«Қобыланды» қыз іздейді
Ол – бойынан өнердің сан қыры табылатын адам. Ол – электрик. Ол – құрылысшы. Ол – өз жолын жиырмадан асқанда ғана тапқан актер. Ол – көпшіліктің көңілінен Қобыланды образымен орын алды. Ол – жайдарманшы, футболшы. Ол – өзінің өмірлік жарын іздеп жүрген, әдемі сөйлей алмайтын жас әртіс. Ол – Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының актері Әділет Мұхтар.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
- Театр көрермендері, Ақтөбе жұрты сізді Қобыланды батырдың рөлі арқылы таныды. Бұл сіздің алғашқы рөліңіз бе?
- Ең алғаш осы Қобыланды батыр образы бұйырды. Дина Жұмабай режиссер болды. Қобыландының жанындағы үш әйелдің өміріне қалай әсер еткені туралы. Егізі Қарлығаш, әйелі Құртқа және Көбіктінің қызы Қарлыға үшеуінің арасында Қобыланды мүлдем басқа қырынан танылады. Режиссер бірден «Баяғы классикалық батыр бейнесін көрсетпейміз» деді. Соңында барлығының алдындағы уәдесін орындаған Қобыланды жалғыздыққа, тыныштыққа кетеді. Былтыр күзде Өскемен қаласында өткен Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына орай ұйымдастырылған фестивальге қатысып қайттық. Батырлар жыры ретінде қатысу мүмкіндігі туды. «Үздік спектакль» номинациясын иелендік. Ол менің жетістігім емес. Ол ресжиссердің жұмысының жемісі.
- Телеарнаға берген сұхбатыңызда Қобыланды бейнесі маған мүлде қарама-қарсы депсіз?
- Қобыланды образы бір жағынан келетін де сияқты. Бірақ мен өмірде агрессияға жоқпын. Кикілжіңге бармаймын. Қырғынды жақсы көрмейтін болғасын солай деген шығармын. Содан кейін «Махаббат бекетінде» Оралды сомдадым. Ол кезде де кішкене ұқсастық бар сияқты дегенмін. Бірақ кейін қарасам мен соншалықты романтик те емес екенмін. Қызға келгенде кері тартып қалатынымды ұқсатқан шығармын.
- Театрға қалай тап болдыңыз?
- Мамамның музыкалық білімі бар. Дәстүрлі әннен сабақ береді. Сол кісіден қанмен келген шығар. Мектеп кезінен өлең айтып, домбыра тарттым. Сахнаға шығып жүрдім. Хорға, биге қатыстым. 9 классты бітіргесін АПК-ға түстім. Автоматтандыру және басқару мамандығының үшінші курсында жүргенде Астанадан шақыру түсті. Үлкен бір компания 3 тілде оқытады екен. Сол кезде Ақтөбедегі оқудан сырттайға ауысып, Астанаға кеттім. 1 жыл құрылысшы мамандығы бойыша білім алдық. Колледждің төртінші курсына келгенде Астанада ЭКСПО ғимараты салынып жатты. Сол жерде жарты жыл ресми жұмыс істедім. Сол уақытта ән айтып, караокеде де жұмыс істеген едім. Ақтөбелік балалармен танысып, солар арқылы Шабыттың барын білдім. Өнер университеті туралы естіп, бағымды сынап көрдім. Барған бойда өз ортамды тапқанымды түсіндім. Мен айналысатын, ұнататын дүниенің бәрі сол жерде бар болып шықты. Ұнады маған. Физикалық дайындығың, ән, би, жүріс-тұрыс, топтық жұмыстың барлығы өзіме жақын болды. Қазақ ұлттық университетінде Шабытты бітірдім. Меруерт Өтекешова шеберханасында Бекболат Құрманғожаев ағайдан сабақ алдық. 2017-2021 жылдар аралығында оқып, Ақтөбеге келдім. Бірге оқыған жігіттер жұмыс істеп жатқан. Солармен хабарластым. Ақтөбеде көбісін танымаймын, графиг қалай, бұрын жұмыс істеп көрмегенмін. Соның бәрін сұрастыра бастадым. Үйдегілер де мамандық бойынша жұмыс істегенімді қалады. Өзім кіргім келген жоқ. Жаңа жылдың алдында театрға келіп, жұмыс істеп көрдім. Басында штат болған жоқ, келсім шартпен кірдім Қаңтарда «Қобыландыға» дайындық басталып кетті. Дина Жұмабай мені басты рөлге алып қойды. Содан кірісіп кеттік. Кейін Оралдың рөлін алдым. Ол рөлдер болмағанда мүмкін мен жұмыстан шығып кететін бе едім?! Әзірге келгеніме өкінбеймін.
- Ақтөбеге неге қайтып келдіңіз?
- Ата-анамның шақыртуымен келдім. 2015 жылы Астанаға кетіп қалдым. 8 жыл сол жақта тұрып, 2023 жылдың соңында келдім. «Үйге қайт, үйлен» деді. Үйлеген жоқпын. Жоспарым үйлену болып тұр. Таңдау тым көп. Қайсысын таңдарымды білмей жүрмін. Әзілдеймін! Маған қателесуге болмайды. Қазір көп достарым қателесіп жатыр. Маған мүлде болмайды. Үйдің жалғыз ұлы, үлкенімін. Екі қарындасым бар. Әкем де әулеттің үлкені. Сол үшін асықпай ақылмен шешу керек. Ата-анам өздері де кеш үйленген. Папам үйленген кезде 30-да болыпты. Жалпы жар таңдағанда қателеспеген дұрыс қой. Қазір асығып таңдап, 1 жыл тұрып, ажырасып, бәрін бүлдіргім келмейді. Баппен таңдап жүргенім де содан шығар.
- Қандай қыз іздеп жүрсіз?
- Бойы ұзын, шашы қысқа... Олай емес. Екінші жартым болу керек қой. Дәл мен сияқты. Тек мен сияқты жайбасар болмау керек. Адамдармен тез тіл табысқанын қалаймын. Ортада өзін ұстауы, сөйлеуі, жүрген жерге сай әңгіме айта алуы маңызды. Менімен қатар кейбір адамдарды көргенде таң қаламын. Өзін қай жерде қалай ұстауды білмейтіндер бар. Таным көкжиегі кең болса құба-құп. Бұрын меннен ақылды болса деп ойлайтын едім. Бірақ қазір түсінгенім қыздардың бәрі ақылды. Тек басқаша болып көріне салады. Негізінде тізбектеп, былай-былай деу артық. Мен ұнатып қалсам ештеңе маңызды болмайын деп тұр. Қалғаны менің қолымдағы нәрсе. Реттеп, көңілін табуға барымша тырысамын.
- Әртіс әдебиетті білуі керек пе?
- Иә. Тарих пен әдебиетті оқып, білуі керек. Бірақ мен кітап оқымаймын. Мен поэзия білмеймін. Әрі кетсе 1 өлең шығар оны да толық білмеуім мүмкін. Менің кітап оқымағаным маған кедергі болып жатқан жоқ. Тарихтың да әрі кетсе негізін білермін. Уақыт өте оқуға қызығатын шығармын. Қызығушылықтан бұрын ойым өзгеретін шығар. Дәл қазір ойым басқа жақта. Әлемді тануым керек болып жатыр. Жан-жағымдағы болып жатқан дүниелерге, психологияға, адамдар мен ғылымға қызығамын. Әлі әлемді тану үстіндемін. Сондықтан бірдеңе деп айта алмаймын. Жалпы рухани әңгімеге жоқпын. Жәй ғана сөйлесе аламын.
- Актер біткеннің бәрі әдеби сөйлегеніне үйрендік қой. Сіз жайдарманда ойнадыңыз. Театр әртістерінің жайдарман ойнауына қарсылықтар болған жоқ па?
- Актер мамандығына кәсіби оқып жатқандарға мұғалімдері тойға, жайдарманға шығуға рұқсат етпейді деген нәрсе бар. «Халтура» деп айтады. Жеңіл нәрсе, сахнада қалай болса солай жүреді деген түсінік бар. Біздің мұғалімдеріміз жақсы қарады. «Ән айтсаңдар, айтыңдар. Мүмкін әнші болып, жұлдыздарың жанып кетер» дегендей. Меніңше, бұл түсінік бізге дейін болған сияқты. 3 курста оқу дұрыс болған жоқ. Карантин басталып кетті. Бірақ біздің нәтиже де жаман болған жоқ. Республикаға танымал болдық. «Шабыт» командасы екі топтың студенттерінен құралды. Екінші топтың ағайлары қатал адам еді. Сол кісінің өзі қарсылық танытпады. Түсінді, қолдады, сондықтан жеңіл болды. Оқуға кедергі жасамаса тойға да шығуға болады. Жайдарманда да актерларға жақсы, сыйластықпен қарайды. Жайдарманнан кейін «Динара Сәтжанмен сөйлестің бе?» деген сұрақ көп қойылды. Сөйлескен жоқпын. Бірақ сахнада сол кісіге қатысты әзілдер көп болды.
Жалпы бәрі былай басталды. «Шабыт» жайдарманға қызығып жүрді. Мен Сұлтан деген досыммен ән айтып жүрдім. Қазір Қалыбек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының актері, композитор. Жайдарманшы жігіттер бізге келіп, «Шабытты» фестивальге Ресейге шақырып жатқанын айтты. Демеушісі бар. Ән айтатын адам керек деп ұсыныстарын айтты. Біз қуана келістік. Бірақ карантин басталып кетті де бізді жібермейтін болып қалды. Сол сәтте жетінші арна «Jaidarman Cup» деген жаңа жобасын бастап жатыр еді. Балалар бізді қосты. Материалын жазып жатқанда, дайындықта кентавр образы шығып, редакторлар осыдан бірдеңе шығатын сияқты деді. 1 рет шығып көрдім. Маған өте көп назар аударды. Әрі қарай осы өтімді әзілді ұстап алып, мен және Динара Сәтжан арқылы материалымызды құра бердік. Көрерменсіз ойнадық. Шақырса қайтып барғым келеді. Қазір мен ойнаған «Шабыт» командасының қыз-жігіттері «Жан» деген театр ашты. Жақында Ақтөбеге келеді.
- Футболдағы жұлдызыңызды да жаққан жайдарман ба?
- 16 жасыма дейін Ақтөбеде кәсіби түрде футбол ойнадым. Одан кейін Астанаға оқуға түскесін футбол қалды. Астанада көп ойнамай кеттім де карантин уақыттарында «Жұлдыз лига», «Медиа футбол» дегендер басталды. Командалардың құрамында блогерлер, жұлдыздар, жайдарманшылар болды. Шабытта жүргенде Есен ағалар байқап, мені жайдарман құрамасына шақырды. Көптен сағынып ойнағасын өте күшті сезіммен ойнадым. Ерекше ынтызармен кіріскесін нәтижем де жаман болмады. Осы жайдарманның арқасында 1 жыл Қазақстанды толық дерлік аралап шықтық. Небәрі 1 жылда бала кезімде орындалмай қалған армандарымның бәрі орындалды. Қазақстанның ең басты стадиондарында ойнадым. Матчқа дейін, кейін жасалған жағдай, тікелей эфирде көрсеткені, жанкүйерлер, кішкентай балалардың футболка, автограф сұрағаны бәрі-бәрі бір кездегі бала арман еді. Бір өкініштісі сол уақытта қатты салмақтан екі тіземді ауыртып алдым. Қазір футбол ойнап жүрген жоқпын. Ойнауға болады бірақ сенімсіздік бар. Емдеу керек. Тағы мүмкіндік болса тағы ойнар едім. Шақырса дайынмын.
- Өзіңізді болашақта қай салада көресіз? Жаныңызға шын рахат сыйлайтыны қайсысы?
- Жайдарман ойнадым, Астанада жұмыс істегенде бэндтерде өлең айтқанмын. Вокалистпін. Жайдарманмен қатар футбол ойнадым. Диджей болдым. Жүргізуші, актер, биші болып та көрдім. Сахнадағы барлық позицияны байқап көріппін. Бәрінен де музыка жасаған ұнайтынын білемін. Диджей болғанда барынша рахаттанып, көптің көңіл-күйін бақылай алатыным ұнайды. Бірақ ол басқаларын ұнатпаймын дегенді білдірмейді. Әр нәрсенің өз ләззаты бар. Ең, ең дегені осы. Мен алға жоспар құрмайтын адаммын. Менің өмірім толығымен – импровизация. Келесі жылы бүйтуім керек, осылай жасаймын, 5 жылда бүйтем деп жоспар құра алмаймын. Ағыспен бірге жүземіз.
- Ақтөбеде жүріп әртіс болу мүмкін бе?
- Мүмкін. Тәуекелшіл болмасаң өнерге жоламаған дұрыс шығар. Мектептен кейін үлкен қала көру ер бала үшін өте маңызды деп есептеймін. Ақтөбеден әлі шығып көрмеген адамдар бар. Олар бәрін Ақтөбедегідей қабылдайды. Адам бір жерде қозғалыссыз тұрса, таным көкжиегі тарыла береді. Жігітке үлкен қаланы көрген дұрыс. 2 ай, жарты жыл болсын тұрып келу керек. Мен электрик мамандығын бітіріп, «Шабытқа» түсіп, енді ғана сахнаға шыққан адамын. Сондықтан бірдеңе деу қиын. Бастысы адамның жаны нені қаласа сол болады ғой. Тоқтамай әрекет ету керек. Танымал емеспін. Бірақ танып келетіндер бар. Жайдарманнан танитындар көп. Маған ұнайды. Танып, келген әр адаммен барымша ашық жарқын сөйлесуге тырсамын.
- Бүгінгі жетістігіңіз еңбекпен келді ме сәттілік пе?
- Менде еңбек жоқ. Тек сәттілік. Әріптестерім де айналамдағылар да тіпті мамам да кішкентай кезімнен «Сенің жолың болғыш» деп айтатын еді. Мен көп нәрсе істеп жатқан жоқпын. Бірақ сәттілік серігім. Үлкен сәттілік ұстап алу керек болып жүр, әзірге кішігірім ғой. Бағыңды ашып жіберетін бірдеңе керек. Біз үнемі бақты күтіп жүретіндерміз ғой. Киноға түскім келеді. Сериал, кино күтіп жүрмін. Болып кететін шығар бір ғажайып. Ұсыныстар болды. Қазір жоқ. Өзімнің салғыртығымнан да айырылып қалатыным бар мүмкіндіктен. Аяқ асты бірдеңе болып қалады үнемі. Алматыдағы кастингке «ертең келе аласыз ба?» дейді. Мен басқа қалада болам. Қасым хан, Жошы хан туралы пробаға видео жіберуім керек. Маған негізі тарихи сахналар ұнайды. Атқа міне бастағаным да өзіме ұнап қалды. Көңілдес, махаббат персонаждарын ойнағым келмейді.
- Театр деген не?
- Театр мен үшін жұмыс. Жұмыс деп қарау керек. Бітірген мамандығым. Дайындық та жұмыстың аса маңызды бөлігі. Соңғы «Турандот» қойылымына 3 ай түнімен жүріп дайындалдық. Сол жұмыстың арқасында сахнада жақсы ойнап шығасың. Көбі «ана мамандықтың айлығы көп, мынанікі жақсы» деп жатқанда әкем айтатын: «Барлық жұмыста, қай мамандықты бітірсең де сол саланың білгірі бол. Сонда сені бағалайды. Сонда ақшаң да жақсы болады» деп. Театрда да солай. Мен қаншалықты бере аламын, соншалықта қарымтасы бар. Қазір мен жұмыс ретінде қараймын. «Театр менің өмірім» дей алмаймын. Оған лайықты көп нәрсе тындырып жатқаным да жоқ. Өз тапсырмамды орындап, жұмысымды ғана жасап жүрмін. Театр ол деген көпір, рухани орда деген сөздерге түсінік бере алмаймын. Сондықтан айтпаймын. Жұмысымыздың салмағын жеңілдеу түсіндіре алатын буын келе жатқан шығар.
- Сұхбатыңызға рахмет!