"Қартайғым келмейді..."

 

Ақтөбе қаласында он белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр. Осы орталықта 600-ден аса зейнеткер қызмет алады. Спортпен шұғылданып, ағылшын тілін меңгеріп жүрген қариялар өздерін зейнеткер сезінбейді.

Назгүл ӘБЕТОВА

@abetovanazgul

Облыс орталығында он мекенжайда белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр. “Керек. Info” газетінің тілшісі Махамбет Өтемісов көшесінде орналасқан орталыққа барып, әжелермен тілдесіп қайтты. Біз барғанда әжелер теннис ойнап, біреулері тоқыма тоқып отыр екен. 

Белсенді өмір сүру орталығының әкімшісі Айдана Сүйінғариеваның айтуынша, қазір бұл жерде 65 адам қызмет алып жүр. Олардың ең үлкені-83 жаста. Бұл орталық дүйсенбі-жұма күндері сағат 09:00-ден кешкі 16:00-ге дейін жұмыс істейді. Зейнеткерлер вокал, хареография, ағылшын тілі, қолөнер үйірмелеріне қатысады. Сондай ақ шахмат, теннис, тоғызқұмалақ сынды спорттық ойындармен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Йогамен айналысып, скандинавиялық жүріспен шынығады. Мереке күндері де аянып қалмайды. Ата-әжелер өздері сценарий құрып, концерт қояды.

Жанға жайлы мекен

Келушілер зейнеткер екенін дәлеледейтін құжатын көрсетсе, жеткілікті. Мұнда көбісі адамдармен араласып, денсаулығын нығайту үшін келеді.  Қазір орталыққа келіп, өздерін жаңа қырынан танытып жатқандар да бар. Солардың бірі- Ғалия Каримова. Зейнеткердің    “Белсенді өмір сүру” орталығына келгеніне 3 жыл болған.

  • Бұл жер жарық әрі мұнтаздай. Бір күн келмей қалсам, бірдеңеден құр қалғандай сезінемін. Замандастарымды сағынып қаламын. Алдымыздан күлімдеп Айдана қызымыз шыққанда бәрін ұмытып кетеміз. Әсіресе денсаулыққа пайдасы зор. Бірнеше рет ота жасатқан адамға ұқсаймын ба? (күліп-ред.) Зейнетке шыққаннан кейін үйде отыру оңай болмады. Қайтадан жұмыс істеуге жол жоқ. Осындай  кезде бұл орталық бізге үлкен мүмкіндік сыйлады. Мектепке келіп, сабақ оқып жатқан сияқтымыз. Мұнда ЛФК, таяқпен жүру, йога бәрі бар. Психологиялық тренингтің арқасында есте сақтпау қабілетіміз жақсарып жатыр. Ән айтып, даусымыз ашылып өзімізді жаңа қырынан танытудамыз. Бұл жерде бәрі тегін.  Ағылшын тілін үйреніп жатырмыз. Мұғалім де өзіміз сияқты зейнеткер.  Біздің жағдайымызды бес саусақтай түсінетін жандар. Менің ойымша, өздерін бағасын түсінетіндер осы орталыққа келеді

    Олар психологиялық тренинг арқылы есте сақтау қабілетін арттырып, спортпен шұғылданып, денсаулықты нығайтып жүр. Бөлме ішіндегі көздің жауын алатын бұйымдар да  осы әжелердің қолынан шыққан.

    Қыста аяғы ауырған Гүлсім Мәмбетова орталыққа келгелі ауруынан айыққанын айтты. Қазір өзін жақсы сезінеді, қимылы да ширақ.  

    -Былтыр Кірпішті елдімекеніндегі орталыққа барып жүрдім. Ол жақ жабылып қалды. Орталықтан замандас жақсы жандармен таныстым. Бұл жерге денсаулығымды жақсарту мақсатында келдім. Қартайғым келмейді. Мұнда ағылшын тілін оқимыз. Ағылшын тілін меңгеру заман талабы. Саяхаттаймыз, шетелге шығамыз сонда ағылшын тілін білу қажет. Мұнда біздің жақсы демалысымыз үшін барлық жағдай жасалған. Шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, ой-өрісімізді дамытамыз. Қаңтар аяғымды баса алмай қалдым. Осында келгелі жақсымын. Қазір қимылым ширақ. Аяғым жақсарып, салмақ тастадым. Ұйқым да тыныш. Өзімді жақсы сезінемін.

    Несібелі Бекпанова, 69 жаста

    -Ақшаттан қатынаймын. Ауылдан  25 минут сайын автобус жүреді. Ауыр қайғыны бастан кештім. Маған ортаға шығу керек болды. Бұл жерге  басымдағы қиындықты жеңу үшін келдім. Өте қуаныштымын. Бұрын көрмеген йогаға осында қатысып жүрмін. Мейлінше қалмай келуге тырысамын. Өте ұйымшылмыз. Бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Зейнеткер деп қарамай, осындай жағдай жасап қойған мемлекетке ризамыз.

    “Болашақ мұра” қоғамдық қоры  “Белсенді өмір сүру орталығының ” әкімшісі Айдана Сүйінғариеваның сөзінше, Махамбет Өтемісов мекенжайында орталық биыл наурыз айында ашылған. Таңертеңгі сағат  09-ден 16:00-ге  дейін жұмыс істейді. Түске дейін  кесте бойынша сабақтары өтеді. Оның ішінде йога, психология, ЛФК, ағылшын би, сурет, тоқыма, арт терапия курсы бар. Бұл курстарға келушілердің қызығушылығы жоғары. Тек уақыт өткізу үшін ғана емес, үйренсем, білсем деп келеді. Денелерін шынықтыру үшін ғимарат  спорттық құрал жабдықтармен жабдықталған. Мереке күндері зейнеткерлер  өздері сценарий жазып, концерт қояды. Жақында дүниежүзілік Йога күніне орай өткізілген шарада орталық әжелері де Триатлон паркіне барып, йога жаттығуларын жасады.

    Қазір бұл мекенжайдағы орталыққа 65 адам келіп жүр. Соның төртеуі ер адам.  Әсіресе қала іргесіндегі Ақшаттан келетіндер көп. Сондай-ақ қашықсынбай   41 разьезден қатынайтындар да бар.  

    Айта кетейік, Ақтөбеде егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған  жұмыстар белсенді жүріп жатыр.  Қазір облыс орталығында 10 “белсенді өмір сүру орталығы”жұмыс істеп тұр. Бұл орталықта 600-ден аса адам қызмет алып жүр. Олар зейнетке шыққан қарияларға түрлі қолдау мен қызмет түрін көрсетеді. Қоғам өміріне белсене араласып, уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.  Қариялар бұл жерді демалыс орны ғана емес, отбасынан кейінгі жанға жайлы мекен санайды.

     
Әлеумет
15:30, 03 июль 2025
322
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив