"Ұлым үшін бәріне бардым..."
Түрме – темір есік пен тас қабырғаларға қамалған тағдырлар мекені. Мұнда әрбір жан өз қателігінің өтеуін өтейді. Бірақ түрмеге түскендердің бәрі бірдей қылмысты әдейі жасаған жоқ. Бір сәттік ашу, бір қате шешім – бүкіл өмірді астан—кестең етуі мүмкін. Ақтөбе тұрғыны Қанат (аты өзгертілген) бүгінде адам ұрлау және тонау бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол журналистпен ашық сөйлесіп, баласы үшін жасаған әрекеті туралы баяндады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
“КерекИнфо” газетінің тілшісі 125-бап (Адам ұрлау) және 191-бап (Тонау) бойынша сотталған азаматпен ашық сұхбаттасты. Ақтөбе тұрғыны Қанат (аты өзгертілген) бүгінде темір тордың ар жағында отыр. Адам ұрлау мен тонау бабымен 8 жылға сотталған ол тағдыр тәлкегіне қалай тап болғанын көзіне жас алып еске алды.
- Мен Ақтөбеде дүниеге келдім. Жоғары білімім бар, экономика мамандығы бойынша оқыдым. Бірақ бір сәттік әрекет өмірімді төңкеріп жіберді, -деп бастады әңгімесін Қанат.
2023 жылдың ақпан айы. Қанаттың ұлы үйге мазасыз күйде келеді. Телефоны шырылдап, сыртқа жиі шығып кетіп жүреді. Әкелік жүрегі бір нәрсенің дұрыс еместігін сезіп, артынан еріп сыртқа шыққанда, жағдайды түсіне бастайды.
- Ұлымның гараж маңында бірнеше жігітпен сөйлесіп тұрғанын көрдім. Дауыс көтеріп, не болып жатқанын сұрадым. Олар: "Ұлыңыз бізге 500 мың теңге қарыз", — деді. Ал ұлым мұны жоққа шығарды. Жүрегім алқымға тығылып, не істерімді білмедім. Іштей: «Бәлкім, ойын ойнап ұтылып қалған болар? Әлде біреулердің ықпалына түсті ме?»-деген күмән мазалады, -дейді ол.
Сол сәтте ұлы: «Папа, уайымдамаңыз, үйге кіре беріңіз» деп балам мені тыныштандырмақ болды.
- Үйге кіріп, баламның телефонын ақтарып шықтым. Қауіпті сайттар немесе тыйым салынған сайттар іздедім. Бірақ ештеңе таппадым,-дейді Қанат күрсініп.
Қоштасу хаты
Қанат үйге кірген соң ұлының телефонын ақтарып шыққан. Чектерді көргенде төбесінен мұздай су құйғандай болыпты. Ұлы біреулерге жүйелі түрде 20-30 мыңдай ақша жіберіп жүріпті.
– Ұлымнан ашып айтуын талап еттім. Жылап тұрып: «олар мені қорқытады. Ақша сұрайды. Бұрын айтуға қорықтым» деді. Бұл сөз жүрегімді жаралады, – дейді ол.
Бірақ ең ауыр сәт – қалтасынан бүктелген қағаз тауып алған кезі болды. Бұл – қоштасу хаты еді. Баласы тығырыққа тіреліп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Әкенің жүрегі төзбеді.
– Сол кезде өзімді жоғалтып алдым. Баламды құтқару үшін бәріне баруға бекіндім, – дейді Қанат.
«Қылмыс шешім емес»
Сол күннен бастап Қанат баласын бұл жағдайдан қалайда құтқаруға бел байлайды. Телефон нөмірлерін жинап, кімнің кім екенін анықтап, баласына тиіскендерді өз бетінше жазалауға бекінеді.
- Сол сәтте мен үшін ештеңе маңызды болған жоқ. Тек ұлымның өмірін, болашағын сақтап қалу керек еді. Осылайша мен заңды бұздым,- дейді ол.
Баласының өмірін сақтап қалу үшін бәрін жасаған әкенің іс-әрекеті темір тордың ар жағына алып келді. Қанат ұлын бопсалаған жігіттермен сөйлесу үшін оларды кездесу орнына шақырған. Көлік болмағандықтан, күйеу баласының машинасымен барады. Олар қаладағы сауда үйінің бірінін алдында кездеседі.
- Ұлымды мазалаған жігітті көлікке отырғыздым. Ол тағы бір адамның да қатысы барын айтты. Соған хабарласып, екеуін бірге алып, қаланың шетіне шықтық. Сол жерде болған жағдайды ашық айтуды талап еттім. Қатты ашуланған сәтте біреуінің құлағынан тартып жібердім. "Баламды енді мазаласаңдар, оңдырмаймын" деп ескерттім,-дейді Қанат.
Мәселені тату шешіп, балалардан ұлынан кешірім сұратқысы келген. Бірақ жоспар басқа бағытта өрбіген.
- Ұлымның үйінің маңына келгенде, әлгі жігіттер көліктен секіріп түсіп, айқайлап қаша жөнелді. "Көмектесіңдер" деп айқайлады. Артынша полицияға хабарласып, мені "ұйымдасқан түрде алып кетті, телефонымды тартып алды" деп арыз жазған,-дейді ол. Қанаттың айтуынша, ешкімді күштеп көлікке отырғызбаған. Телефонын тек жағдайды анықтау үшін көргенін айтады.
"Мен тек әкемін…"
"Ата-ананың қолынан не келеді?" – дейді Қанат. Түрме қабырғасында отырған әке жүрегінде өкіну мен сағыныш қатар өрілген. Бір ғана әрекет – бір ғана сәттік шешім оның бүкіл өмірін астаң-кестең етті. Ол адам ұрлау және тонау баптары бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
- Сол күні мен заңды емес, жүректі тыңдадым. Ұлым қиындыққа тап болды, шетте тұра алмадым. Бірақ енді түсіндім – менің ең үлкен қателігім сол кезде полицияға хабарласпағаным болды,-дейді Қанат ауыр күрсініп. Сол күнгі шешімі оның өмірін астаң-кестең етті. Әкесінің әрекеті 8 жылға бас бостандығынан айырылуына себеп болды. Күйеу баласы да 7 жылға сотталды.
– Сол күні заңды емес, жүрегімді тыңдадым. Ең үлкен қателігім – полицияға хабарласпағаным болды. Бүгінде бәрінен айырылдым. Жұбайым сырт айналды. Анам қайтыс болды. Түрмеде тек жалғыздық қалды, – дейді ол ауыр күрсініп. Қазір Қанат психологтардың көмегімен өзін ұстауға тырысады. Бірақ жүрегінде сағыныш та, үміт те бар.
– Балаларымның жанында болғым келеді. Ең кішісі – мүмкіндігі шектеулі. Оған қолдау қажет. Босап шықсам, қоғамға пайда әкелетін іспен айналысқым келеді, – дейді ол.
Бұл – темір тордағы тағдыр емес, бұл – ескерту секілді.
- Енді бәрі кеш. Бірақ мен өзімді жаман әке деп санамаймын. Балам үшін бәріне баруға дайын едім. Тек басқа жол болғанын қалар едім... — деді Қанат үнсіздікпен сөзін аяқтап.
Қанаттың әрекеті заң аясында қаралып, ақыры адам ұрлау мен тонау бабымен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Айта кетейік, биыл қыркүйек айында жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыруға сот бас тартты.
Керек ақпарат:
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД № 8 мекемесінде Ұрлық үшін 94 адам отыр
Жыл басынан бері жаза мерзімінің аяқталуы бойынша 36 адам босатылды. Жазаның өтелмегін бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне 20 адамға ауысырылды. Шартты түрде мерзімінен бұрын 1 адам босатылды. Рақымшық бойынша 19 сотталған бостандыққа шықты.


