Жазылған жайдың жаңғырығы

Ақтөбедегі тұрғын үйлер маңында қалдықтарды өртеу жобасына байланысты «Аклер Групп» компаниясының қызметі тексеріледі. Экология департаменті алматылық «Аклер Групп» компаниясының қауіпті қалдықтарды өртеу жобасына қатысты құжаттарды тапсырғанын растады.Департамент басшысының орынбасарының айтуынша, жоба Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына толық сәйкес келген жағдайда ғана қаралады.

Ренат ТАИПОВ

aktobetimes@list.ru

«АТ» газеті өткен санында «Ақтөбеде тұрғын үйлердің маңында жылына 900 тонна қауіпті қалдық өртелмек» атты мақала жариялаған болатын. Онда алматылық «Аклер Групп» ЖШС-нің мұнай шламдарын, жануарлардың биологиялық қалдықтарын және медициналық қалдықтарды қоса алғанда, қауіпті қалдықтарды өртеуге арналған қондырғы салу жоспары туралы жазылған еді.Жобаға сәйкес, кешеннің негізгі бөлігі – инсинератор пеші Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік аймағында, тұрғын үйлерден небәрі 800 метр қашықтықта орналастырылмақ.«АТ» газетінде жарияланған бұл мақала әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

 

Әкімдіктің жауабы

  Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі де жарияланған мақалаға үн қатып, 3 тамыз күні редакцияға Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадиннің түсіндірмесін жолдады.Онда былай делінген:«Бұған дейін осы мекенжайдағы (жер теліміндегі) нысанда қауіпті қалдықтарды өртеу қызметімен «AGHelp» ЖШС айналысқан. Қазіргі таңда аталған нысанның қызметі Экология департаментінің шешімімен тоқтатылып, іс бойынша сот талқылауы жүргізілуде.Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында осы жер телімінде «Аклер Групп» ЖШС-нің қоқыс жағу кешенін салуды жоспарлап отырғаны туралы жарияланым анықталды. Аталған кәсіпорын 2026 жылғы 25 маусымда жоспарланған қызметті жүзеге асыруға қатысты өтініш бергені рас.Осыған байланысты, нысанды жаңа ұйымның атынан қайта іске қосу әрекеттері қатаң бақылауда екенін хабарлаймыз. Экология департаменті осы өндірістік нысанға қатысты сот процестерін ескере отырып, ұсынылған құжаттарға жан-жақты тексеру жүргізеді. Экологиялық кодекстің барлық талаптары толық орындалмайынша, аталған қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілмейді.»

Экологтың түсіндірмесі

Сейсенбі, 4 тамыз күні Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадин «АТ» газетінің тілшісіне пікір білдірді.

– Біз «AGHelp» ЖШС мен «Аклер Групп» ЖШС-нің құрылтайшысы бір болуы мүмкін деп болжап отырмыз, өйткені екі компания да Алматыда тіркелген. Бұған дейін «AGHelp» ЖШС-нің қызметін тоқтаттық, себебі олардың қалдықтарды өртеуге арналған жабдықтары белгіленген талаптарға сәйкес келмеді. Қазір олар бізбен соттасып жатыр. Дегенмен біздің ұстанымымыз өзгермейді – біз оларға рұқсат құжаттарын беруді жоспарлаған жоқпыз.Меніңше, «Аклер Групп» осы аумаққа келіп, басқа атаумен сол қалдықтарды өртеу жабдығына рұқсат алуға әрекет жасап отыр. Бәлкім, осы жолмен мәселені шешпек болған шығар. Алайда олардың құжаттары әзірге бізге түскен жоқ. Бір анық нәрсе – олар дәл осы жер телімінде және осы жабдықты пайдаланып қызмет жүргізуді жоспарлап отыр. Бірақ жобалық құжаттар қолымызға тимейінше, нақты қорытынды жасай алмаймыз. Құжаттарын ұсынсын, сонда бәрі белгілі болады. Менің ойымша, жақын арада олардан өтінім келіп түсуі мүмкін, – деді Талап Уснадин.Өз кезегінде «АТ» редакциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына ресми сауал жолдап, «AGHelp» ЖШС-нің Тараз қаласында, ал «Аклер Групп» ЖШС-нің Алматы қаласында тіркелгенін анықтады. Сондай-ақ бұл екі компанияның құрылтайшылары әртүрлі екені көрсетілген.

  

Жобаға сәйкес, Ақтөбеде 2036 жылға дейін жыл сайын 876 тонна түрлі қалдықты өртеу жоспарланып отыр. Оның 576 тоннасы – қауіпті қалдықтар.

Олардың ішінде:

  • 390 тонна – медициналық қалдықтар;
  • 62 тонна – органикалық еріткіштер мен жуу сұйықтықтарының қалдықтары;
  • 60 тонна – инфекция тарату қаупі бар қалдықтар;
  • 15 тонна – құрамында қауіпті заттары бар қатты жанғыш қалдықтар;
  • 15 тонна – қауіпті заттармен ластанған сорбенттер, сүртуге арналған маталар және қорғаныш киімдері;
  • 12 тонна – шайырлар, органикалық шламдар, битумды материалдар, мұнай шламдары және мазут қалдықтары;
  • 12 тонна – қозғалтқыш және майлау майларының қалдықтары;
  • 10 тонна – пайдаланылған май сүзгілері

Жобаға сәйкес, атмосфераға жыл сайын мынадай көлемде зиянды заттар шығарылуы мүмкін:

  • 260 келі – кадмий оксиді;
  • 600 келі – мыс оксиді;
  • 105 келі – никель оксиді;
  • 1,4 тонна – қорғасын;
  • 1,2 тонна – хромның алты валентті оксиді (Cr(VI));
  • 300 келі – мышьяк
Соңғы жаңалықтар
15:00, 06 август 2026
399
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив