Нұрлыбек Нәлібаев Ақтөбеге келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берді. Телекөпірге Ақтөбе, Қызылорда және Маңғыстау облыстары қосылды.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Президентке өңірде стратегиялық маңызы бар бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Бүгінде «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аймақ басшысы «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолының жаңа жобасын іске асыруға дайын екенін жеткізді. Нәтижесінде жоба іске асырлғаннан кейін төрт ауданның 117 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз әрі сапалы көлік қатынасымен қамтылады. Сонымен қатар жоба аясында 40-тан астам жол бойы сервистік нысан ашылып, 600 тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баяндама соңында облыс әкімі Ақтөбе өңірінің тұрғындары атынан Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көрсетіп отырған тұрақты қолдауы мен маңызды бастамалары үшін ризашылығын білдірді.

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев келді. Бүгінде Мемлекет басшысының көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалары еліміздің стратегиялық жоспарының ең негізгі тармағы болып есептеледі. Жол құрылысы жобалары Үкімет басшысының жіті бақылауында.

Алғашқы нысан – республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолының учаскесі. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқыны және қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз ету туралы баяндалды.

«Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыты, «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы қайта жаңғыртылғаннан кейін олардың өткізу қабілеті артып, өңірлер арасындағы көлік қатынасы жақсарады. Еліміздің халықаралық транзиттік әлеуеті нығая түседі.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысын ресми түрде бастап берді. Президент өз сөзінде көлік дәліздерін дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілетін арттыруға және өңірлердің әлеуетін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

 

«Мемлекет басшымыз аталған жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сондықтан құрылыс жұмыстарының үйлесімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, барлық туындаған мәселені жедел шешу қажет. Бұл жолдар батыс өңірлердің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, жол құрылысына тәжірибелі мердігер ұйымдар тартылған. Қазіргі таңда барлық учаскеде жұмыс басталып, қажетті материалдармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген.

Аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірде өзге де ірі жол жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанына тоқталды. Қазіргі уақытта «Ембі – Шалқар», «Қандыағаш – Шалқар» бағыттарында және Т. Жүргенов ауылы арқылы Қостанай бағытына шығатын автомобиль жолында құрылыс қарқын алған. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының аумағы арқылы өтетін «Қызылорда – Қостанай» көлік бағытын дамыту жобасы пысықталуда. Бұл жобалар аяқталған соң өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы едәуір жақсарып, басым бөлігі нормативтік талаптарға сай болады.

Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 875 шақырым, биыл 1 122,5 шақырым жол құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде 856 шақырым жол қайта жаңғыртылып, екі көпір күрделі жөнделуде.

Сонымен қатар «Әлімбет» өткізу пунктін қайта жаңғырту жалғасуда. Қазіргі таңда облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 88 пайызының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Бүгінгі жол инфрақұрылымын жаңғырту жобалары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу кезеңіне жетті. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы - 95 пайыз.

 

Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 124 вокзал жаңғыртылуда. Оның негізгі мақсаты – көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңартып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыру. Ақтөбе қаласының теміржол вокзалы – осы бағдарлама аясында жаңартылып жатқан маңызды нысандардың бірі.

Нұрлыбек Нәлібаев облысқа жұмыс сапары барысында вокзалдағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар берді.

Вокзал ғимараты толық жаңғыртылып, ішкі бөлмелері қайта жабдықталуда, инженерлік желілер ауыстырылып, перрон мен вокзал маңы абаттандырылуда. Бүгінде ғимараттың іргетасы, қаңқасы, шатыры және қасбеті толық аяқталған. Қазір ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату, перронды ретке келтіру және аумақты көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын 20 тамызға дейін толық аяқтау жоспарлануда.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жауапты мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын тұрақты бақылауда ұстауды да міндеттеді.

Сонымен қатар ол вокзал алдындағы алаң мен перронды аралап, жаңартылған нысанның айналасындағы аумақты да кешенді түрде ретке келтіру қажеттігін алға тартты. Вокзал маңындағы ғимараттардың сыртқы келбетін біріздендіріп, аумақты толық абаттандыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Оның айтуынша, жаңартылған вокзал тек ішкі жайлылығымен ғана емес, сыртқы сәулеттік келбетімен де қазіргі заман талаптарына сай болуы тиіс.

Жалпы Ақтөбе облысында жеті теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қандыағаш, Шалқар, Жем, Алға, Шұбарқұдық және Қарауылкелді станцияларындағы вокзалдар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Қазіргі уақытта Шалқар мен Шұбарқұдық вокзалдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қалған нысандарда жұмыстар жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы құны 10,5 миллиард теңгеден асады.

«Вокзалдар – өңірдің келбетін айқындайтын маңызды нысандар. Сондықтан оларды заманауи талаптарға сай жаңғырту тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, өңірдің көлік әлеуетін де күшейтеді. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін облыс тұрғындары мен қонақтары сапалы қызмет көрсететін, қолайлы әрі заманауи вокзалдарды пайдалана алады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келіп, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, цифрландыру салаларындағы жобаларды және әлеуметтік нысандар құрылысын көрді.

Президент қолдауымен жүзеге асып жатқан жобалар ең алдымен халықтың жайлы тұрмысын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуін көздейді. Ауқымды жұмыстардың барлық кезеңі, мәселелері - Үкімет бақылауында.

Жұмыс сапарының екінші күнінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері туралы жиын өткізді. Онда Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру мүмкіндіктері талқыланды.

Инвестициялық жобаларды уақытылы іске қосу, «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағына жаңа өндірістер тарту, ауыл шаруашылығын қаржыландыру және техникалық жаңғырту бойынша нақты міндеттер қойылды.

Әрі қарай «109» Ахуалдық орталығында мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ықпалдастырылған цифрлық платформа, «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өндірістің даму жоспары таныстырылды.

Сапар аясында «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның алдағы жылу маусымына дайындығы да қаралды. Жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтап, жылу беру маусымын тұрақты өткізу тапсырылды. Жоспар бойынша дайындық қыркүйекте бітуі тиіс.

Ақтөбедегі «Қоныс» спорт сарайының жанынан жаңа демалыс саябағы салынуда. Аумағы - 1,6 гектар, серуендеу және жүгіру жолақтары, балалар мен спорт алаңдары, амфитеатр және демалыс аймақтары қарастырылған. Қазіргі кезде құрылысы аяқталуға жақын. Мұндай қоғамдық кеңістіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мақсаттарына сай келеді.

Сапар соңында Алтын Орда шағын ауданындағы экономикалық-іскерлік аумақта іске асырылатын жобалар, музыкалық драма театр, 35 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы таныстырылды.

Қорытындысында өңірде қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларды, барлық нысанның құрылыс сапасын бақылау тапсырылды.

Өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары аймақтағы қай жобаның да сапалы орындалып, уақытында ел игілігіне берілуі өте маңызды.

Соңғы жаңалықтар
15:30, 06 август 2026
328
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив