Премьер – министр Ақтөбеге келді
13 мамыр күні Ақтөбеге премьер-министр Алихан Смайлов іс-сапармен келді. Сағаттап күткен министр «Білім» мектеп гимназиясына бас сұғып, жарты сағатқа жетер-жетпес уақытта мектепті аралап шықты.
Арайлым ҚАСЫМ
"Батыс 2" шағын ауданында орналасқан мектеп 2019 жылы жеке кәсіпкер Замзагүл Баймағанбетованың ұсынысымен салынған болатын. Небәрі бір жарым жыл ішінде тұрғызылған мектепте қазір 3200 оқушы, 117 класс комплектісі бар. Кеңейіп келе жатқан ауданда орналасқан мектепте 23 бірінші сынып оқып жатыр.
- Алдағы жылы бірінші сыныпқа тек 6 ғана класс қабылдаймыз деп отырмыз. Себебі, мектеп толық. Артық бала қабылдауға тағы болмайды. Екі 11 сынып бітіреді және 9 сыныптан кететіндер бар. Сонымен 6 сыныпқа шақтап отырмыз,-дейді мектеп директоры Айгүл Арынова.
3 қабатты мектепте 5 оқу корпусы, 600 адамға арналған акт залы, асхана, спорт залы, төменгі қабатта үйірмелер жұмыс жасап тұр. Мектепке қабылданған 1-4 сынып оқушылары міндетті түрде қосымша сабақ алуы керек. Үш мезгіл тамақтану мен білім беру курсы кіретін қосымшаның 1 айлық ақысы 75 000 теңге.
– Бұл мектепті ұстап тұруға жұмсалатын қаржы. Мұндағы күзеттің өзіне қаншама ақша жұмсалады. Мектептегі 3200 оқушының 450-і ғана қосымшамен оқиды. Қаржы орталығымен арада келісім шарт бар. Онда мектеп салуға өзінің белгілі бір мөлшердегі қаржысын құйған кәсіпкер жылына 7 миллионнан аспайтын ақылы қызмет түрін ұсына алады делінген. Оқуға дәстүрлі түрде қағазбен қабылдаймыз,-деді мектеп директоры.
Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан Батыс 2, Батыс 3 аудандарынада тағы да жеке мектептердің салынып жатқанын айтты. - 2022 жылдың аяғына дейін 11 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Оның екеуі Ақтөбе қаласында орналасқан. Келер жылға 5 мектептің құрылысы ауыспалы кезеңде тұр. Жалпы 2025 жылға дейін 30 мың балаға арналған 54 мектеп құрылысы бітуі керек,-дейді ол.
Премьер-министрге облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Ораққызы облыс бойынша білім беру саласының дамуы көрсеткіштері туралы айтып өтті. Жоспарда 43 мың баланы қамтитын 559 балабақшаның құрылысы да бар. Биыл 3000 орындық 26 балабақша пайдалануға берілуі тиіс. Айта кетейік, қазіргі таңда облыс бойынша 168 мың балаға араналған 427 мектеп жұмыс жасап тұр.