Ақтөбеде Әлиялар бас қосты

Үш кезеңнен тұратын рухани жиын
Форум үш негізгі кезең бойынша өрбіді. Алдымен қатысушылар Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, үнсіздікпен еске алып, батыр рухына тағзым етті. Бұл сәт — құрмет пен ризашылықтың, ұрпақ пен ерлік арасындағы рухани байланыстың символына айналды.
Келесі кезекте «Әлияға құрмет!» атты ерекше форматтағы шеру өтті. Бұл шеруде жүздеген Әлия есімді арулар сап түзеп, қазақ халқының батыр қызына деген тағзымды есім сабақтастығы арқылы көрсетті. Шеру көрермендер мен қала тұрғындары үшін ерекше әсер қалдырды.
Үшінші кезең мазмұн тереңдігімен, эмоциялық толқыныспен ерекшеленді. Әрбір Әлия есімді қатысушы ортаға шығып, өз есімінің тағдырына қалай әсер еткенін, қандай рух бергенін айтты. Форумда түрлі салада жетістікке жеткен Әлиялар марапатталып, арнайы шығарылған анықтамалық кітапшалар табысталды. Бұл кітап алдағы уақытта аудан-ауданды аралап, форум эстафетасы жалғасады деп күтілуде.
Әлия есімі – мақтаныштың символы
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумға бастапқыда Ақтөбе қаласынан 100 Әлия шақырылады деп жоспарланған. Алайда санаулы күндер ішінде қатысуға ниеттілер саны еселеп артып, барлығы 300-ге жеткен. Қалада бүгінде 1200-ден аса, облыс бойынша 3000-ға жуық Әлия есімді қыз-келіншек тіркелген екен.
Форумға қатысушы арулардың арасында есімі мен тегі батыр Әлиямен толықтай сәйкес келетін екі адам болды. Бұдан бөлек, дәл Әлия Молдағұлованың туған күні дүниеге келгендер де форумда ерекше құрметке ие болды. Ең жас қатысушы – екі айлық сәби, ал ең үлкені – 88 жастағы ардақты ана.
Айта кетерлік тағы бір қуанышты жаңалық — форум өткен күні таңғы 7:45-те облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген нәрестеге де Әлия есімі берілген.
-10 маусым күні Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесіне қарасты мәдениет үйі облыстық деңгейде Мен Әлиямын арулар форумы өткізді. Форум Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналады. Форумға Ақтөбе қаласынан, аудандардан 300 адам тіркелді. Оның ішінде 2 айлық сәбиден, 88 жастағы анаға дейін бар. Шараның негізгі мақсаты Әлия есімін ұлықтау. Айта кететін қуанышты жаңалық, айтулы күнде облыстық перинеталдық орталықта таңғы сағат 7.45 те Бітімбай Әлия Русланқызы дүниеге келді,-дейді “Қурайлы” мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Сандуғаш Таубаева.
Ең үлкен Әлия батасын берді
Қатысушылардың ең үлкені 88 жастағы Әлия Кенжеалықызы өзі форумға қатыса алмаса да өзінің ақ батасын берді.
- Шараға қатысушылар сапарларын сәтті, қадардарын құтты болсын. Әлия атына сай болып, батыр, қайсар мінезді болыңдар. Қазақ деген қайсар халық өсиетін қанымен жаза алатын, дұшпанына қаймықпай бара алатын адалдықты мойнына тұмар қылып таға алатын мықты халық болған. Соған лайықты болыңдар. Сендердің өмір жолдарына мен тілектеспін. Жолдарың ашық болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бейбітшілік заман болсын.
Алла қолдап белдесін
Шарқтың оты сөнбесін
Ешқашан да бастарында қайғының оты төнбесін
Дастархының гүл-гүл жайнасын
Бақшанда бұлбұл сайрасын
Жасаған ием жар болып
Бастарыңнан бақтарын таймасын
Салт-дәстүр мәңгі орнасын
Ел ішінде еш жамандық болмасын
Қырықтың бірі қыдыр боп
Тілден,көзден қорғасын
Балаларын өсіп ер жетіп
Тойыңа халық ағылсын
Мұнардың шамы жағылсын
Немере, шөбере сүйдіріп
Шаңырақтарында бақыт табылсын
Тасый берсін дәулетін
Жарасып сән сәулетін
Қауым ел болып,
Өсіп-өнсін әулетін
Бағың, бала-шағаң аман болсын
Тыныштық заман болсын
Табиғат таусылмайтын ырзық берсін
Тартулы дастарханда тағам болсын
Абырой амандықтарын арта берсін
Бақ-дәулет қатарынан бірге келсін (Әумин)


Әлиялардың әсерлі әңгімелері
Форум аясында Әлия есімді қыз-келіншектер өз тағдырлары мен есімдерінің тарихымен бөлісті. Олардың ішінде білім мен медицина саласында еңбек етіп жүргендер көп. Мәселен, 58 жастағы дәрігер Әлия Молдағұлова есімінің тегін емес екенін айтып, 35 жылдан бері медицинада еңбек етіп жүргенін жеткізді.
Ал 23 жастағы мұғалім Әлия Молдағұлова мектеп кезінде есімі үшін мазақталғанын, есейе келе батырдың атын мақтан тұтып, өзін батырдың жалғасындай сезінетінін жасырмады.
- Ресейдің, Орынбор облысында дүниеге келдім. Үш жасымда Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Қазіргі уақытта орыс тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беремін. Есімімді әкемнің апасы қойған. Әлия апамыз сияқты батыр қыз болсын, рухтанып жүрсін деп ырымдаған. Атамның атасының аты Молдағұл. Мекетеп кезінде балалар мазақтайтын еді. Соған түсінбей ашуланып, есімімді, фамилиямды ауыстырғым келетін еді. Өсе келе түсіндім менің аты-жөнім тегін емес екенін. Батырдың құрметіне қойылғанын білдім. 10 сыныпта “Мерген Ару” конкурсына қатыстым. Ол кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан марапат алдым. Содан кейін аты-жөнімді айтқанда мақтанып, қуанып жүретін болдым. Студент кезімде қызықты жағдайлар көп болды. Аты-жөнімді айтқанда кейде адамдар сенбей қалады. Жеке куәлігіңізді көрсетесіз бе деп сұрайтын кезде болған. Есімім Әлия болғанына қуанамын. Көп жерде фамилямды, атымды сыйлап алға шығарып, құрметтеп жатады.
Журналист Әлия Оразай да есімінің өзіне рух беретінін, кез келген істі батыл бастауына себеп болатынын тебірене жеткізді.
- Мен Темір ауданы, Қайыңды деген елді мекенде туып өстім. Менің есімімді Әсем деген туған апам қойған. Ата-анамның 13-ші перзентімін. Қазіргі уақытта сегіз бауырым бар. Мен үйдің кенжесімін. Есімім бойтұмарым. Әлия деген сөзді естігенде көкірегімді қуаныш кернейді. Ешқашан есімімді сыбырлап, жәй айтқан емеспін. Әрқашан мақтананышпен айтамын. Адамның есімі тағдырына әсер етеді деген рас қой. Кішкентайымнан есімімді зерттегенмін. Есімім маған дұрыс жол көрсетіп тұратын сияқты. Кез келген істі бастарда, маңызды сәттерде өзіме рух беремін. Қолымнан бәрі келеді деп өзімді жігерлендірімен. Мінезім де батыл, қайсар. Мен білетін Әлиялардың бәрі мықты. Батырларымыздың есімдері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табу керек. Шет елдің есімдерін қойғаннан көрі, өзіміздің батырларымыздың есімдерін қойған дұрыс. Балаға есім қоярда дұрыс таңдау керек. Әлия форумын ұйымдастырушыларға мың алғыс. Болашақта үлкен жобаға айналуы тиіс деп ойлаймын.
78 жастағы Әлия Райымбайқызы есімінің елге, жерге деген сүйіспеншілікті оятқанын айтса,
-Есімім Әлия болғанына ризамын. Бес ұлдың анасымын. 13 шөберем бар. Әкем 5 жыл соғысқа қатысқан. Елге сыйыл азамат болған. Өзімнің бойымда да елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік патриоттық сезім бар. Біздің батыр апаларымыз Хиуаз, Әлия, Мәншүк сияқты қайсар, рухты қыздарымыз көп болсын. Шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Еліміз аман болсын. Бейбітшілік заман болсын. Аспанымыз ашық болсын.
Зейнеткер Әлия Қуатова бұл шараның тәрбиелік мәніне тоқталып, немерелеріне де батырларымыздың есімін қою ниетінде екенін жеткізді.
-Ойыл ауданында дүниеге келдім. Мұғалім болып қызмет жасадым. Темір колледжінде сабақ бердім. Сол жерден зейнетке шықтым. Әлия форумы ауқымды шара болды. Тәрбиелік мағынасы зор. 100 жыл өтсе де батыр апамыздың аты айтылып рухталып жатыр. Екі ұлым бар. Болашақта немерелерімнің атын батыр апамыздың атын ұлықтап Мәншүк деп қойғым келеді.
Әлия Есетова, 74 жаста
-Киелі Қобда жерінде дүниеге келдім. Қазіргі уақытта Қорайлыда тұрамын. Әкем соғыс ардагері. Әлияның құрдасы. Былтыр 100 жасқа толды. Менің есімімді әкем соғыстан келгеннен кейін батыр қыздың атын қойған екен. Әкем соғыстан аман-есен 1945 жылы оралды. Жарақат алған. 30 жылдан кейін белі ота жасалды. Үш қыз, бір ұлым бар. Немерелім оннан асады. Әлия есімін алып жүру мақтаныш деп едім. Әрі әкем соғыс ардагері, қызының есімі Әлия болса, батыр Әлияның құрдасы болса қалай мақтанбайсын? Жастарға айтарым баланың есімін үлкен кісілер қойған дұрыс.
Әлия Смағұлова, 70 жаста, зейнеткер
-Әлия апамыздың 100 жылдық мерекесіне орай құрметке ие болып жатырмыз. Форум өте жақсы деңгейде өтті. Батыр апамыздың әруағы желеп-жебесін. Жатқан жері жайлы болсын. Ол кісінің ерлігін мәңгі бақи ұмытпаймыз. Ұрпағымызға мұра қылып айтып өтеміз. Менің есімімді анам қойған. Әкемнен төрт қыз тарадық. Ең кіші қызбын. Ер балалар шетінеп кеткен. Өзімнің үш ұл, бір қызым бар. Тоғыз немере, үш шөберем бар. Аллаға шүкір бақытты анамын. 50 жыл отасқан жолдасым бар. Қиындықты да, қуанышты да бәрін бірге көріп келеміз. Балалардың есімін үлкендер қойса, одан жаман болмайды деп ойлаймын. Оны тыңдайтын жастар болса. Менің шапшандығым, батылдығым, қайсарлығым батыр апамыздың мінезіне келеді.
Әлия Отарбаева, 71 жаста, зейнеткер
-есімімді әкем қойған. Әкем соғыс ардагері. Алты баланың анасымын. Жиырма немере, үш шөбере бар. Бір немеремнің аты Томирис. Батырға ұқсасаын деп балдарым қойды. Әлия форумы туралы келінім айтып, мені тіркеткен болатын. Ұйымдастырушыларға ризамын. Жүздеген Әлияның басын қосып, құрмет көрсетті. Жастарымызға үлгі болсын деп батыр бабаларымыздың есімін ұлықтап айтып отыру керек.
Ұрпаққа үлгі, елге өнеге
«Мен – Әлиямын» форумы — тек атаулы дата аясында ұйымдастырылған іс-шара емес, бұл — елдік пен есімге, тарих пен тағылымға тағзым. Батыр қыздың есімін ұлықтау арқылы оның рухын кейінгі ұрпаққа жеткізу — бүгінгі буынның парызы.
Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева бұл форумның болашақта үлкен жобаларға ұласатынына сенім білдіріп, шараға қатысқан барша Әлияларға алғыс айтты.
«Форумның мақсаты орындалды десек те болады. Әрбір Әлияның жүзінен мақтаныш сезімі байқалды. Көздерінен от жанып тұрды. Бұл – үлкен рухани серпіліс», – дейді ол.
Әлия Молдағұлова — тарихымыздағы теңдессіз тұлға. Оның ерлігі — ұлттың мақтанышы. Бүгінде сол есімнің қадір-қасиетін, рухани жүгін арқалап жүрген мыңдаған қазақ қызы бар. Ақтөбедегі Әлиялар форумы — соның айқын дәлелі. Бұл тек бір күндік шара емес, ұлт жадысында ұзақ сақталатын, жалғасын табуы тиіс үлкен бастама.


