"Мен туған ауыл – Саралжын, мен үшін мәңгі — Сары алтын"

Ақын 1953 жылы Ойыл ауданы Саралжын селосында дүниеге келді. 1974 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Саралжын, Құрманов, Саға орта мектептерінде директор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде аға оқытушы, облыстық халық шығармашылығы үйінде директор қызметін атқарды. Бүгін жерлес ақын ағамыздың туған күніне орай өлеңдерін оқырманға ұсынамыз.

Біз – оқитын өлкенің тұрғынымыз

Оқымасақ өтпейтін бір күніміз,
Біз – ерекше елденбіз, үлгіліміз.
Ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінбейтін
Біз – оқитын өлкенің тұрғынымыз.

Біздер – гүлміз, шығатын жарып тастан,
Ақ бұлақпыз, теңізге алып қашқан.
Өнер, өлең, ғылым боп құштарымыз,
Тал бесіктен тағылым қалыптасқан.

Осы жолды ел болып таңдап алып,
Ұландардың бағы да жанғаны анық.
Оқитұғын өлкеде – бар болашақ,
Осы өлкеде сәт сайын сан жаңалық.

Осы өлкенің қысы да, жазы да аңыз,
Осы өлкеде – ең әділ қазы нағыз.
Бізге қосыл, Ағайын,
Мәңгілікке
таусылмайды мол мұра – қазынамыз.

Бұл ғасырда, біледі жаран мұны,
Талаптыға жоқ ғылым сараңдығы.
Ұлы парыз, - үйрену, оқу, тоқу
Оқымаған адамның қараң күні.

Бар жақсысын жайып сап, тізді таңдар
Сара жол, - деп саналы ел бізді таңдар.
Басқа өлкеден ешқашан табылмайтын,
Ел арманы – осында, ізгі жандар.

Сынаптай бір, сусыса самала күн,
Ой-санаңды сәт сайын жаңалағын.
Іздегенге – бақытқа баратын жол
Осы өлкеде
Бар кілті замананың.

ҚЫЗЫЛ СЕРІ

 Нардың жүгін көтерген жан

Нарға мінбей өткенсің.

Қызыл тілден от өрген жан

Оттай қызды өпкенсің.

 

Жүрген жерің думан еді

Тарқамайтын базарың.

Жан баласы — тумаң еді,

Қадірлейтін қазағың.

 

Әнмен тербеп алапты бар

Есімің ел шарлады.

Үлгі болдың талаптыға

Тұнжыр көздің арманы.

 

Сал Мұхит та алды сынақ

Батасы оның құт болып.

Жүрдің елдің алғысын ап,

Апталып та күптеліп.

 

Сарқылмайтын ән-жыр едің,

Жаратылған өнерден.

Ғашықтардың жан-жүрегің

Алғысына кенелген.

 

Сүйгендерді табыстырдың

Жол тауып сан қиыннан.

Жебеушісі намысты ұлдың

«Пір», — деп сені сиынған.

 

Көкжар, Теке, Жаманқала

Тұзтөбе, Үйшік, Орынбор.

Барша құрмет саған ғана

Түсіп аттан төрін көр.

 

Ойыл, Еділ, Жайық елі

Бір көруге таласқан.

Қызыр едің — Қызыл сері

Ән оздырған Алаштан.

 

Зілзала жоқ, соғыс та жоқ,

Ел де аман, ер де аман.

Құт-береке алыстаған

Келді қайдан кер заман?!

 

Сар дала — өрт, көңілде — дерт,

Өшті ошақта от-анаң.

Мешін-тауық, беріп пе ең серт

«Саламын, — деп, — топалаң».

 

Дәме етіп ең, суынды ішің

Тайыз екен ақылы.

Бере алмады жуындысын

Шәкет байдың қатыны.

 

Арда елдің ардағы едің

Бастағы жай осы енді.

«Итке күнім салма, — дедің, —

Қош, Бабатай, қош енді».

 

Саусағыңмен қар уатып,

Сары құмды көп құштың.

«Сары иректі» аңыратып,

Сағым болып көкке ұштың.

 

Солай дәурен өтті бастан

Ай жылады сол түні.

Әніңді алып кетті аспан,

Ойылдың нар толқыны.

 

 

ҚЫЗ ЖАҢҒАҚ

Қызы едің қырмызыдай малды адамның,

Қауқарлы қатарынан қалмағанның.

Көкжардың көктемдегі жәрмеңкесі

Сен үшін басы болды арман-әннің.

 

Жәрмеңке күні — тірлік, кеші —- сауық,

Аспаннан таң атқанша ән-күй жауып.

Сүттей ақ, айлы түнде уыз тамған

Қыз-жүрек алып-ұшқан теңін тауып.

 

Төлеген-Шәли Кете, ұнатқаны,

Сол түні-ақ көңіл кеткен құлап тағы.

Қызылды1 бетке ұстаған ғашық жігіт

Сылтау ғып, қызды ауылды тұрақтады.

 

Қаңқу сөз қызды ауылда өреді енді,

Жантықтар өсекті де тере берді.

Жалаң аяқ Шәлиге қыз бермен деп,

Қыз әкесі сабатты Төлегенді.

 

Тиді ауыр Төлегенге сынақ түрі,

Махаббат та пір тұтар тұрақтыны.

Етке тиген таяққа төзіп еді,

Жанға батты Жаңғақтың жырақтығы.

 

 

Біреу аяп, бұларға бірі күлсе,

Гуілдеді әркім-ақ білігінше.

«Төлегенге Жаңғақ жоқ, — деді бәрі, —

Қыз әкесі Байтөре тірі жүрсе».

 

— «Серігімсің, сеніскен сері досым,

Сен тындыра алардай көрінесің.

Хабар әкел Жаңғақтан өлер болдым,

Құдай бізді ынтық қып телігесін» —

 

Деп, Төлеген Қызылға шақты мұңын

Махаббаттың әуресі — тәттілігі.

Дос меселін қайтармай сері Қызыл

Байтөре ауылын бетке алды сәтті күні.

 

Байтөре де мән-жайды аңдатқызды,

Аттатпады үйінен Жаңғақ қызды.

Шабарман сақ, иті сақ, өзі де сақ,

Сақтықпенен ширығып таңды атқызды.

 

Бұлар солай күзетпен таңды ұрып жүр,

Қызыл әні аспанда жаңғырып жүр.

Ал серінің ойында жоқ ештеңе

Ел сусынын жырымен қандырып жүр.

 

Соңғы кезде бай басқа ой ілгендей,

Тұра алмады серіге пейілденбей.

«Төлегеннен тыңшы боп келді», — деген

Түкпірдегі күдігі сейілгендей.

 

Қыз баққан үй, біз де бір — дуанамыз,

Сұмырай кеп қалғандай суаламыз.

Сараң деген ат таңып кетер пәлең —

Секемденді серіден дуалы ауыз.

 

Жаңғақжанды жасыттым қамап қанша,

Ұққан шығар өткеннен сабақты алса.

Семіз ісек сойылды, сол түн кеште

Жырлатқызды Қызылды таң атқанша.

 

Әуезді үн, отты жыр жанға дәру,

Тыңдаушы ойы — ләззатты қамдап алу.

Жеңгесінің жанында үнсіз ғана

Көп ішінде отырды Жаңғақ ару.

 

Бойды күдік билесе шайтан-дағы,

Бай көңілі ілкі ойдан қайта алмады.

Сері қызбен ымдасып қала ма деп,

Бағып еді, ештеңе байқалмады.

 

Содан кейін көңілі тынышталды,

«Секемшілдік еттім, — деп, — қуыстанды. —

Ертең қонақ аттанар, сол мезетте

Мен жасайтын ендеше бір іс қалды.

 

Дүние — құрт, қызартып көзге қонар,

Мұндай жандар ел қаңғып, кезбе болар.

Айта жүрсін, атымды шығарайын,

Жан емеспін, бекерге сөзге қалар.

 

Естіртейін басқаға үлгі-үнімді,

Көп көрсе де күншілдер бұл күнімді.

Аңқылдаған неме ғой, мақтап кетсін

Бөрі де жеп кетпей ме бір құлынды».

 

Ойын түйді Байекең күрмеп енді,

Бойы сергіп, байыпты түрге де енді.

«Алып кел, — деп жіберді жылқышыға, —

Арда күрең тұқымы бір дөненді».

 

— Өнерлі жан өзіңдей көрмегем бек,

Елден ұят ықылас бөлмеген, — деп.

Топ көзінше дөненнің тізгінін ап,

Сері алдына ұсынды көлденеңдеп.

 

— Қабылдайын, Байеке, сыйыңды шын,

Мен емес ем, дүниеге үйір кісің.

Қалдырайын аманат сіздерге, — деп

Қызыл айтты сөзінің түйіндісін:

 

— Сәйгүлік қой, бұл күрең, шашалы да,

Сеніп тұрмын даңқының асарына.

Ұзатылар күн болса Жаңғақ жанның

Болсын, — деді қосқаным жасауына.

 

Ел шу етті серіге қайран қалып,

Бос кетер ме, құр жырлап, сайран салып?

Байтөре мәз, мырза адам болып қалды

Малсақ байғұс дөненді айналды алып.

 

Жұрт жамырап, қаумалап алқымда тұр,

Ел алғысын армансыз алдың батыр.

Қош айтысып, оң жаққа жалт қараған,

Қыз Жаңғақ кеп жәудіреп алдында тұр.

 

Қас қағым сәт, — уақыттың азы тіпті,

Сергек сері арудың назын ұқты.

«Сүйгеніме сертімді жеткіз сері», —

Қыз көзінде ап-анық жазылыпты.

 

Аңғарды ол, сағыныш жүдеткенін,

Талықсытып сан, талай күн өткенін.

Сері бәрін түсінді,

байқап қалды

Оң қабағы Жаңғақтың дір еткенін.

 

Сері аттанды ырза боп, бапқа-барға

Ықыластан ер жігіт бақ табарда.

Ән қалдырды — қазына, дүйім елге

Ел есінде сол әндер жатталар да.

 

Көңілі тоқ, ырза боп келеді елге,

Қуанышқа құрбысын бөлегенге.

«Қыз сертінде, күтеді» — деді Қызыл

Екі көзі төрт болған Төлегенге.

 

— Жаңғағымды көрдің бе, тілдестің бе,

Жолықтың ба, сездірмей мүлде ешкімге.

Астына алды сұрақтың ғашық жігіт,

«Сүйгенімсіз жер басып жүрмеспін де».

 

— Аңдушы көп, көз де көп, жолықпадым,

Тілдеспесем ол сонша болып па мұң.

Аттанарда қабағы дір етті ғой,

Бар жағдайды сол сәтте мол ұққамын.

 

Көрдім анық, қабағы дір еткенін,

Сағынышын өзіңе үдеткенін.

Қабағынан айтарын оқып алдым,

Дір еткені қабақтың — жүректегі үн.

 

Маған қымбат өзіңдей дос қадірі,

Уайымның жоқ мүлде босқа орны.

«Бесқонақты» өткізіп барамыз», — деп

Досы үшін баптады қос торыны.

 

Гүл шығады ғажап-ау тасты жарып,

Жаужүрек қой, жасымас жастық анық.

Тасығанда ұлы Ойыл Төлеген де,

Кетті алыс Жаңғақты қашты да алып.

 

Жосықсыз жан ел ішін жау етер де,

Ал бұл іске жөн шығар тәу етерге.

Қызыл сері оларды қосып тынды,

Досы үшін бас тігіп тәуекелге.

 

Ғашықтарға үлгі — жол тәрізденіп,

Бұйығы ел гуледі маңыз беріп.

Ел Қызылды батырға балап кетті,

Тапқырлығы серінің аңыз болып.

 

Өмір көшін қандай жан дұрыстар-ды,

…Гулеген ел сәл кейін тынышталды.

Махаббат пен достықтың айғағы боп,

Ел жадында жаңғырар бір іс қалды.

 

Әрі қарай… жоқ, ешкім жалғамапты,

Бітпей қалған әңгіме… жанға батты.

Куәсі боп өткеннің Қызыл айтқан

Қос нұсқалы ән қалды Жаңғақ атты.

Өнер
10:34, 12 март 2025
2
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив