Ақтөбеде ер адам бұрынғы әйелін қылғындырып өлтірді
Ақтөбеде бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Бұл жөнінде жергілікті полициядан хабарлады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбеде 26 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сұмдық оқиға Нұр Ақтөбе ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдайға бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал себеп болған. Ұрыс кезінде ер адам келіншекті қолмен қылғындырған. Марқұмның артында кішкентай қызы қалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазір 31 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр.
Жергілікті полицияның мәліметінше, бұған дейін бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжалдарға қатысты құқық қорғау органдарына ешқандай арыз-шағым мен хабарлама түспеген.Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетелік, бұған дейін Ақтөбеде Неке сарайында 26 жастағы әйел кісі қолынан көз жұмған еді. Оны “өлтірді” деген күдікпен бұрын бірге тұрған ер адам ұсталды. Марқұмның артында 2 баласы қалды. Қазір олар “Үміт “ балалар үйіне орналастырылды.


