“Шалқарлық төрттіктің” бірі терроризм үшін сотталды
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
jansaya_esmaganbet
Ақтөбеде түрмеде отырған “Шалқарлық төрттіктің” бірі Ерлан Мамытов тағы да қосымша жаза арқалады. 23 жылға сотталған ер адам жазасын өтеп жатқандарға терроризмді насихаттаған.
Айта кетелік, 41 жастағы Ерлан Мамытовтың есімі көпшілікке “Шалқарлық төрттік” атымен 2012 жылдан бері таныс. Сол жылы ол сыбайластарымен бірге Қылмыстық Кодекстің “ Адам ұрлау”, “Зорлау” және “Адам өлтіру” баптарымен кінәлі деп танылып, 23 жылға сотталған еді.
Оқиға қалай болды?
Дүйім Ақтөбені дүрліктірген адам шошырлық оқиға 2009 жылы болған еді. Сол кезде Шалқардың төрт тұрғыны бірнеше адамды өлтірді деген күдікпен қамауға алынған. Жігіттер әйелдерді қала сыртына алып шығып, кейін зорлап өлтірген. Шалқарлық баскесерлер құрбандарының бірін Шалқар көліне батырып өлтірсе, екіншісін өртеп жіберген, ал үшіншісін жерге көміп тастапты. Қылмыстық топ мүшелері жәбірленушілердің бірімен қала шетінде алкогольдік ішімдік ішкен. Жанжалдан кейін ер адамдар әйелді көлге батырып, кейін денесін қамыстың арасына лақтырып жіберген. 2012 жылы шыққан сот үкіміне сәйкес, 32 жастағы Сағдат Қоразбеков пен 30 жастағы Жасұлан Мамытов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал 27 жастағы Ерлан Мамытов пен 31 жастағы Нұрлан Мамытов 23 және 25 жылға түрмеге жабылған. Кейін Ерлан Мамытовтың аты тағы аталды. Маңғыстау облысындағы қатаң режимді колонияда жазасын өтеп жатқан ол 2019 жылы түрмедегі ұстау жағдайларына шағымданып, видеоүндеу жариялаған еді.
Қандай айып тағылды?
Бұл жолы Ерлан Мамытовқа Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1-бөлігі(“Терроризмді насихаттау”) және 174-бабының 1-бөлігі(“Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, топтық немесе діни алауыздықты қоздыру”) бойынша айып тағылды. Қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралды. Сот құжаттарына сүйенсек, 41 жастағы ер адам ислам дініндегі ханбали мазхабына негізделген радикалды салафизм ағымының идеяларын ұстанып, Ақтөбедегі №8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандарға терроризмді насихаттаған. Ол діндарларды діни себептерге байланысты қарулы қақтығыстарға қатысуға шақырған.
- Ерлан Мамытов “теологтар мұсылмандар арасында бүлік тудырып, мұсылман ақидасына - сенім негіздеріне сызат түсіру арқылы мұсылман жамағатын іріткіге ұшыратуда” деп айыптаған. Сонымен қатар ол діни себептерге байланысты қарулы қақтығыстарға қатысу мен оны жүргізудің қажеттілігі туралы идеяларды насихаттаған. Түрмеде жазасын өтеушілерге футбол ойынының кәпірлік - яғни күпірлікке тән ойын екенін айтқан. Оның айтуынша, футбол сияқты “кәпірлік шоу” мұсылмандар арасында алауыздық туғызады, бұл мүміндерге рұқсат етілмеген. Осы спорт түріне қатысудың орнына құранды оқып-үйренуді, зікір айтып, рухани тазарып, күш-қуат алуға шақырып, оларға қарсы діни араздық пен алауыздық таныту қажеттігін мәлімдеген. Сондай-ақ ол түзету мекемесінің қызметкерлеріне, қылмыстық әлемде ерекше мәртебеге ие тұлғаларға физикалық күш қолдануға дайын екенін білдірген,-делінген іс құжаттарында.
Жазасын өтеуші қалай ақталды?
Сот отырысында Ерлан Мамытов өзіне тағылған айыпты мойындады. Айтуынша, 2024 жылдың желтоқсанында Ақтөбедегі №8 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан үш адаммен тәртіптік изоляторда сөйлескен. Алайда ол кезде өзінің терроризмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырып жатқанын білмегенін айтты.
-Қылмыстық іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге дау келтірмеймін. Жасырын тергеу әрекетінің шеңберінде алынған аудиожазбалардан өзімнің дауысымды таныдым. Жасаған іс- әрекетіме өкінемін. Соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраймын. Сотта куәлар тәртіптік изоляторда Ерлан Мамытовпен бірге отырғандарын, алайда ұзақ уақыт өткендіктен нақты не жөнінде әңгімелескендерін ұмытып қалғандарын айтқан. Кешенді сот дінтанушылық сараптама қорытындысына сәйкес, зерттелген материалдардың мәтіндеріндегі идеялар дінінің радикалды салафизм ағымына тиесілі екені көрсетілген. Онда терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар.
Сот үкімі қандай?
Сотта белгілі болғандай, Ерлан Мамытов 2025 жылдан бастап “Диссоциалды тұлғалық бұзылыс” диагнозыменпсихоневрологиялық есепте тұрады. Бұл психикалық бұзылыс қоғам ережелерін жиі елемеу, агрессия, жауапкершіліктің төмендігі сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен сипатталады. Алайда сот психолого-психиатриялық сараптама нәтижесі бойынша, сотталушы мәжбүрлі емдеуді қажет етпейді. Белгілі болғандай, сотталушының әлі 8 жыл 9 айға жуық жаза мерзімі өтелмеген. Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы Аян Құсаев қылмыстық істі қарап, 1985 жылы туған Ерлан Мамытовты кінәлі деп тапты. “Шалқарлық төрттіктің” бірі жазасының өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, түпкілікті 18 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Оның әрекетінде қылмыстардың қауіпті қайталануы танылды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енді.
