“Алаңсыз жүргенім - ата -анамның арқасы”
 
Ол әдемілікті жақсы көреді. Сағаттап дүкен араласа да, жалықпайды. Өз пайдасын емес, жұрттың мүддесін көбірек ойлайды. Жұмыс барысымен аяғы баспаған аудан жоқ. Алайда арманы - Ырғыз-Торғай резерватын алаңсыз аралап көру. Үш қыздың еркесі. Әріптестері өз арасында оны әзілдеп, “телефон анықтамалығы” деп атайды. Ол -Еуразия телеарнасының журналисі, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Ақбаян Сұлтанмұратова.
Президенттің қолынан “Ерен еңбегі үшін” медалін алғанда ерекше сезімде болдым. Еңбегіңді ескеріп, елегені жақсы екен. Менің осындай деңгейге жеткенім ең алдымен ата-анам үшін маңызды дер едім. Өйткені менің журналистикада алаңсыз жүргенім - ата -анамның арқасы. Мен күн -түн демей, қалаған уақытымда сьемкаға шығып кетемін. Ата-анам мені қай уақытта келсем де күтіп отырады. Тамағымды дайындап қояды. Кез-келген жұмыста алаңсыз болған адам өзінің жұмысын жақсы істей алады. Сол себепті медальды алған бойда ең бірінші қуанышымды ата-анама бөлісем деген ой болды. Телевизия саласы - командалық жұмыс. “Ерен еңбегі үшін» деген медаль жалғыз маған берілген жоқ. Мұның ішінде 11 жыл бойы бірге жұмыс істеп келе жатқан оператор Марат Ақажановтың да, басқа шығармашылық ұжымның да үлесі бар.
Ырғыздың қызымын. Әке-Шешем Құмтоғай ауылынан. Олар 1982-1983 жылдары жұмыс бабымен Тәуіпке көшеді. Әкем прораб болса, анам мектепте жұмыс істеген. Мен сол жерде дүниеге келдім. Нағыз ойын баласы болып өстім. Үш қыздың кенжесімін. Еркемін. Қазір де әке -шешем бар жағдайымды жасағандықтан жұмысқа бар уақытымды арнаймын. Әлі есімде, теракт кезінде күн-түн демей жұмыс істедік. Үйге соғып, киім ауыстыруға уақыт таппайтын едік. Үйден футболкамен шығып кетемін. Алайда стендап (тілшінің кадрға шығып сөйлеуі-ред) жазу кезінде киім стилін ауыстыруға тура келеді. Сол кезде әкем мен анам жұмысқа пиджагымды үтіктеп әкеп беретін. Тамағымды да әкеліп, бар жағдайымды жасайды. “Мектеп кезінен журналист болуды армандадым” десем өтірік болар. Жоғары сыныпта М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатта оқып жургенде журналистика факультативіне қатыстым. Марқұм журналист Айдош Шөкіш ағамыз сабақ беретін. Ол кезде ауылдан келіп, әлі жаңа ортаға сіңісе алмай жүрген кезім еді. Ең алғаш рет лицей газетіне ауылға деген сағынышымды сипаттап 2 беттік мақала жазғаным есімде. 1999 жылы Қ. Жұбанов атындағы университетте журналистика кафедрасы ашылды. Сонда оқуға түстім. Танымал журналистер Құралай Қуатова, Сәтжан Дәрібай, Баян Сәрсенбиналар сабақ берді. Сол кезде Алтын орда газетінің “Бұқара” бетіне университет туралы 30 жол мақалам шыққан. Соңында “Ақбаян Сұлтанмұратова” деп жазылып тұрды. Оны көріп, өзімді жартылай жұлдыз секілді сезінгенмін. Кейін “Ақтөбе” газетінде өндірістік тәжірибеден өттім. Соңғы курстың 2 семестрінде марқұм Әмір Оралбай ағай мені жұмысқа шақырды. Сабақтан кейін жұмысқа асығатын едім.
Ақтөбенің журналистикасында бәсекелестік орта бар. Республикадағы журналистикасы дамыған үздік өңірлердің үштігіне кіре алады деп айта аламын. Өзге өңірлермен емес, айналаңды әріптестеріңмен бәсекелестік бар. Мен өзімді барлық салада байқап көрдім. Алайда жаныма жақыны - телевизия саласы дер едім. Өйткені менің табиғатыма келеді. Қазір журналистика өзгерді. Цифрлық, жеделдік екі есе артты. Бүгінгі ақпарат екі сағаттан соң маңызды болмауы мүмкін. Сондықтан бұрынғыдай асықпай, арқаны кеңге салып жүре алмайсың. Ақпарат көз ілеспей дамып жатыр. Оның ағынына ілесуің керек. Телевизия саласы мені жедел ақпарат беруге , жинақылыққа үйретті.
Журналистикада бізді “не? қайда? қашан?’деп үйретті ғой. Мен сол принциппен жұмыс істеуге тырысамын. Әр журналистің ақпарат алатын көздері болады. Оны ешкім ешкімге айтпайды. Қай жерге барсам да адамдардың телефонын сақтап алуға тырысамын. Қазір оқырман талғампаз. Кей тұста “бұл жағдай басқаша еді” деп өз ойларын айтып жатады. Алайда ақпараттың тексерілген, екі жақты болуы маңызды. Журналистиканың өз принциптері бар. Соған сай ақпарат таратамыз. «Кім ақпаратты білсе, сол әлемді билейді» деген сөз бекер айтылмаған. Журналистика мені өтірік пен шынның аражігін ажыратуға үйретті. Ақпараттық гигиенам жақсарды. Көп ақпаратты білген соң туыстарыңа да жол көрсетесің. Жаңалықтарды дер кезінде беретіндіктен, шапшаңдық, жылдамдық секілді қасиеттер қалыптасты. Алайда шыдамсыздығым, сабырсыздығым бар. Кейде бұл қасиеттерім өзіме кедергі болатындықтан, “орта жолды” ұстанғым келеді.
Журналистикада жүргеніме 21 жыл болыпты. Түрлі тақырыптарды қозғайсың. Алайда әлі күнге дейін балаға жасалған әлімжеттік, әйелдерге жасалған зорлық-зомбылықты ауыр қабылдаймын. Көп нәрсені көргендіктен, етің үйреніп кететіндей көрінеді. Бірақ олай емес екен. Мұндай ауыр тақырыптарды қозғағанда жүрегіммен қабылдап, үйге моральдық тұрғыда шаршап қайтамын.
Бізге көп адамдар хабарласады. Кейде эфирге бере алмайтын, тек аймаққа тән шағын ақпараттар болады. Бірақ қандай мәселе болса да, аяқсыз қалдырмауға тырысамын. Жауапты басшыларға қоңырау шалып, мәселені шешуге ұмтыламын. Карантиннің кезінде Ырғыздың бір шалғай ауданынан хабарласты. Ол кезде балалар онлайн оқиды. Бюджеттен ақша бөлінген. Алайда интернет тартылмаған екен. Шалғай ауыл болғандықтан бармадық. Аяқсыз қалдырмау үшін облыс әкімінің орынбасарына хабарласып, жағдайды айттым. Кейін көктемгі су тасқыны кезінде Ойылдың тұрғындары хабарласты. “Мектептің шатырында отырмыз, су көтеріліп жатыр” деді. Өздеріне көмек керектігін, вертолет жіберуін сұрады. Ол кезде өзім көпірді су шайып, Ырғыздан шыға алмай қалған едім. Ертесіне “Ақбаян , бізге тікұшақ жіберген, рақмет” деп хабарласты. Мүмкін, ол кезде дәл мен айтқасын жібермеген болар. Бәлкім, вертолет жел болғандықтан, қона алмаған шығар(күледі-ред). Алайда халыққа осылай пайдаң тигенде, кәдімгідей қуанасың.
Журналистикада жүргенде түрлі қызықтар болады. Бір жылдары “Қазақстан -Ақтөбе” телеарнасында жүргенде әріптесім Талғат Құспаев екеуміз тікелей эфирде таңғы хабарды жүргіздік. Оператор ірі планмен түсіріп жатқан. Күтпеген жерден әріптесімнің артында тұрған декорация құлап кетті. Алайда Талғат Құспаев сөз тауып, ыңғайсыз жағдайдан шығып кетті. Режиссер де жарнама беріп үлгерді. Тағы бірде Ақтөбедегі ПОШ ғимаратына департамент басшыларының бірінен өзімізге қажетті ақпарат бойынша түсініктеме алуға бардық. Хатшысынан сұрасақ, “басшы іште жоқ” дейді. Сөйтсек, басшысы кабинетті ішінен құлыптап алған екен...
Журналист болмағанда, киім дизайнері болар едім. Өйткені әдемілікті жақсы көремін. Алысқа кетіп, геолог, математик не ғалым болатын едім деп айтпас едім. Не болса да шығармашылықтың айналасында жүретін едім. Өйткені бір нәрсенің соңында ұзақ жүре алмаймын. Журналистика өмір сүру принциптерімді өзгертті десем болады. Телевизияда барлығын 20 секундқа сыйдырасың ғой. Соған үйреніп қалғанмын. Адам әңгіме айтып жатқанда мәселесін басында айтпаса, ақырына дейін тыңдауға шыдамым жетпейтіні бар. Мәселе болса, тез шешімі болуы керек. Еріншекпін. Бір нәрсені табандап, ұзақ жасауға жоқпын. Дедлайнға үйренгенмін. Әр нәрсені уақытында жасауға тырысамын. Жұртты да дызылдатып, асықтырып боламын.
Жұмыс барысымен аяғым баспаған аудан жоқ екен. Алайда бос уақытымда Ырғыз -Торғай резерватына барып, асықпай аралап көргім келеді. Кейде қасымыздағы әдемі жерлерді көріп, алаңсыз демалғанның өзі керемет екен. Қазір көп жұмыс істеймін. Тез жалығамын. Бірақ болашақта асықпай Қазақстан мен Еуропаны аралап, саяхатқа көп көңіл бөлгім келеді. Ең басты арманым-олимпиаданы көру. Қазақстан боксшыларының, гимнастшыларының финалдағы жеңісін тамашалағым келеді. Ауылда өскендіктен қарапайым ауыл адамдарын, мамыражай тіршілікті аңсаймын. Болашақта ауылдағы ерекше кейіпкерлер жайлы қысқа метражды фильм әзірлегім келеді.
Өзімді мемлекеттік қызметтен көрмеймін. Табиғатым келмейді. “Астанаға кетесің бе?” деп сұрайтындар көп. Бірақ қазіргі жұмысым ұнайды. Бәлкім, жақсы ұсыныс болса, ойым өзгеріп қалар...Бұған дейін Ақтөбедегі мұнай-газ компаниясында 2, 5 жылдан аса баспасөз қызметінде жұмыс істедім. Ол кезде жалақым жергілікті БАҚ жұмыс істейтін журналистердің көбінен жоғары болды.Алайда жергілікті Рика телеарнасына жұмысқа шақырған кезде айлығы аз болғанына қарамастан, бірден келістім. Кеңсенің адамы емес екенімді түсіндім. Өйткені бір орнымда отыра алмайтын, тынымсыз адаммын. Демалыс күні де үйде бір орнымда қарап отыра алмаймын.
Менің хоббиім-дүкен аралау. Көбіне жаяу жүргенді жақсы көремін. Бос уақытымда жиендеріммен, отбасыммен демалғанды ұнатамын. Ең басты хоббиім-шопинг. Жұмыстан шаршағанда дүкен араласам, өзімді керемет сезінемін. Тіпті киім алмасам да дүкен аралап жүргенді жақсы көремін. Мен “хоббиім - тамақ әзірлеу” дейтіндерді түсінбейді екенмін. Өйткені айына бір рет не екі -үш айда бір рет тамақ істеуім мүмкін. Ең жақсы көріп, жасайтын тамағым - вафли пісіру. Барлығын көз мөлшермен жасаймын. Алайда үйдегілер де, тумаларым да таң қалады. Менің байыз тауып, асықпай істейтін жұмысым тек сол ғана екен (күледі-ред.).
Сұхбаттасқан Жансая Есмағанбет


