Ақтөбеде қызылша өршіп тұр
Ақтөбеде қызылша ауруы өршіп тұр. Жыл басталғалы бір айдың ішінде 107 адамның қызылша жұқтырғаны расталса, оның ішінде 98-і бала екені анықталды. Дәрігерлер “ауырған балалардың басым көпшілігі-вакцинация жасатпағандар” дейді.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
jansaya_esmaganbet
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ләззат Жолжанованың 3 жастан асқан қызы бар. Жақында баласы қызылша инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түсті. Қызы 5 күн бойы мазасызданып, температурасы түспей қойған. Алғашында ақылы педиатрлардың көмегіне жүгінген ол ешбірінің баласына нақты диагноз қоя алмағанын айтады.
- Бірнеше дәрігер жедел респираторлық-вирустық инфекция екенін айтып, дәрілер тағайындады. Барлығын жасадық. Қаншама дәрі алдық. Алайда дене қызуы мүлдем түспей қойды. Тек соңғы келген педиатр ғана “қызылша болуы мүмкін” деген болжамын айтты. Содан кейін ғана жедел жәрдем қызметкерлері келіп, облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызды. Сол кезде денесіне бөртпелер шыға бастады. Қызым толық емделіп, жазылып шықты. Бірақ қызылша инфекциясының салдары болады екен. Көзіміздің көру қабілеті нашарлап кеткен. Қазір соны емдеп, дефициттерді жабу үшін дәрігерлердің қабылдауына жазылып қойдық,-дейді ата-ана Ләззат Жолжанова.
Қызылшаның белгілері қандай?
Педиатр Ботагөз Ахметтің айтуынша, қызылша-жедел жұқпалы ауру. Оның белгілері жедел респираторлық -вирустық инфекцияға ұқсас. Баланың дене қызуы көтеріліп, көзі қызарады. Денесінде бөртпелер пайда болып, тыныс ағзалары зақымданады.
- Қызылшаның ерекшелігі-ұрттағы Филатов -Коплик дақтары мен денеге шығатын бөртпе. Баланың екі ұртында майда ақшыл бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпе шықпай тұрып, осы белгілер арқылы қызылша инфекциясы жұққанын анықтауға болады. Кейде дәрігерлер қызылшаны аденовируспен, стоматитпен, тіпті аллергиямен шатастырып жатады. Алайда бұл ауру кезінде температура 39-40 °C дейін жоғарылайды. Дене қызуы 5 күн бойы түспейді. Вирус мұрын мен тамақтың шырышты қабығын зақымдайды.Содан кейін ғана құлақтың артына, дененің басқа бөліктеріне бөртпе шыға бастайды. Сол кезде ғана температура төмендей бастайды, – дейді педиатр.
Инфекция ауа арқылы таралады. Қызылшаны ауырған адаммен бір бөлмеде отырсаңыз, жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін. Сол себепті карантин талабы қатаң сақталуы тиіс.
“Қызымның жағдайы қызылшадан соң кері кетті”
Ақтөбелік педиатр Ботагөз Ахметтің қызы да осыдан 2,6 жыл бұрын қызылшамен ауырған. Сондықтан бұл жағдай оған әбден таныс. Дәрігер ауыр жағдайда реанимацияға түскен қызын өзі емдеп алғанын айтады.
- Қазіргі қызылша ауруы мутацияға ұшырады деуге болады. Ол кезде вирус өте жылдам таралып, ауыр өтті. Бала өлімі де көп болды. Менің 11 айлық қызым ауыр жағдайда реанимацияға түсті. Көзі іріңдеп, су ішпей қалған. Сатурациясы 32-ге дейін төмендеп, түсіп кеткен. Ауруханаға сұранып кіріп, өзім емдедім. Екі күн бойы аузына зонтпен дәрумендер құйдым. Тек сонда ғана есін жиды. Аурудан жазылғаннан кейін де қызым көпке дейін еңбектеген жоқ. 1 жас 10 ай болғанда жүрді. Тілі де кеш шықты. Қазір көру қабілеті төмендеген. -7-ге дейін түсіп кетті,-дейді Ботагөз Жылқайдарқызы.
Қызылшадан сақтанудың бірден бір жолы-екпе алу. Өйткені вакцина алған бала қызылшамен ауырған күнде де ауру жеңіл өтеді. Педиатр екпе алмағандықтан қызылшамен ауырудың көрсеткіші күрт өсіп кеткенін айтады.
- Ақтөбе облысында әлі күнге діни себептермен екпе алудан бас тартатындар бар. Кейбірі біреулердің айтқанына сеніп, вакцинациялаудан өтпейді. Алайда мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Тек ата-аналар мұны кеш түсінеді. Осыдан 2,6 жыл бұрын менің тәжірибемде көз алдымда жылаған ата-аналар көп болды. Көпшілігі қызылша болып ауруханаға түсіп, көкжөтел жұқтырып шықты. Бұл-онсыз да әлсіреген бала ағзасы үшін өте ауыр соққы,-дейді дәрігер.
Ақтөбедегі ахуал қандай?
Ақтөбеде жыл басталғалы қызылшамен ауырғандар күрт көбейді. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр барлығы 32 жағдай тіркелген. Ал жыл басталғаннан бері облыста аурушаңдық 2,6 есеге көбейген. Дәрігерлер “ауырған балалардың басым бөлігі-вакцинация жасатпағандар”деп отыр.
- Қаңтар айында қызылша дертіне күдікті 130 жағдай тіркеліп, оның 107-сі зертханалық әдіспен расталған. Оның 94-і Ақтөбе қаласында, қалғандары Алға, Темір, Шалқар, Қобда, Мәртөк, Хромтау, Қарғалы, Мұғалжар аудандарында тіркелді. Анықталған науқастар арасында осы ауруға қарсы екпеден бас тартқандар саны – 56 (52,3%), медициналық қарсы көрсетілімдері бар – 5 (5,7) %, егу статусы белгісіз ересектер – 9 (8,0%), екпе жасына жетпеген нәрестелер – 24 (19,3%), бір рет екпе алғандар-13(12,1%). Айта кету керек, тіркелген қызылша ауруының 79,4%-дан астамы қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында анықталды, -деп хабарлады мамандар.
Науқастанғандардың дені-балалар. Дерек бойынша, 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 98 (92,8%) жағдай, жасөспірімдер арасында – 1 (1,1%) және ересектер арасында 8 жағдай (6,8%) тіркелген. 3 ақпан күнгі мәліметке сәйкес, 29 науқас қызылша диагнозымен стационарлық ем алып жатыр. Олардың 27-сі бала , ал қалған екеуі-ересек адам.
Қызылшаның емі-вакцина
Дәрігерлер вирус жұқтырған адамдардың күн сайын артып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Тіпті науқастар үшін жұқпалы аурулар ауруханасынан қосымша төсек орнын ашуға мәжбүр болыпты. Дәрігерлер ауырған балалардың басым бөлігі вакцинация жасатпағандар екенін айтады. Сондықтан мамандар ата-аналарды екпе жасатуға шақырады.
- Ақтөбе облысында қызылшаға қарсы иммундау жұмыстары күшейтілді. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты 26 қаңтардан бастап 6 және 11 ай аралығындағы балаларға қосымша қызылшаға қарсы иммундау жүргізіле бастады.Қызылшаға қарсы иммундау жұмыстарын жүргізу үшін облыста вакцина қоры жеткілікті. Қазіргі таңда 30 мыңнан астам вакцина қоры бар.Сонымен қатар облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшамен түскен науқастарға арналған қосымша 30 төсек орны ашылды. Қазіргі таңда қызылшаға шалдыққан науқастарды емдеуге арналған жалпы төсек орын саны 55-ті құрайды,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ботакөз Мырзалы.
Қызылшаның салдары қандай?
Педиатр Ботагөз Жылқайдарқызының сөзінше, қызылшаның қауіпті салдары көп. Әсіресе, екпе алмаған балаларда асқынулар болуы мүмкін. Вирустан кейін балада диарея, іш қатуы, ротавирус болады. Кейбір балалардың көру қабілеті төмендеп, дамуы кешеуілдейді.Ал ең қауіпті асқыну – панэнцефалит (мидың қабынуы).Мұның соңы сал ауруына, тіпті кейде өлімге әкеледі. Бірақ бұл бірден пайда болмайды. 4-5 жылдан кейін байқалуы мүмкін.
- Қызылшамен ауырған балаға дәрігердің тағайындауымен ем тағайындалып, А дәрумені беріледі. Науқасқа жазылып шыққаннан кейін де ерекше күтім керек. Бір айдан кейін көз дәрігеріне қаратып, көру қабілетін тексерткен жөн. Тәттіні шектеп, баланы бассейнге берген дұрыс,-дейді педиатр.
Бұдан бөлек ата-ана баланың құнарлы тамақ пен уақытылы су ішуін қадағалауы қажет. Бөлме температурасын реттеп, ұйқы режимін қадағалаған жөн. Сондай-ақ бала ағзасын қалпына келтіру үшін дифициттерін анықтау, иммунитетін көтеру, ішек -микрофлорасын қалпына келтіру керек.


