Мұғалжарлық тұрғын терроризмді насихаттаған
Мұғалжар ауданы, Қандығаш қаласының тұрғыны салафизм бағытын ұстанып, дін жолында жүргендерге терроризмді насихаттаған. Сот үкімімен 38 жастағы ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
jansaya_esmaganbet
Қылмыстық іс Мұғалжар ауданының сотында қаралды. Тергеу органдары 38 жастағы Медет Даржановқа Қылмыстық Кодекстің 174-бабының 1-бөлігі (“Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, топтық немесе діни алауыздықты қоздыру”)және 256-бабының 1-бөлігі (“Терроризмді насихаттау”) бойынша айып тақты. ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің арнайы іс шаралары барысында Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласының тұрғыны ислам дініндегі салафизм ағымының идеяларын ойына сіңіріп, терроризмді насихаттайтын радикалды идеологияның ықпалында болғаны анықталған. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасының ұстанатын зайырлы бағытын, аралас ұлт, дін өкілдерінің бір қоғамда татулықта өмір сүруін өзінің діни ұстанымына қарама-қайшы деп есептеп, радикалды идеологияның көзқарасын ұстанатын жақтастарын көбейту мақсатында діндарларға терроризмді насихаттамақ болған. Іс құжаттарына қарағанда, ол 2024 жылдың шілде-қазан айларында құрылыс алаңында ауылдастарына ислам дінін ұстанбайтын тұлғаларды кәпір, тағут, мушриктер деп айыптап, оларды өлтіру қажеттігін айтқан. Сондай-ақ ол діндарларға діни себептер бойынша адамды өлтіру, зорлық-зомбылық жасауға Ислам дінінде рұқсат берілгендігін айтқан. Кешенді сот-дінтанушылық сараптаманың қорытындысына сәйкес, оның мәлімдемелерінде терроризмді насихаттау белгілері бар.
“Діни білімім аз болғандықтан, қателестім”
Сот отырысы кезінде Медет Даржанов Қазақстанның ұстанып отырған зайырлы бағытына қарсы келгендігін айтып, өз қылмысын мойындады.
-Тергеу кезінде және сотта да өз кінәмді түсініп, толық мойындадым. Діни білімім аз болғандықтан, қателестім. Қазіргі отбасымда 2 балам бар. Бұрынғы 2 отбасымның әрқайсысында 1 баладан бар. Оларға алимент төлеймін.Жалпы 4 баланың әкесімін. Отбасыма оралғым келеді. Маған жеңіл жаза тағайындасаңыздар екен, -деді ол сотта.
“Сотталушы бұрын такфирлік ағымда болған”
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде Мұғалжар аудандық дін орталығының басшысы Әділет Маусымовтан куә ретінде жауап алынған. Ол Медет Даржановтың салафи бағытын ұстанатынын айтқан.
- Мен Медет Даржановты 2024 жылдың қараша айынан бастап танимын. Онымен діндар адамдарды деструктивті діни ағымдардан оқшаулап, алдын алуға бағытталған жұмыстарға сәйкес профилактикалық мақсатта кездестім. Оның діни көзқарасы-салафи бағытта. Бұрын такфирлік бағытта болған. Кездесу барысында такфирлік бағыты бәсеңдегенін аңғардым. Ол күмәнданып сөйлескендіктен, ашылып ештеңе айтпады. Оған Ханафи мазһабының тиімділігі туралы түсіндіргенінде ол үнсіз тыңдап, артық сұрақ қоймады. Мүфтияттың ұстаздарының уағыздарын мүлдем тыңдамағандығын, Үкіметке жұмыс жасап жүргендіктен ғана ұйымдастырылған профилактикалық шараларға амалсыздан қатысқандығын айтты. Әбу Ханифа мазһабының құндылықтары бойынша жүргізілген түсіндірмелік жұмыстардың ешқайсысын қолдамады. Кездесу барысында үндемей іштей қарсылық білдірген сыңай танытты. ҚР ұстанып отырған саясатын, зайырлы қоғамда татулықта өмір сүру қажеттігін толық түсіндіргенде ешқайсысын қабылдамады. Қандыағаш қаласындағы мешіттің имамдарынан да білім алмаған,-деді ол.
Теолог: “Одан вахабизмге тән қасиеттерді байқадым”
Сот отырысы кезінде “Ихсан” оңалту орталығының теологынан да жауап алынды.
-2025 жылдың сәуір айында Медет Даржановпен Қандыағаш қаласында орналасқан киім тігін фабрикасында таныстым. Ол сол жерде күзетші болып жұмыс істеп жүрді. Діни бағыт бойынша онымен 2 рет кездестім. Ол деструктивтік ағымдағы адам болды. Оңалту жұмыстары барысында ол өзін Мушаббиһпін деп айтты. Мушаббиһ деген Алла тағаланы жаратылысқа ұқсату болып табылады. Бұлай негізінде адасушы топтар айтады.Оның бойынан вахабизмге тән қасиеттерді байқағанмен, басқа жағымсыз қылықтарын көрген жоқпын. Медет Даржанов толыққанды Әбу Ханафи мазһабымен келіспейді. Ол діни білімді ұстазсыз алғандықтан, Ислам дінін өзінің тікелей түсінігі бойынша түсінген адам деп есептеймін,-деді ол.
Cотта белгілі болғандай, оқиға Қандыағаш қаласында жаңадан ашылған тігін цехының құрылыс жұмыстары кезінде болған. Сотта куәгерлерден де жауап алынды. Олардың бірі өзінің “Алауыздық тудыру” айыбы бойынша сотталып, жазасын өтеп шыққанын айтты.
- Мен Мұғалжар аудандық сотының үкімімен Қылмыстық Кодекстің 174 бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға сотталдым. Жазамды Петропавл қаласындағы жалпы режимдегі түзету колониясында өтедім. Сотталушы маған әңгіме барысында Құран хадистердегі жіберілген қателіктерді айтты. Оның сөзінше, адам дүние-мүлік жинамай, тек діни білім жолында жүру қажет екен. Тіпті маған қажет болса дін жолында дінсіз кәпірлермен соғысу қажеттігін айтты. Ол: “Теологтар мен ұстаздар діни жамағатқа білімді өз беттеріңмен оқып алуға болмайды, діни білімді тек осы ғылым бойынша арнайы білімі бар ұстаздардан ғана алу қажеттігін айтады. Алайда олардың бұл айтуы дұрыс емес “ деді. Ол өз бетінше білім алатынын айтты,-деді ол.
“Намаз оқымайтындар ораза ұстаса,қабыл болмайды”
Сотта жауап берген екінші куәгер түрмеде жүргенде дінге қызыға бастағанын айтты. Ақтау қаласындағы түзету мекемесінде жазасын өтеген ол 2013 жылдан бастап 5 уақыт намаз оқи бастаған.
- Сотталушы Ислам дінінде музыка атаулы нәрсе харам екендігін, ЛГБТ ұстанатын адамдардың, қысқа юбка киетін қыздардың шариғат бойынша үкімі өлім жазасы екендігін айтты. Ол намаз оқымайтындарды кәпір деп санайтынын, кәпірлерден оқшаулану қажеттігін, Рамазан айында намаз оқымайтындар ораза ұстаса, Аллах ол оразаны қабыл қылмайтыны туралы әңгімеледі. Ол қазіргі таңда қоғамда өмір сүріп жатырған адамдардың көбі сыртқы тұлғасы мұсылман, ішкі жан дүниесі кәпірлер екенін айтып, оларды жек көруге шақырды, -деді куәгер. Сот-дінтанушы сарапшының қорытындысына сәйкес, сотталушының сөздерінен салафизм діни сенімінің үстемдігі мен “қарулы жиһад” идеясы насихаттайтыны анықталған. Мұғалжар аудандық сотының үкімімен Медет Даржанов кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енді. Айта кетелік, биыл терроризмді насихаттағаны үшін облыста 2 адам істі болған.Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, олар 35-40 жас аралығындағылар.

