«Шаршадым...» Ақтөбелік жігіттің өкініші
Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны Мараттың (кейіпкердің аты-жөні өзгертілді-ред)мефедрон қолданғанына 4 жылдан асқан. Бір кездері жастықтың буымен есірткінің “рахатын” сезінген ер адам бүгінде өткен ісіне өкінеді.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
jansaya_esmaganbet
Қазір облыстық психикалық денсаулық орталығында емделіп жатқан кейіпкермен “Керек info” газетінің тілшісі сұхбаттасты.
- Орталыққа келіп, есірткіден емделіп жатқаныма бір аптаға жуықтады. Өз еркіммен келдім. 2021 жылдан бастап мефедрон қолдана бастадым. Ортам дұрыс болмады. Арасында есірткіні тастап кеткен кездерім де болды. Ол кезде Ақтауда жұмыс істеген едім. Ақтөбеге оралған соң жаман әдетіме қайта бастым. Қазір қателігімді түсіндім. Есірткіні қойғым келеді. Шаршап кеттім. Есірткі алу үшін әркімнен қарыз аласың. Үйдегілерден де ақша сұрайтын едім, -дейді ол.
“Бәрі уақытша екен”
Марат бір рет дәмін тартқан есірткінің құрдымға құлататынын кеш түсінген. Әңгіме барысында көзіне жас алған жігіт емделіп шыққаннан кейін жаңа өмір бастайтынын айтты.
- Мефедрон қолданбайтын достарым маған жау сияқты көрінетін. Олардың айтқан ақылын тыңдамадым. Ал есірткі тұтынатындардың арасында өзімді көңілді сезінетін едім.Мифедрон шегіп, иіскегенде бәрін ұмытасың. Басқа өмірде жүргендей сезінесің. Бірақ оның бәрі уақытша екен.Қазір барлығын түсіндім. Есірткі қолданғаннан кейін тамақ ішпейсің. Ұйқың қашады. 2-3 күндеп жүре бересің. Ашушаңдық пайда болады. Әке-шешем менің жаман әдетімді, осында емделіп жатқанымды білмейді. Емделіп шыққан соң бұрынғы достарыммен байланысымды үзіп, жаңа өмір бастағым келеді. Ортаны дұрыс таңдау керек екен,-дейді ол.
Нашақор жастар көбейді
Алайда Марат секілді өзінің есірткіге тәуелді екенін мойындап, емделгісі келетіндер саусақпен санарлық. Есірткіге тәуелді науқастарды оңалту бөлімінің меңгерушісі Айман Жұмашеваның айтуынша, емдеу мекемесіне бір жылда бірнеше рет түсетіндер бар. Дені-Ақтөбе облысының тұрғындары. Өзге өңірлерден де келетіндер бар. Дәрігер соңғы кезде есірткіге тәуелді адамдардың арасында жастардың көбейіп кеткеніне алаңдаулы.
- Науқастардың көбі-Ақтөбе қаласының тұрғындары. Хромтау ауданынан келушілер де көп. Бұдан бөлек Ақтау, Атырау мен Оралдан келіп, анонимді түрде ем алатындар да бар. Кейін оларды Павлодардағы оңалту орталығына жібереміз. Есепке тұрған науқастарды психолог, психотерапевт мамандары қарап, ем жүргізеді. Есірткіге тәуелді болғандардың арасында ер адамдар көп. Ең үлкені 56 жаста болса, кішісі 17 жаста. Әсіресе, соңғы уақытта нашақорлардың арасында жастардың көбейіп кеткені алаңдатады. Қыз балалар, студенттер көп түседі. Жақында емдеу мекемесіне жедел жәрдем арқылы бір қыз бала түсті. Қарабұтақ ауылының тумасы, студент. Құрбыларымен кафеге барған. Сол жерде жігіттермен танысады. Белгісіз бір сусынды ішкен. “Көз алдымда бір тұман басталып кетті. Содан кейінгісі есімде жоқ. Көзімді ашқанда, қайда жатқанымды түсінбедім. Мені жедел жәрдеммен әкеліпті. Енбі бұл жерге қайтып келмеймін” деп жылады. Жастардың көбісі не істеп жүргендерін түсінбейді. Кейбірі білместікпен осындай жағдайға барады,-дейді нарколог-дәрігер.
Емнің нәтижесі емделушіге байланысты
Қазір есірткіге тәуелді науқастарды оңалту бөлімінде 33 науқас ем алып жатыр. Науқастарға тегін ем-домнан бөлек 4 мезгіл тамақ пен жатын орын беріледі. Тек емделуге ниет болса болғаны.
- Біз барлық ем-шараларын жасаймыз. Алайда есірткіге тәуелділіктен арылу адамның өзіне байланысты. Көбісінің отбасы жоқ. Тұрмыс жағдайы нашар. Басым бөлігі-түрмеден шыққандар. Көпшілігі өзінің есірткіге тәуелді екенін, ауру екенін мойындамайды. “Тек бір-екі рет дәмін таттым” деп айқайлайтындар бар. Артынан артық кеткендерін айтып, кешірім сұрап жатады. Емделушілер өздері ниеттеніп, алдарына мақсат қойып келсе есірткіден құтылар еді. Қазір емделіп, жеке оңалту орталықтарында жұмыс істеп жүрген бұрынғы емделушілеріміз де бар. Көрген кезде алғысын айтып жатады. Ондай кезде еңбегіңнің еш кетпегеніне қуанасың,-дейді Айман Жұмашева.
Нашақорлардың нақты саны жоқ
Бүгінде өңірдегі нашақорлардың нақты есебі жоқ. Олар ресми статистикадан да көп болуы мүмкін. Мұны орталық мамандары да растайды.
- Бізге өз еркімен немесе туыстарының ықпалымен келеді. Соттың шешімімен еркінен тыс мәжбүрлеп емдеу бөлімі де бар. Соңғысында науқастар 6 айдан 1 жылға дейін емделеді. Емделуге келетіндердің көбісінің тұрақты жұмысы жоқ. Баратын жері жоқтар да бар. Өйткені олар жүйелі түрде есірткі қолданатындықтан, есепте тұрады. Кейде жұмыс істейтін, жағдайы жақсы адамдар да келеді. Ата-аналары баласының жағдайын біліп, анонимді түрде емдетеді. Қазір бізде наркологиялық есепте 1400-ден астам адам тұр. Алайда нақты көрсеткіш мүлдем басқа. Көбісі жеке орталықтарда ем алады. Өйткені олардың жұмысқа орналасу, құжат рәсімдеу мен қоғамда өмір сүру құқықтары шектеледі. Көбісі содан қорқады. Нашақорлардың ойынша, бәріне қоғам, қоршаған орта кінәлі. Тек өздері емес. Жақсы өмірден есірткіге әуес болмағандарын айтады. Әке-шешесін, достарын кінәлайды,-дейді психолог Гүлназ Сұлтанова.
Екі қабатты емдеу мекемесінің ішінде түрлі тағдыр бар. Басым бөлігі есірткіге ақша жетпегенде, енді бірі денсаулығы нашарлағанда не болмаса туыстарының ықпалымен келеді. Ем іздеп, өз еркімен келетіндердің қатары аз. Тіпті туған-туыстарына керексіз болып қалатындар бар.
- Осында жұмыс істегеніме 40 жыл болды. Бір оқиға әлі күнге дейін есімде. Егде жастағы ер адам реанимацияда 15 күн жатып, қайтыс болды. Әйелі мен қызы бар екенін, ажырасып кеткенін айтып отыратын. Бірақ емделіп жатқанда артынан бір адам іздеп келмеді. Темекіні әркімнен сұрап, тартып жүретін. Әкесі қайтыс болғаннан кейін қызы келіп, қайтыс болғаны туралы анықтама алуға келді. Оның “Әкемді қайтарыңдар” деген сөзін әлі ұмытпадым. Әкесінің денесі мәйітханада 5 күн жатты. Қызы мәйітхана шығынын төлеуге ақшасы жоқтығын айтты. Бірақ түрі жұпыны көрінбеді. Сөйтсек, әкесінің атында үш бөлмелі пәтер бар екен... Ата-аналар балаларының үйден ақша ұрлап, есіл-дерті есірткі болатындығын айтып жылайды. Бір үйдің жалғыз баласы түсті. Ақша бермесе, әке-шешесін қорқытады екен. Ұрлыққа барады. Үйдің берекетін алады. Тіпті тоңазытқыштағы тамаққа дейін сатады екен. Бізге келгенде туыстары “Ең болмаса, 10 күн жатып шықса екен. Демалып қаламыз” дейді,-дейді дәрігер-нарколог. Маманның айтуынша, қазір жастардың арасында тұз, мефедрон секілді синтетикалық есірткілер ерекше сұранысқа ие. Ал ересектер көбіне тағам әзірлегенде қолданылатын көкнәрдан (мак) есірткі дайындап, қолданады. Интернет арқылы есірткі сататындардың да саудасы қызып тұр.
Қазір Ақтөбе облысы бойынша психикалық денсаулық орталығында 7819 адам есепте тұр. Соның ішінде 1435-і - есірткіге тәуелді адамдар. Былтыр зиянды заттарға әуестігі үшін кәмелеттік жасқа толмаған 2 бала бақылауға алыныпты. Оның біреуі-есірткіге құмар.
World population Review ұйымының 2024 жылғы мәліметінше, Қазақстан есірткі тұтыну бойынша 8-орында. Сарапшылардың бағалауы бойынша, есірткі қазақстандықтардан өмірін 3,7 жылға қысқартып отыр. 2025 жылғы дерек бойынша, есірткіге тәуелді 17 мың адам диспансерлік есепте тұр.
Зиянсыз және қауіпсіз есірткілер болмайды: кез келген есірткі улар санатына жатады және алғашқы минуттан бастап денені уландырады. Тіпті ең «қарапайым» есірткінің өлімге әкелетін дозасы бірнеше грамм ғана. Мысалы, кокаиннің өлімге әкелетін дозасы – бар болғаны 1,2–0,2 грамм. Ауыр және синтетикалық есірткілердің өлімге әкелетін дозасы жүздеген есе аз болады.Психоактивті заттарды қабылдайтын адамның орташа өмір сүру ұзақтығы – 25 жыл. Есірткіге тәуелді адамдардың 97%-ы 3-4 жыл ішінде өледі.


