Қоқыс тастағандар дрон арқылы анықталып жатыр
Ақтөбеде белгіленбеген жерлерге ірі көлемді қоқыс төккендер дрон арқылы анықталып жатыр. Полиция соңғы бір аптада осындай 30-ға жуық деректі тіркеді. Бұл туралы ПД баспасөз қызметі мәлімдеді.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Ақтөбеде қала аумағының тазалығын бақылау күшейтілді. Полиция қызметкерлері абаттандыру талаптарының сақталуын тексеріп, қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге тастау фактілерін анықтауда. Рейд кезінде заманауи техникалық құралдар, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылып жатыр. Дрондардың көмегімен аумақты әуеден бақылап, заңсыз қоқыс төгілген орындарды анықтауға және құқық бұзушыларды тіркеуге мүмкіндік бар. Бір апта ішінде полиция осындай 30-ға жуық деректі анықтаған. Оның ішінде құрылыс қалдықтарын, ескі жиһаздарды және басқа да ірі көлемді қоқыстарды белгіленбеген орындарға тастау фактілері бар. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылуда.
