Ауыл шаруашылығы- ел ырысының алтын діңгегі

 Ақтөбеде Астана ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен  ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне  арналған шара өтті. Жиында табанды еңбек етіп жүрген  сала үздіктері марапатталды.  

Назгүл  ӘБЕТОВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Мерекелік іс-шарада Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев саланың маңыздылығына тоқталып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өнім өндірісін арттыруға үлес қосып жүрген еңбеккерлерді  кәсіби мерекемен құттықтады.

  • Баршаңызды Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен және Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтаймын! Бұл мәні мен маңызы зор қос мереке. Бірі - адал еңбек пен берекенің мерекесі болса, екіншісі халқымыздың азаттыққа қол жеткізіп, дербес мемлекет ретінде қалыптасқан тарихи белесі. Тәуелсіздік жылдарында еліміз талай жетістікке жетіп, экономикасы дамыған мемлекетке айналды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салалары да жаңа даму кезеңіне қадам басты. Мұның артында туған жердің игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың маңдай тері мен қажырлы еңбегі жатыр, - деді аудан әкімі. 

    Баянбек Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және отандық өндірісті қолдауға ерекше назар аударылатынын атап өтті.  Жолдауда келтірілген мәліметтерге сәйкес, былтыр ауыл шаруашылығы саласының  өсімі шамамен 6 пайызды құрап, агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс көлемі  15 триллион теңгеге дейін көбейген. Сонымен қатар тағам өнеркәсібінде жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын жобалар қарастырылған.

                             Еңбек етсең, емерсің

    Мерекеге аудан аумағында орналасқан шаруа қожалық иелері, Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе Жоғары аграрлық-техникалық колледж мамандары мен ардагерлер  шақырылды. Солардың бірі – Темірхан Мүсіріп. Ол - ауыл шаруашылығы саласының майын ішіп, жілігін шаққан еңбекқор жан. Бесінші кластан бастап трактор тізгіндеген. Егін егіп, жердің бабын тапқан. Бала кезінен темірден түйін түйіп, шеберлігі шыңдала түскен.  Сол төзімділік пен табандылықтың арқасында зауытта еңбек етіп, шеберден басшылыққа дейін көтерілген.    

    • Қазір ауылдың жағдайы жаман емес. Газ, жарық, су, интернет бар. Бірақ адамдар көп бара бермейді. Ауылда тұрған адам мал ұстамаса, күн көре алмайды. Сол малды жаятын жайылым азайып бара жатыр. Өйткені, жер жекенің иелігінде.  Бұрын ауыл адамдары қала тұрғындарын ет, сүтпен қамтамасыз ететін. Қазір ондай жоқ. Мемлекет тарапынан қолдау алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар да  бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын өркендете беру керек деп ойлаймын, -деп сөзін түйіндеді ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

    Ал қала іргесіндегі Жаңақоныс елдімекенінде тұратын Мұрат Мәліков Қылмыстық - атқару жүйесі департаментінен зейнетке шыққан соң, қарап отыруды жөн көрмеген. Бүгінде ата кәсіпке бет бұрып, ауыл тұрғындарының малын бағады. Бейнеттен қашпай, адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген Мұрат Мәліков мал бағудың оңай еместігін, өз проблемасы барын жасырмады.  

    • Осыдан үш жыл бұрын зейнетке шықтым. Малды басында кезекпен бағатын едік. Ол қиындау болды. Көктемде шыққан мал желтоқсанға дейін далада жайылады. Жазда ауыл тұрғындарының 800 бас малын далаға шығарып бағамын.  Халықтың малын мамыр тумай,  қабылдай алмаймыз. Себебі, сәуірде мал төлдеген уақытта, жас төл жаңбырдың астында қалса, шығынға батады. Бізге уақытша мал бағатын жер берілді. Ауламыз бар, төбесінде күрке жоқ. Мен өз қаражатыма малға ангар салғым келеді. Қазір Астана ауданы әкімдігімен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Ауыл шаруашылығының  бейнеті де көп. Есесіне пайдасы да бар. Сондықтан жер үйде тұратындар мал бағып, құс өсіріп, бау-бақша ексе екен деп ойлаймын, -деді ол. 

     

    Астана ауданында 35 шаруа қожалығы бар

         Бүгінде Астана ауданында 34 мың кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның 12 мыңы заңды тұлға болса, 22 мыңы-жеке кәсіпкерлер. Былтыр 12 жоба іске қосылып, нәтижесінде 800-ден аса жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл он айдың ішінде 17 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

    Қазіргі таңда ауданда 35 шаруа қожалығы тіркелген. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қожалық иелері  тұрғындарды ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Тұрғын алаптарындағы жайылымдық жердің көлемі -3 224 гектарды құрайды. Тағы бір қуантарлығы, салаға салынған инвестиция көлемі де артып отыр. Былтыр шаруашылықтар 80 миллион  теңге инвестиция салса, биыл мал басын көбейтуге несие есебінен 200 миллион теңге бағыттаған.

Соңғы жаңалықтар
16:37, 26 ноябрь 2026
0
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив