Пойызға билетсіз мінген жолаушы көз жұмды
Атыраудан Ақтөбеге шыққан жолаушылар пойызында билетсіз мінген ер адам қайтыс болды. Пойыз бастығы мен жолсерік жұмыстан босатылды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Kerekinfoaktobe@gmail.com
«Жолушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, қайғылы жағдай 13 шілде күні № 691/692 жолаушылар пойызы Қандығаш-Ақтөбе учаскесінде келе жатқанда болған. Пойыз Ақтөбе станциясына жеткен бойда марқұмның денесі құзырлы орган қызметкерлеріне тапсырылды.
-«Атырау-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында жолаушының кенеттен қайтыс болуына байланысты Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Алдын ала диагноз екі жақты пневмония. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды,- дейді Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрбек Ахметов.


