«Тап - таза еді әу баста жаным менің...»
Есенбек Жұмағалиев 1986 жылы 31 наурызда Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектепті бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне түсті. Университетті 2007 жылы ағылшын тілі мамандығы бойынша бітірді. Студент кезінен бастап Ақтөбе қаласындағы №34 қазақ орта мектебінде және Ақтөбе гуманитарлық техникалық әмбебап көпсалалы колледжінде — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, «Ақтөбе-дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығында әдіскер қызметін атқарды. «Анама хат» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «Жастық — жалын жыр», «Ақ айдын» жинақтарына, «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 50-томына енген. Саха поэзиясын және Артур Голденнің «Гейшаның естеліктері» романын аударған.
Көктің жүзінде құлпырып ай - қыз таранса
Өзекті өртейді қолым жетпеген сан аңсар.
Сұп- суық түннің қойнында жылы оранып,
Ұйықтап кетеді арманға толы ғаламшар.
Шекара сызып жан менен тәннің арасын,
Ернеуін асып, күнәмнің толы шарасын,
Жүйткіп көшкен ақша бұлттарға ілесіп,
Пендеуй ғұмыр, зымырап қайда барасың?
Келеді сосын, түк болмағандай, таң күліп,
Келеді сосын, және бір сұмдық жаңғырып,
Өтеді сол күн құдайды саған жар қылып,
Өтеді сол күн жаныңа жара салдырып...
Адасқан мені ымыртта жалғыз қалдырып,
Құстар да қайтты қиқуларымен сән құрып,
Күзгі бақтарда жырларым кетті- ау мәңгіріп...
Сарғайып бәрі қурайды- ау түбі білемін,
Ескірмес жалғыз уақытпен құрдас- "Мәңгілік"
МЕН
Әппақ парақ алдымда. Әппақ көңіл,
Шым- шытырық кезікті соқпақ небір.
Парақ әппақ еді ғой алдымдағы,
Шимайымен шатпақтап тастапты өмір.
Тап- таза еді әу баста жаным менің,
Адастырды алдымнан сағым небір.
Тазалықты сүймейді неге осы әлем?
Әппақ күйін сағынды жарым көңіл.
Мөп- мөлдір боп келіп ем әлемге мен,
Жұлмаландым содан соң әлем- жәлем.
Таланған соң келген де шығармын- ау,
Лай өмірден мөп- мөлдір өлеңге мен.
Ұлпа қардай жүрегім жұмсақ еді,
Жүрекке де бір рақым қылсақ еді...
Қарайтып һәм қатайтып жібереді,
Адамдар аяқ асты қылса нені...
****
Түрілсе таңда дала түндігі,
Сен жайлы өлең өргім келеді.
Сұрланып кетсе қала тірлігі,
Сенің күлкіңді көргім келеді.
Күйбең де күйбең тірлікте мынау,
Бақыт барына сенгім келеді.
Тек сенен ғажап сыр күтемін- ау.
Сенің күлкіңді көргім келеді.
Онсыз да мынау ғұмырды шолақ,
Тек саған ғана қиғым келеді.
Қызыл ерніңнен жұқтырып далап,
Өзіңді бір рет сүйгім келеді.
Мен сені кеше көрдім түсімде,
Түсіңде сен де көрдің бе мені?
Алуан да алуан көптің ішінде,
Сенің күлкіңді көргім келеді.
Сен жайлы өлең өргім келеді...
***
Аққұба өңіне алқызыл еріні жарасып,
Сиқыры арбайтын жүзіктің тасындай қарашық.
Әдейі қолменен тізгендей, ақ маржан тістерін,
Көрсете күлгенде...
...лажысыз кетердей таң атып.
Тәп- тәтті қылығы қыдықтап, кереді қастарын,
Нәп- нәзік, салалы саусағы тарайды шаштарын.
Сол қызды ойласам ұмытам тұп- тұтас әлемді.
Мызғымас уақыт та, міз бақпай тоқтайды қас қағым.
Жылт етіп сырғасы, сұп- сұлу мойынын бұрғанда,
Жарықтық! Ажарын пейіштің нұрымен жуған ба?
Дәл сондай ғаламат ғажапты көрмегем мен бұрын,
Дәл содан асатын сұлулық көргем жоқ бұл маңда.
МЕН ОНЫ СҮЙЕТІН ШЫҒАРМЫН...
Мен олсыз бір мұңмен сыңармын,
Неге оның жанына құмармын?
Сездірмей аймалап көзіммен,
Білмеймін...
...Мен оны сүйетін шығармын...
Кім білсін, бір күні...
... Кеш батып, көкжиек қылаң нұр,
Мен оны бақытты қылармын.
Неліктен аңсарым ауады?
Мен оны сүйетін шығармын...
Бір күні мен оның жанында,
Кеудеме гүл тағып тұрармын.
"Алдамайды армандар"- дейді ғой,
Әзірге бәріне шыдармын.
Мен оны сүйетін шығармын...
Ішінде ақ сағым мұнардың,
Тек үнсіз ішімнен тынармын.
Кешегі бозбала шағымдай,
Шынымен...
...Мен оны сүйетін шығармын.
Аршып ап ішінен тұманның,
Елітті ырғағы бір әннің...
Дәл осы симфония саз сынды
Мен оны сүйетін шығармын.
Серттессек қайтеді онымен?
Сөзіндей айнымас құранның.
Мендегі тылсымды ұғар кім?
Бір ғана серт берсе болғаны...
Мен оны сүйетін шығармын...
Бұлттардай аспанда сейілген,
Ғайыпқа сіңбесін шырайлым.
Ақ ұлпа мамықтай сезіммен,
Мен оны сүйетін шығармын.
Расымен сүйетін шығармын...
ЕСІЛ
Қанша күнә шайылып толқынына,
Қанша көз жас тамды екен жағасында?
Сонда да селт етпестен, есіркемей,
Есіл өзен, еркелеп ағасың ба?
Еліктейін толқының тұра қашқан,
Сезімдерді жаулайды...
Жаулайды сұрамастан.
Елік- толқын уақыттай зымырайды,
Бөгелместен, және де құламастан!
Екі арасын қақ жарып паң қаланың,
Елең қылмай...
Кімдердің бақ тапқанын, сорлағанын.
Жүрегімдей бүлкілдеп ағып жатқан,
Кербез өзен, кейпіңе таң қаламын.
Кім қуанып жағаңда қайғырды кім?
Тағы кімнің күнәсін шайдың бүгін?
Сыр бүгіп, міз бақпастан ағып жатыр,
Ажарына көшіріп айдың нұрын.
Таң сібірлеп, содан соң кешің де өтіп,
Есіл өмір, барады көшің кетіп.
Мен отырмын еке алып өткенімді,
Жағалауда, Есілге есім кетіп.
Үйіріліп қанша көз қарасында,
Қанша көз жас тамды екен жағасында?
Ойым кетіп барады жаза алмаған,
Ойдым- ойдым толқынның арасында...
Бақытқа бөлеп нәзік жүрегін,
Жанымды нұрға малып ап,
Мен оны аялағым келді,
Алақаныма салып ап.
Мен оны сыйлағым келді,
Дұшпан күдіктен айығып.
Сансыз гүлдерді жинағым келді,
Жанын бар мұңнан айырып.
Мен оны қорғағым келді,
Өмірдің дауылдарынан.
Адаспай бірге жүргім келген- ді,
Тағдырдың сағымдарынан.
Мен оны жар қылғым келді,
Жар болса тәңір біздерге.
Ең бақытты жан қылғым келді,
Бақыттан күдер үзгенде.
Жаны жабырқап, күйзелген сәтте,
Құшағыма алсам деген ем.
Құдайдың шебер туындысы деп,
Тек соны ғана теңеп ем.
Ойлаған едім еркелетсем деп,
Болса деп едім серігім.
Көңілі мұңсыз, көркем етсем деп.
Ертегі етсем деп өмірін.
Ол ше?...
Түсінбеді...
***
Түнгі ауаны жұтып алып мұздаған,
Сары көрпе жамылады күз- ғалам.
Емдеп менің берер ме екен түн мынау?
Жүрегімді сыздаған...
Тыныштығын бұзғаннан соң өкпек жел,
Астаң- кестең дүрлігеді көк пен жер.
Сыңсу айтып сап түзеген құстар- ау,
Мені ұмытып кетпеңдер...
Неткен мұңлы гүл күлтесі солғаны,
Неткен ауыр жапырақтың салмағы.
Олардың да орындалмай кетті ме,
Ең аяулы арманы...
Аққан жұлдыз сызып өтіп аспанды,
Көмейінде қию- қию көш қалды.
Көңілімнің әйнегіне тырс етіп,
Бұлт көзінен жас тамды...
Лайланған соң сезімінің тұнығы,
Байқалмады айдың көркем қылығы.
Ажарыңа әжім түсіп кеткен бе?
Түннің сылқым сұлуы...
Түн сылқымы, қылығыңа еліктір,
Мен ұқпайтын сыр бар болса сен ұқтыр.
Жаз ғұмыры тәмәм болды. Ал менің,
ӨМІР СҮРГІМ КЕЛІП ТҰР!...
***
Құсты қойшы! Құстар да оралды,
Күз келсе сезім неге тоналады?
Орны толмай жүргені- ай үмітімнің,
Сап, көңілім, бір реті болар әлі...
(Жағалауға жетермін шағалалы,
Бір бақытым жолығар маған әлі...)
Қымбатымды таппай қап іздегенде,
Сыр шертемін ұқпайтын жүз кереңге.
Соқыр түнде қара аспан жылағасын,
Оқылды өлең күзге, күз де өлеңге.
Бұл өмір- тағдырыңа көндігу ме?
Сұр қала тарқатты екен шерді кімге?
Қара аспанмен қосылып жыласаң да,
Бұл әлем өзгермейді енді мүлде...
Ғаламшардан қаншама күздер кетті?
Күз ешкімнің қайғысын көзге ілмепті.
Соқыр түнде қара аспан жылап алды,
Одан басқа ештеңе өзгермепті...
***
Бір суық жанымды қарып барады,
Бір мұңым кеудемді шағып барады...
Түн ғана сырыма қанық болады.
Бір күшік шәу етіп аулақта,
Аспаннан бір жұлдыз ағып барады.
Сәл шыда, жүрегім, тулама,
Сәлден соң таң атып, жарық болады.
Бір жұлдыз ағып барады... ағып барады...
Таң келіп жұлдыздар сөніп барады,
Бір үміт кеудемде өліп барады.
Әппақ ай бұлттарға еніп барады.
Суретін арманның бейнелеп,
Сол бұлттар төбемнен төніп қарады.
Арасы түн менен ақ таңның
Көңілді өлеңге жерік қылады.
Жұлдыздар сөніп барады ... сөніп барады...
Бір күдік бір үмітті түртіп қалады,
Армандар жыраққа үркіп барады.
Жұмыр ет кеудемді жұлқып қалады.
Өңешім өртеніп өксіктен,
Таңғы ауа өкпемді жыртып барады.
Уыздай ұйыған ақ таңға,
Қала кеп мың тірлік бүркіп қалады
Армандар үркіп барады... үркіп барады...
Парақта бір мұңлы шумақ қалады.
Тырналар күз мұңын жырлап барады...
Жырлап барады, жарамды тырнап барады.
Беймаза күбірлеп- сыбырлап,
Жүрегім тәтті өлең құндақтағаны,
Оларға беймәлім. Зулап барады...
Тырналар жырлап барады... жырлап барады...
КӨКТЕМГІ ЭЙФОРИЯ
Ұйқым қашып жүр осы түнде менің,
Бір келерін көктемнің білген едім...
Беймәлім бұрын осы өмірді мен,
Сүргенім, әлде мүлде сүрмегенім.
(Беймәлім бұрын осы көшелермен,
Жүргенім, әлде мүлде жүрмегенім.)
Көктемнің үлделерін- бүлделерін,
Анық қой түбі әйтеуір бір көрерім.
Өмірдің күзін көріп жауыр болғам,
Сезгенмін, көктемімнің бір келерін.
Жүрегімнен ғазиз жыр бүрлегенін,
Сездіңіз бе үміттің гүлдегенін?
Еріген қар астынан тірілтіп ап,
Былтырғы арманымның мүрделерін.
Самалдың сездіңіз бе үп еткенде?
Сол арманның желкенін үрлегенін.
Аноооу бір сұлу қыздың ажарынан,
Қайталанбас, ең ғажап жыр көремін.
(Беймәлім сүйгенім не сүймегенім,
Таң сыз бере гүл беріп үлгеремін.)
Жұлқынғаны- ай кеудемде бірдеменің,
Ұйқым неге келмейді мүлде менің?
Бетім тосып жып- жылы самалына,
Ғашық па әлде жүрегім түнге менің?
(Ұйқым қаша береді түнде менің...)
Қоштасарда біздермен қиыр құсы,
Неге осы күзге сондай үйір кісі?
Тапталады үзілген жапырақтар,
Жапырақтар- жүректің қиындысы...
Боздатып көңілімнің боз інгенін,
Сыңсып кетті тым қысқа жазым менің.
Жапырақты үзбеші, уа, қоңыр жел,
Кәрі ағаштың жасырған әжімдерін.
Жапырақтар, жаралған көктеу үшін,
Көктем үшін, тіршілік шөкпеу үшін.
Ескіріп, қоңырқайлау кейіпке еніп,
Ұқтырасың өмірдің өтпелісін.
Қайтсем екен сен солып кетпеу үшін?...
АРБАТТА...
Сырғанап гүлдің күлтелерінен моншақтар,
Безеніп қала тағынып жатты мың шоқтар.
Көңілде қаяу, нұр таппай жүрген- жалғыз мен,
Жанымды тіліп мұң- шоқпар...
Тағыда жүрдім екеуміз жүрген көшемен.
Не деймін елге "ол қайда кетті?"- десе мен?
Бейнеңді салған суретшіні іздеп сенделіп,
...Арбатқа бардым кеше мен.
Арбатқа бардым. Суретші де жоқ, сұлбаң жоқ,
Бишілер билеп, әншілер сауық құрған жоқ.
Сайтан алғыр!...
...Өлеңімді де оқыма!
Мен сені көріп тұрғам жоқ.
Жаз екеш жаз да баянсыздығын білдірген,
Күз мынау тағы...
Ажары тайған жүз гүлден...
Жазылар ма екен жазылмай кеткен жыр мүлдем?
Дәрменсіз ғана жанарымменен жер сызып,
Есалаң күйде жүрмін мен...
Сен кеткесін бе суытып бәлкім араны?
Өгейсіп қала, түксие маған қарады.
Мен сыймай жүрген даңғара даңғыл, Алматы,
Тарыдай болып барады...
Араны бөлді шақырымдар мен көп қала.
Шегінбе кейін. Ақ жалау саған! Тоқтама.
Жүректі шымшып, қылп еткізетін қой көздің,
Мөлдірін қалдыр тек қана...
Көрсең де сәлем бермес пе ең маған сен енді?
Соны ойлап кетсем жотасын шыңдар шөгерді.
Жек көремін деп өзімді алдап көргенмен,
Алдай алмадым өлеңді...
АЗАН МЕН ҒАЗАЛ
Түн жарымы.
Үстел үсті.
Ояу тек ақын ғана,
Түн көрпесін оранып жатыр қала.
Қағаз бетін аймалап шам жарығы,
Жыр күтеді, жазылар сәтін ғана.
Ай шашқанда жұлдызын мақтан көріп.
Шайырды шабыт жұтты қақпан керіп.
Шыңдар киді сан жылтыр мақпал бөрік.
Шала жыры қалғанда түнге еңіреп,
Көз жасын сүртіп берді ақ таң келіп.
Таң жеткізбей өлеңі- арманына,
Ойран салды ойының орманына.
-"Апыр- ай, бүгінгі таң күндегіден,
Сәл кешігіп келуге болмады ма?"
Ой орман тулап қалды. Шулап қалды.
Бір өлең тағы өзегін тырнап қалды.
Үнсіз ғана егіліп үстелінде,
Бір аруға жазбаған шумақ қалды...
Ұға алмай тұр, таң ба әлде кеш кірді ме?
Есеңгіреп, аңқасы құрғап қалды.
Мешіт жақтан бір әуен естілді де,
Бар әлем бір азанды тыңдап қалды
Сондай әсем бір дауыс айтқан азан,
Сананың қатпарында құндақталды.
Өлеңнің ғайып болып музыкасы,
Молда оқыған құраннан ырғақ қалды.
Ысырып салды- дағы ол шығарманы,
Елегзіп сол ырғақтан шыға алмады.
Апыр- ай, сол мезетте түседі еске,
Бір басыңа жетерлік күнәң бары.
Түседі еске сүрелер құрандағы,
Өмір деген сынақтан құралғаны.
Бір сәттік азан сонда айтып кетті- ау,
Бар сөздерді...
Ғазал деген ғұмырлық дұғаңдағы.
Тыпыршып бір орында ол тұра алмады...
Жатын бөлме- аядай жыр алаңы,
Көз алдында сүйгені сыланады.
Бөлме ішіне көлденең жолақ сызып,
Әйнектен таңғы сәуле сығалады.
Содан ақын жүрегі жай таба алды,
Шала жыр тіл ұшында қайталанды.
Әлгі ару елес беріп таранғанда,
Музыкасы өлеңнің қайта оралды.
Жазды сосын...
...Сүйгенімен өткізген сағаттарын,
Алланың қалауымен таң атқанын,
Еркелей кеп мойнына асылған жан,
Беу, құдай- ай!!!
Не деген шеберлікпен жаратқанын...
Бөлме ішіне ентелеп шуақ нұрлы
Әуеніне жүректің құлақ түрді.
Түнектен суырылып шыққан ару,
О, ғаламат!...
Сүйінші сұрап тұрды
Мешіттің күмбезінен шағылысып,
Ақынның жүзіне ерек шырай келді.
Нұр жамылған жүректен параққа кеп,
Мөлдір- мөлдір ғазалы құлай берді.
Оның бәрін тек қана құдай көрді...