"Қазақстанға тағы келер едім"
Соңғы жылдары Қазақстан жоғары білім беру саласында шетелдік жастар үшін тартымды бағытқа айналды. Соның ішінде Ақтөбедегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде Үндістан, Пәкістан, Шри-Ланка және Кашмир аймағынан келген студенттер білім алады. Біз олармен сұхбаттасып, таңдау себептері мен алғашқы әсерлерін білдік.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
«Қазақстанды бейбіт ел болғаны үшін таңдадым»
4 курс студенті Обейд Джавид Кашмирден келген. Жылдық оқу ақысы – 1 млн 700 мың теңге, бұл оның еліндегі бағадан шамамен 20 пайызға арзан.
– Шетелде оқу үшін Иран мен Қазақстанның арасынан таңдау жасадым. Саяси жағдайға байланысты Қазақстанды таңдадым. Ел тұрақты, қауіпсіз. Оның үстіне визасыз режим бар, мәдени ұқсастықтар да көп,-дейді ол. Алғашында тіл жағынан қиындық болғанымен, қазір қазақ тілін меңгеріп, ортаға бейімделген. Ақтөбенің климаты да туған жеріне ұқсас екенін айтады.
- Студент алғашқы кезде тіл жағынан қиындық көргенін жасырмайды. Қазір қазақ тілін меңгеріп, достар тапқан. Ақтөбенің ауа райына да үйреніп кеткен. – Біздің Кашмир де таулы аймақ, ауа райы салқын. Сондықтан өзімді үйімдегідей сезінемін. Қыстың суығы маған қалыпты жағдай, – дейді ол.
Студент университеттегі практикалық бағытты жоғары бағалайды. Үшінші курстан бастап өндірістік тәжірибеден өтіп, науқастармен тікелей жұмыс істейді.
– Медициналық университеттің ерекшелігі - 3 курстан бастап практика мен өндірістік тәжірибені қатар алып жүрдік. Пациенттермен тікелей жұмыс жасаймыз. Мысалы, онкология сабағында науқастармен жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бұл біздің мықты маман болуымызға бірден-бір себеп. Бұл болашақ маман ретінде шыңдалуға көмектеседі. Оқытушылардың талапшылдығы орынды, – дейді ол.
Ол Қазақстандағы тәртіпке ерекше назар аударған.
– Мұнда адамдар заңға бағынады. Жол ережесін қатаң сақтайды. Көшеде қоқыс тастамайды. Ақтөбе өте таза қала. Адамдар сыпайы, дауысын көтеріп сөйлемейді. Бұл – тәрбиенің белгісі, – дейді студент.
Ұлттық тағамдар да таңсық болмапты.
– Қазақстанға келгелі алғаш рет жылқы етін жеп көрдім. Біз жақта жылқы етін жемейді. Ал мұнда бұл етті көп жейді екен. Ұлттық тамағамдардан дәм татып көрдім. Ерекше мейрам наурыз қатты ұнайды. Адамдар ұлттық киімдерін киіп, керемет тойлайды. Наурыз көже, бауырсақ – бәрі ерекше әсер қалдырды, – дейді ол. Обейд алғашқы курстарда елін сағынғанымен, қазір Ақтөбеге бауыр басқан. Болашақта АҚШ-та білімін жалғастырып, ата-анасын сонда көшіріп алуды армандайды. Әкесі – электрик, жеке кәсібі бар, анасы – үй шаруасында. Өзі отбасында жалғыз бала.
«-30 градусты алғаш рет көрдім»
Үндістанның Дели қаласынан келген 3 курс студенті Тану Бхати үшін Қазақстан – қауіпсіз әрі мүмкіндігі мол ел.
– Бала кезден арманым – шетелде оқу. Көп студенттердің кеңесімен осы университетті таңдадым. Мұнда парктикалық сабақтар көп болады, – дейді ол.
Қазақстанға ақпан айында келген Тану үшін -30 градус аяз үлкен тосын сый болған.
– Делиде -6-8 градус суықтың өзң сирек болады. Ал мұнда -30 ға дейінгі аяздар жиі болады екен. Қалың қарды да алғаш рет көрдім, – деп күледі Тану. Оның айтуынша, Үндістанда білім беру жүйесі көбіне теорияға негізделген. Ал Ақтөбеде практикаға басымдық беріледі. Сүйікті пәні анатомия. Үндістанда сиыр қасиетті жануар саналатындықтан, сиыр етін жемейді. Ал Қазақстанға келіп жылқы етінің дәмін татып көрген.
- Қазақтар өте жақсы, қонақжай халық. Жақын араласатын достарым да бар. Мен жылқының етін жеп көрдім. Дәмді болды. Қазақ тілін үйрену үшін ән айтып жүрмін, – дейді студент.
Тану болашақта Австралия немесе Ұлыбританияда білімін жалғастыруды жоспарлайды.
«Ақтөбе – тыныш әрі таза қала»
Пәкістанның Пенджаб провинциясындағы Сахивал қаласынан келген 23 жастағы Мұхаммад Саад Рехман да 4 курста оқиды. Оның айтуынша, Қазақстандағы оқу ақысы Пәкістанға қарағанда арзан әрі білім сапасы жоғары.
- Ақтөбені таңдауыма екі себеп болды. Мұнда білім деңгейі жоғары. Халықтың өмір сүруіне барлық жағдай жасалған, – дейді ол. Алғашқы әсері – қаланың тазалығы мен тыныштығы. Пәкістанның қарбалас қалаларымен салыстырғанда Ақтөбе әлдеқайда жайлы көрінген.
- Қыс маған қиын болды. Бұрын мұндай қалың қарды көрмегенмін. Бірақ қысқы көрініс ертегідей әдемі екен, – дейді студент. Мұхаммад Саадқа анатомия мен физиология пәндері ерекше ұнайды. Сабақтар интерактивті қызықты өтеді, студенттер нақты клиникалық жағдайлармен пациенттермен жұмыс істейді.
- Қазақтар алғашында салмақты көрінеді. Бірақ жақын танысқанда өте мейірімді екенін байқайсың, – дейді ол. Болашақта Пәкістанда немесе Ұлыбританияда кардиология саласы бойынша жұмыс істегісі келетінін айтты.
«Практикалық бағыт – басты артықшылық»
Шри-Ланкадан келген 26 жастағы Сабурден Алтаф Ахамед – 3 курс студенті. Ол халықаралық тәжірибе жинау үшін шетелде оқуды таңдаған.
– Университеттің практикалық бағытқа басымдық беруі ұнады. Клиникалық дағдылар мен зертханалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді, – дейді ол. Ақтөбеден алған алғашқы әсерім – қаланың тазалығы мен инфрақұрылымының дамуы. Ауа райы суық болғанымен, уақыт өте үйренген.
– Қазақ халқы өте қонақжай. Бауырсақ пен ет тағамдарын жеп көрдім, қатты ұнады, – дейді студент. Алтаф Ахамед оқу қиын болғанымен, нәтижелі екенін айтады. Болашақта Шри-Ланкада жұмыс істеп, хирургия саласы бойынша жұмыс істеуді армандайды.
«Қазақстан маған тек кәсіби білім ғана емес, өмірлік тәжірибе берді. Егер қайта таңдау мүмкіндігі болса, тағы да осында келер едім», – дейді ол.
Шетелдік студенттердің пікірінше, Ақтөбе – қауіпсіз, тыныш әрі сапалы білім алуға мүмкіндік беретін қала. Теория мен практиканы ұштастырған оқу жүйесі болашақ дәрігерлерді кәсіби тұрғыда шыңдап қана қоймай, түрлі мәдениеттер тоғысқан орта қалыптастырып отыр. Бүгінде шетелдік және қазақстандық студенттер арасында достық қарым-қатынас орныққан.
Батыс Қазақстан медициналық университетінде 8000 студентке дейін білім алуға болады. Қазіргі уақытта 7500 студент білім алуда. Шетелден келген студенттер 1200. Оның ішінде Үндістан, Пәкістан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Шри-Ланка. Бұл студенттер 6 жылдық білім алады. Интернатураны өз елдерінде жалғастырады.
