WhatsApp-қа сенген ақтөбелік зейнеткер пәтерінен айырылды
Ақтөбеде телефон алаяқтары 71 жастағы зейнеткерді алдап несие алдырған, кейін өз пәтерін сатуға көндірген. Бұл туралы жергілікті полиция хабарлады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
71 жастағы ақтөбелік әйел телефон алаяқтарының арбауына түсіп, ақырында өз баспанасынан айырылды. Оқиға WhatsApp арқылы келген қоңыраудан басталған. Белгісіз адам өзін «Энерго Снаб» ЖШС-нің қызметкері ретінде таныстырып, үйдегі электр есептегішін ауыстыру керек екенін айтқан. Ол үшін 1414 нөмірінен келген кодты айту қажет деп сендірген. Әйел еш күмәнданбастан кодты айтып берген. Арада көп уақыт өтпей оған тағы бірінен соң бірі қоңыраулар түсе бастаған. Бұл жолы қоңырау шалғандар өздерін eGov порталының мамандары, кейін Ұлттық Банктің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырған. Олар әйелдің банк есепшотына қауіп төніп тұрғанын айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудармаса, бар қаражатынан айырылып қалатынын жеткізген. Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер 500 мың теңге несие рәсімдеп, ақшаны олар көрсеткен есепшотқа жіберген. Бірақ мұнымен бәрі аяқталмаған. Алаяқтар «пәтеріңізді де қауіпсіз жерге шығару керек» деп әйелді баспанасын сатуға көндірген. Сөйтіп ол пәтерін 7,5 миллион теңгеге сатып, түскен ақшаның бір бөлігін банк арқылы аударып, қалғанын курьерге қолма-қол ұстатып жіберген. Банк қызметкерлері бұл операцияларға күмәнданып, бірнеше рет әйелді тоқтатуға тырысқан. Алайда ол алаяқтардың ықпалынан шыға алмай, ескертулерге құлақ аспаған. Тек кейін ғана алданып қалғанын түсінген. Кейін белгілі болғандай, зейнеткер бұл әрекеттердің бәрін алаяқтардың психологиялық қысымы мен айласына алданып жасаған.


