Ақтөбеде көкжөтел қайтадан белең алып жатыр
Ақтөбеде көкжөтел дерті қайтадан белең алып жатыр. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын бұл ауруға қатысты алаңдаушылық та күшейе түсті. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары аурудың алдын алудың жалғыз сенімді жолы — уақтылы вакцина екенін ескертіп отыр. Ең осал топ — кішкентай балалар мен екпе алмағандар.
Рустам ТҮЛЕКЕШЕВ
aktobetimes@list.ru
"Қарапайым жөтел емес"
— Көкжөтел — жай ғана ұзаққа созылған жөтел емес. Бұл — жасөспірімдер мен сәбилердің өміріне қауіп төндіретін жұқпалы ауру, — дейді Ақтөбе қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Айгүл Құлмағамбетова. — Оның негізгі қаупі — сырқаттың білінбей басталуында және кәдімгі тұмауға ұқсас симптомдарының ұзаққа созылуында.
Көкжөтел дегеніміз не?
Көкжөтел — Bordetella pertussis бактериясы арқылы таралатын жедел бактериалды инфекция. Ауа-тамшы жолымен жұғады және тыныс алу жолдарының шырышты қабығына шабуыл жасайды. Ең алдымен тыныс алу, жүйке және жүрек-қантамыр жүйелеріне ауыр соққы береді.
— Балаларда көкжөтел ауыр жөтел ұстамаларымен, қақала-шашала тыныс алумен, бетінің көгеріп кетуімен, тіпті кейде құсумен жүреді. Ал ауру асқынып кеткенде, тыныс тарылып, бала тұншығуы мүмкін, — дейді маман.
Бастапқы белгілер қандай?
Көкжөтелдің жасырын кезеңі — шамамен 14 күн. Бастапқыда температура көтерілуі байқалмайды, әлсіздік пен жеңіл тұмау сияқты белгілер болады. 10–14 күннен соң жөтел күшейіп, тән сипатты ұстамалар басталады:
Жөтел сериялық толқын түрінде келеді (реприза), Жөтелден кейін терең тыныс алғанда "қораздың шақыруына" ұқсас дыбыс шығады, Құсу, көздің қанталауы, бет әлпетінің көгеруі жиі кездеседі, 1 ұстамада 2-ден 15-ке дейін реприза болуы мүмкін.
Жағдай ауырлаған сайын бала арықтайды, жүйке жүйесінің дамуы тоқтап, бұрынғы дағдыларын жоғалтады.
Қауіпті кезең мен жіктелуі
Маман айтуынша, аурудың ауырлық деңгейіне қарай 3 формаға бөлінеді:
Жеңіл форма: күніне 15 репризадан аз,
Орташа форма: 15–25 реприза,
Ауыр форма: 25-тен көп.
Сонымен қатар аурудың типтік және атиптік түрлері бар. Атиптік түрінде жөтел ұзақ, бірақ жеңіл өтеді, симптомдары анық емес, кейде ата-аналар мүлде мән бермейді. Бұл түрі жиі түнде күшейеді.
Көкжөтел мен қызылша — қос қатер
Санитарлық дәрігерлер көкжөтелдің қызылшамен бірге аталатынын айтады. Екеуі де кішкентай сәбилерге өте қауіпті.
— Екі инфекция баланың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Энцефалит, өкпе қабынуы, талма, ми ісінуі, тіпті тыныс тоқтауы сынды ауыр асқынулар болуы мүмкін. Қызылша кезінде кейде кешігіп шығатын панэнцефалит дамып, бірнеше жылдан кейін қайғылы жағдаймен аяқталуы ықтимал, — дейді Құлмағамбетова.
Қауіп тобына кімдер кіреді?
7 жасқа дейінгі балалар; вакцина алмағандар; балабақша мен мектепте оқитындар; иммунитеті әлсіздер; науқаспен қарым-қатынаста болғандар.
Симптомдарға жататындар: түнгі және таңертеңгі ұзақ жөтел, жөтелден кейінгі құсу, әлсіздік, мазасыздық, көздің қанталауы, мұрыннан қан кету, талма мен тыныс тоқтауы (апноэ).
Қалай емдейді?
Көкжөтелді емдеу науқастың жасы мен ауру сатысына байланысты. Бастапқы күндері антибиотиктер тиімді. Сонымен қатар: орталық әсер ететін жөтелге қарсы препараттар жөтелді басуға көмектеседі, иммуноглобулиндер сәбилерге қолданылады, гормондық препараттар асқынған жағдайда беріледі.
Қосымша ем: дене қызуын түсіретін дәрілер, тамақ пен мұрынға арналған антисептик, қажет болса — көктамыр арқылы сұйықтық енгізу.
— Бастысы — баланы тыныштықта ұстап, көп су ішкізу. Бірақ ешқашан ауруды "өзі өтеді" деп қарауға болмайды. Уақтылы медициналық көмекке жүгінбесеңіз, жағдай ауырлай түседі, — дейді маман.
Неге өз бетінше емдеуге болмайды?
Көкжөтелге қарсы кәдімгі сироптар әсер етпейді. Бұл ауруға арнайы терапия қажет.
— Кей ата-аналар жөтелді үйде емдеп жүре береді. Бірақ бұл — үлкен қателік. Көкжөтел — жұқпалы дерт. Асқынған кезде өкініп қалуыңыз мүмкін, — деп ескертеді Құлмағамбетова.
Ауыр жағдайларда науқас ауруханаға жатқызылады. Егер тыныс алу қиындаса, оттегі беретін құрылғылармен (оксигенотерапия) көмек көрсетіледі.
Көкжөтел неліктен қайта өршіп тұр?
Мамандар айтуынша, Қазақстанда соңғы жылдары көкжөтел мен қызылша деректерінің күрт өсуі — вакцинадан бас тартқан ата-аналар санының артуымен тікелей байланысты.
— Кей ата-аналар интернеттегі негізсіз үрейге еріп, баласына екпе салдыртпайды. Бірақ бұл — үлкен қатер. Вакцинаның сирек кездесетін жанама әсерлерінен аурудың өз қаупі әлдеқайда жоғары, — дейді маман. Статистикаға сүйенсек, тек 2024 жылдың алғашқы тоқсанында 7 мыңға жуық ата-ана вакцинадан бас тартқан. Соның салдарынан елде қайтадан қызылша мен көкжөтел өршіп отыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліметіне сәйкес, көкжөтелге шалдыққан балалардың 87 пайызы, ал қызылша жұқтырғандардың 75 пайызы — екпе алмағандар.
Вакцина — баланың өмірін сақтайтын қалқан
Бүгінде Қазақстанда екпе егу нәтижесінде полиомиелит (1996 жылдан), дифтерия (2009 жылдан) мүлде тіркелмеген. Шошқа мойын (свинка), гепатит А және В, қызамық секілді аурулар 30–100 есе сирек кездесетін болды. Сондықтан мамандар: "Балаңызды вакцинадан айырмаңыз!" деп дабыл қағуда. Көкжөтел — емделуі қиын әрі қауіпті дерт. Одан қорғанудың ең тиімді жолы — уақтылы және толық вакцинация.

