Електі бөгеген компанияға қомақты айыппұл салынды

 

Елек өзенінен құмды заңсыз әрі табиғатқа зиян келтіре отырып өндіргені үшін «ПГС-Қаратоғай» ЖШС-не тағы бір айыппұл салынды. Компанияның басшысы өз кінәсін мойындады. Сот мұны жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде бағалап, компанияға ең қатаң жаза қолданған жоқ.

 

   Електің бір бөлігін құм өндіретін карьерге айналдырған «ПГС-Қаратоғай» ЖШС-не сот 1 миллион 167 мың теңге айыппұл салды.Еске салсақ, 26 мамыр күні «АТ» тілшілері Мәртөк ауданында орналасқан «Қаратоғай-2» құм кен орнына барған болатын. Рейдке жергілікті тұрғындардың шағымдары себеп болды. Олардың айтуынша, құм Елек өзенінің арнасынан тікелей өндіріліп жатқан.  Сондай-ақ өзен бөгетпен бөгеліп, бірнеше көлге бөлініп кеткен. Соның салдарынан Елек өзіне жаңа арна іздеуге мәжбүр болған. «АТ» тілшілері карьердің табиғатқа өрескел зиян келтіре отырып игеріліп жатқанын тіркеп, бірнеше бақылаушы органға, соның ішінде Жайық–Каспий бассейндік инспекциясына жүгінді.3–9 маусым аралығында инспекция мамандары карьерде тексеру жүргізді. Нәтижесінде заң бұзушылықтар расталды.

9 маусым күні қысқартылған өндіріс тәртібімен «ПГС-Қаратоғай» ЖШС-не Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 358-бабының 2-бөлігі («Су объектілерін ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғау талаптарын бұзу») бойынша 514 мың теңге айыппұл салынды.Сонымен қатар тексеру қорытындысы бойынша инспекторлар «ПГС-Қаратоғай» ЖШС-нің Елек өзенін заңсыз бөгетпен бөгеп, өзеннің шекарасын өзгерткенін анықтады. Бұл әрекет ӘҚБтК-нің 360-бабының 1-бөлігінде («Су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметті заңсыз жүзеге асыру») көзделген құқық бұзушылық болып табылады.Аталған іс Мәртөк аудандық сотына жолданды. Сот инспекция өкілдерінің келтірген дәлелдерін негізді деп танып, нәтижесінде «ПГС-Қаратоғай» ЖШС-не 270 айлық есептік көрсеткіш (АЕК)мөлшерінде, яғни1,2 миллион теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, аталған бап бойынша 270 АЕК мөлшеріндегі айыппұл шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қарастырылған. Ал «ПГС-Қаратоғай» ЖШС, шамасы, орта кәсіпкерлік субъектілеріне жатады. Мұндай жағдайда заң бойынша 420 АЕК көлемінде айыппұл салынуы тиіс еді. Алайда компания басшысы Ахметжан Күзембаевсотта өз кінәсін мойындады. Сот мұны жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде бағалап, компанияға ең жоғары мөлшердегі айыппұлды қолданбады.

 

Осылайша, бұған дейін салынған айыппұлды қоса есептегенде, компания жалпы 1 миллион 681 мың теңге көлемінде жауапкершілікке тартылды.

    Сондай-ақ Жайық–Каспий бассейндік инспекциясы компанияға тау-кен телімінің шекарасын өзгертіп, барлық техниканы Ілек өзенінің 50 метрлік су қорғау белдеуінен тыс жерге шығару жөнінде нұсқама берді. Соған қарамастан  «Қаратоғай-2»кен орнында құм өндіру жұмыстары тоқтатылған жоқ. Компания 2031 жылға дейін Ілек өзені мен оның жағалауларынан 600 мың текше метрге жуық құм мен құм-қиыршықтас қоспасын (ҚҚҚ) өндіруді жоспарлап отыр.Бұл кен орнында топырақ өндіру жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ал карьерді қарқынды игеру 2017 жылдың жазында басталған. Осы уақытқа дейін компанияның Ілектен қанша құм мен құм-қиыршықтас қоспасын шығарғаны белгісіз. Облыс әкімдігі бұл мәліметтерді жарияламайды. Сондай-ақ өндірілген құмның нақты қайда жөнелтілетіні туралы ақпарат та ашық емес.Ғарыштық түсірілімдерге қарағанда, өндірілген құм жүк көліктерімен теміржолға жеткізіліп, одан әрі пойыздар арқылы Қазақстанның басқа өңірлеріне, тіпті шетелге де тасымалдануы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар
09:52, 03 июль 2026
350
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив