Соны тазалап жуу керек,- дейді «Теміржол су Ақтөбе» ЖШС техник маманы Айгүл Сағындықова. – Бізге еңбек өтілі керек. Өз саласын білу керек. Суды енді кіргізіп жатқан аудардар, басқа қалалардан жұмыстар аламыз.

Ақтөбе облыстық балалар тіс емханасында да бос орындар бар.  Екі тіс дәрігері мен стаматолог-хирург керек, медбике қажет. Емхана облыстағы аудандарға шығып стаматологиялық қызмет көрсетеді. Соған орай Стомкар жылжымалы көлігіне ВС санатты жүргізуші іздейді.

  • Жүргізуші былай кезде мекеменің көлігін айдайды. Ал іссапарға шыққанда МАЗ-ды айдайды. Аудандардан тек сұранысқа орай шығамыз. Қазір Әйтеке би, Темір және Алға аудандарынан мамыр айында сұраныс түсті. Оларға барайық десек, қазір бізде жүргізуші болмай отыр. Бір айдың ішінде бұл шаруаны шешуіміз керек,- дейді Ақтөбе облыстық балалар тіс емханасының персоналды басқару маманы Раушан Дүйсенова.

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті 168/1, 168/2 түзеу мекемелеріне сержанттық лауазымдарға 18-35 жас арасындағы орта, арнаулы орта немесе жоғары тиісті білімі бар, әскери  қызметте болған немесе әскери дайындықтан өткен қызметке жарамды ерлерді қабылдайды.

  • ҚР заңнамасын тестілеуден өткен сертификаты, правоохранительной деятельности үшінші программаның екінші санатымен өткен тестілеуден өтуі керек. Сотталмағандығы туралы анықтамасы болу керек. Ауысымдық жұмыс кестесі. Бір жыл бір жарым жыл жұмыс өтілі болып есептеледі. Тұрғын үй алу үшін әр отбасы мүшесіне 31 мың теңгеден арнайы шотқа төленеді. Зейнетке ерте шығу мүмкіндігі бар. Мамандықтары бойынша карьералық өсім қолжетімді. Қызметкерлеріміз жұмысқа кіргеннен кейін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында қашықтықтан оқи алады. Заңгерлік салада білім алса, әрі қарай офицерлік құрамға өтеді. Қазір бізге 20 шақты қызметкер керек. Бұрын органда жасаған, өз еркімен жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің жұмыс орнын қалпына келтіру жүріп жатыр. Ол үшін теріс себептермен шықпаған болуы керек,- дейді Ақтөбе облыстық ҚАЖ департаментінің КА 168/2 мекемесі кадр саясатыбөлімшесінің аға инспекторы Әбілқайыр Қанат.

Жәрмеңкеге келген тұрғындар сауалнама қағазын толтырып, қандай жұмыс қажет  екенін көрсетіп, түйіндеме қалдырды. Қауіпсіздік техникасы инженері, өндірістік техникалық бөлім инженері, құрылыс инженері, тігінші, заңгер жұмысына орналасуға ұсыныс көп болды дейді Ақтөбе жұмыспен қамту орталығының мамандары.

-        Сауалнамаға қатысып, өзі туралы мәліметті қалдырған жұмыссыздарға біз олар өзі іздеген жұмысқа кәсіпорындардан  орын табылса,  хабарласып шақырамыз. Мұнай саласына да вахталық әдіспен жұмысқа тұруға біраз адам ниет танытты,- дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Камила Бурахан.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының дерегінше, қазір қала бойынша электронды еңбек биржасы порталында мыңнан астам бос жұмыс орны , 1500 астам түйіндеме орналастырылған. Бұл жыл басынан бері өткізіліп отырған үшінші жәрмеңке. Бұған дейін 30 адам жұмыс тапқан.

Әлеумет
11:00, 02 июнь 2022
984
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив