Ақтөбеде бопсалау мен тонауға күдікті 7 адам ұсталды
Ақтөбеде тұрғындарды бопсалап тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Қылмыскерлер жәбірленушіні қорқытып күш қолданып несие рәсімдеуге мәжбүрлеп, 700 мың теңгені заңсыз иемденген. Бұл туралы ПД баспасөз қызметі мәлімдеді.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
17 шілде күні күдіктілер ойдан шығарылған қарызды қайтаруды талап етіп, жәбірленушіге күш қолданған. Кейін оны банк арқылы несие рәсімдеуге және депозиттік шотынан ақша шешіп беруге мәжбүрлеген. Жәбірленуші 700 мың теңгесінен айырылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар деген жеті адамның жеке басын анықтап, оларды ұстады. Барлығы ішкі істер органдарына жеткізілген. Аталған дерек бойынша бопсалау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ұсталғандардың Ақтөбе облысында жасалған осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Полиция ұйымдасқан қылмыс, бопсалау, күш көрсету және өзге де ауыр құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жалғасатынын, заң бұзғандардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.


