Ресейге жұмысқа кеткен ақтөбеліктер соғыстан бір-ақ шықты
Ақтөбеден Ресейге жұмыс істеуге кеткен тұрғындар соғыс аймағына тап болды. Қазір олар елге оралуға көмек сұрап жатыр. Жігіттердің айтуынша, олар әлеуметтік желіде жоғары жалақы уәде еткен ұсыныстарға сеніп, шетелге аттанған. Алайда жұмыс іздеп барғандар алданып қалған.
Айгерім ЖҰМАБЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақмарал Әбілғазиеваның Ресейге жұмыс істеуге кеткен тұңғыш ұлынан хабар ала алмай отыр. Айтуынша, 27 жастағы Ақылбек Телман бүгінде Луганскідегі соғыс аймағында жүр. Анасы ұлының майдан алаңында жүргенін бейтаныс әйел қоңырау шалғанда бір-ақ білген. Ол енді баласын елге аман-есен қайтару үшін барлық қазақстандықтан көмек сұрайды.
«Қарыздардан құтыламыз деп қуанып едім...»
Ақмарал Әбілғазиеваның айтуынша, Ақылбек әуелі жұмыс іздеп Астанаға барған. Кейін интернет арқылы жұмыс тауып, Ресейге жұмысқа аттанған. Анасы ұлының бұл шешімінен хабарсыз болғанын айтады.
-Баламнан “Неге ол жаққа бардың?Ол жақтағы жағдайды білесің. Соғыс болып жатыр ғой,”-деп жылап сұрадым.Ол: “Мама, уайымдама, мен Ресейдемін. Шұжық шығаратын цехта жұмыс істеп жатырмын. Көп ақша төлейді. Барлық қарыздан, несиеден құтыламыз. Тұрмысымыз жақсарады. Бұйырса, той жасап, үйленемін” деді.Баламның сөзіне сендім. Жамандық ойламадым,-дейді әйел.
Ақмарал Әбілғазиеваның сөзінше, соңғы рет сөйлескенде ұлы телефонының сынып қалғанын айтқан. Содан кейін одан хабар болмаған.
-Телефоным сынып қалды деді. Оның рас-өтірігін білмедім. Содан кейін хабар болмай кетті,-дейді анасы.
«Баламның суреті мен видеосын көргенде ғана сендім»
26 қыркүйек күні Ақмарал Әбілғазиева жұмыста жүрген кезде оған бейтаныс нөмірден қоңырау түскен. Телефон соққан әйел оған ұлының Ресейде Луганскіде соғыс жүріп жатқан аумақта тұтқында екенін айтқан.
-Басында сенбедім. Олай болуы мүмкін емес деп ойладым. Бірақ әлгі келіншек WhatsApp арқылы баламның суреттері мен видеоларын жібергенде ғана сендім. Баламның шынымен сол жақта, соғыс аймағында жүргенін сонда ғана білдім, – дейді ана.
Бұл хабар Ақмаралдың өмірін күрт өзгерткен. Кеше ғана жақсы жұмысқа орналасып, отбасына көмектесуді армандаған ұлының тағдыры енді ана үшін ең үлкен уайымға айналған. Қазір Ақмаралдың бар тілегі – ұлының аман-есен елге оралуы.
«Қолымнан келер қайран жоқ»
Ақмаралдың айтуынша, Ақылбек сияқты жұмыс іздеп жүріп алданып, Ресейге кеткен азаматтар басқа өңірлерде де бар. Қазіргі уақытта белгілі адвокат Мейірман Шакеевтің бастамасымен арнайы топ құрылып, ата-аналар өзара ақпарат алмасып, балаларының тағдырын анықтау және оларды елге қайтару жолдарын талқылап жатыр. Ақтөбе қаласындағы заңгерлердің бірі де Ақмаралға көмек көрсеткен. Оның көмегімен тиісті құзырлы органдарға онлайн хат жолданған. Бұдан бөлек балаларының тағдырына алаңдаған ата-аналар бірігіп, Ресейге баруды жоспарлап отыр. Алайда Ақмаралдың шетелге баруға қаржылық мүмкіндігі жоқ. Ол қазір 92 жастағы инсульт алған қарт анасын күтіп-бағып отыр. Қарт кісіні қараусыз қалдыруға болмайды.
-Баламды іздеп, өзім де барғым келеді. Бірақ оған қаражатым жоқ. Әрі 92 жастағы инсульт алған анам бар. Оны қараусыз қалдыра алмаймын. Қолым жіпсіз байлаулы отыр, – дейді ол.
Оның Ақылбектен кейінгі екі ұлы Астана қаласында жұмыс істейді. Олар да анасына қолдан келгенше көмектесіп, елордадағы тиісті органдарға жүгініп жатыр.
«Барша қазақ елінен көмек сұраймын»
Бүгінде Ақмарал үшін әрбір күн алаңдаумен өтіп жатыр. Ана баласының қайда жүргенін, қандай жағдайда екенін және оны елге қалай қайтаруға болатынын білгісі келеді.Ол Қазақстанның құзырлы органдарынан, қоғам белсенділерінен, журналистерден және барша отандастарынан көмек сұрайды.
-Мен барша қазақ елінен көмек сұраймын. Баламның елге аман-сау оралуына жәрдем берсеңіздер екен. Менің бар тілегім – баламның тірі оралып, отбасымен қайта қауышуы. Баламды аман алып қалуға көмектесіңіздерші, – дейді анасы.
Эпилепсиямен ауыратын ақтөбелік соғыста жүр
Тағы бір ақтөбелік соғыс алаңында жүр. Ақтөбе қаласының 21 жастағы тұрғыны Миржан Амандәулет 12 қыркүйекте үйден шығып, кері оралмаған. Жалғызбасты ана Алтынгүл Мұстафинаның айтуынша, эпилепсиямен ауыратын жігітті таныстары күзетші болып жұмыс істеуге шақырған. Оған 750 мың теңге жалақы беруге уәде еткен. Алайда кейін ұлы хабарласып, өзінің “әскерде жүргенін” айтқан. Қазір әйел баласының Ресейдің қай қаласында жүргенінен бейхабар. Ол денсаулығында кінәраты бар баласы соғыста жүргенін айтып, құтқаруды сұрайды. Анасының айтуынша, Миржан бала кезінен эпилепсиямен ауырады. Кез келген уақытта талмасы ұстап, есінен танып қалуы мүмкін. Дертіне байланысты II топтағы мүгедектігі бар. Алтынгүлдің сөзінше, ұлы үйден көп шықпайтын, жуас мінезді болған. Достары да көп болмаған. Алайда соңғы уақытта өзінен үлкен жігіттермен араласа бастаған. Анасы баласының адамдармен араласып, ортасы кеңейгеніне қарсы болмаған.
Алтынгүл Мұстафина 12 қыркүйек күні өзі жұмыста болған кезде белгісіз біреулердің ұлын үйінен жұмысқа алып кеткенін айтады. Анасы баласының қайда кеткенін бірден білмеген. Бірнеше күннен кейін ұлының өзі хабарласып, жағдайын айтқан.
— Балам маған екі-үш күннен кейін хабарласты. ”Мама, мен айдалада жүрмін. Армия сияқты. Қолымызға автомат берді, жаттығулар жасаймыз. Бір қағаздарға қол қойдырып алды. Қайтпайсыңдар, қайтсаңдар, 15 жылға сотталып кетесіңдер деп қорқытады. Олардың айтқандарын түсінбеймін. Мама, мен қайтқым келеді, — деді ұлым.
Қазір анасы ұлының аман-есен оралуын күтіп отыр. Ол Миржанның денсаулығына алаңдайды. Өйткені эпилепсиямен ауыратын жігіт кез келген уақытта талма ұстамасына тап болуы мүмкін.
Бұған дейін БАҚ Ресейде 14 қазақстандықтың қақтығыс аумағында жүргені туралы ақпарат тараған еді. Заңгер Мейірман Шакеевтің айтуынша, Қазақстан азаматы өзге елдің соғысына өз еркімен қатысса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 170 және 172-баптарында жауапкершілік көзделген. Кінәлі тұлғалар 5 жылға және одан ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер азамат жұмысқа барамын деп алданып, соғысқа мәжбүрлі түрде қатысқан болса, бұл жағдай сотта ескеріледі. Оның әрекетінде қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Заңгердің сөзінше, соғысқа қатысуға қатысты әр жағдай жеке қаралады. Азаматтың келісімшартқа қол қойғаны, соғысқа өз еркімен барғаны немесе алдау мен мәжбүрлеуге ұшырағаны істі бағалау кезінде маңызды рөл атқарады.


