Ақтөбеде аутист бала мектепте жарақат алды

 

Ақтөбедегі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар оқитын мектепте бес жастағы баланы құрдасы итеріп, жарақат алған. Баланың әкесінің айтуынша, мектеп қызметкерлері болған жағдайды дер кезінде хабарламаған.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Ақтөбедегі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жекеменшік мектептердің бірінде 5 жастағы бала мектеп ауласындағы баспалдақтан құлап, жарақат алды. Ата-анасының айтуынша, оқиға туралы оларға ешкім хабар бермеген. Ал бейнебақылау жазбасы тек “ полиция шақырамыз” дегеннен кейін ғана көрсетілген. Қазір бұл дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр. Ақтөбе тұрғыны Серік Нағиев 5 жасар ұлы мектеп ауласында жарақат алғаннан кейін білім беру мекемесінің жауапкершілігіне қатысты мәселе көтеріп отыр.

 

Әкесінің айтуынша, оқиға 25 маусым күні сағат 15:53 шамасында болған. Оның ұлын мектеп ауласындағы баспалдақтан өзімен шамалас бала итеріп жіберген.

- Балам қатты құлап, жарақат алды. Сүйегі сынған жоқ, бірақ иығы, қолдары зақымданып, беті жырылған. Ең өкініштісі,  бізге бұл туралы ешкім хабарлаған жоқ. Баланы алып кетуге келгенде ғана денесіндегі жарақаттарды көріп, не болғанын сұрадық. Бірақ мектеп әкімшілігі құлап қалды деп, ештеңе түсіндірмеді. Директор орнында болмады. Бейнебақылау камерасын көрсетуден де бас тартты. Тек «102»-ге хабарласамыз дегеннен кейін ғана жазбаны көрсетті. Сонда ғана ұлымды басқа баланың итеріп жібергенін көрдік, – дейді Серік Нағиев.

Әкесінің сөзінше, оқиғаға себеп болған балаға ешқандай кінә тақпайды.

– Бұл жердегі  балалардың бәрінде аутизм диагнозы бар. Олар ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан басты мәселе – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұндай балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Олар бір-біріне байқамай зиян келтіруі мүмкін. Біз осыған алаңдаймыз, – дейді ол.

Оқиғадан кейін ата-анасы баласын облыстық балалар ауруханасына апарып, дәрігерлерге қаратқан. Баланың түрлі дене жарақаттарын алғаны анықталған.

Серік Нағиевтің айтуынша, ұлы сөйлей алмайды, сондықтан нақты қай жері ауырып тұрғанын өздігінен жеткізе алмайды.

– Ұлым бес жаста. Жалғыз баламыз.  Үш жылдан бері апармаған жеріміз жоқ, барлық қажетті емін алып жүр. Бір күнін де бос жіберген емеспіз. Бірақ осы оқиғадан кейін жағдайы күрт өзгерді. Түнде жылап оянады, ұйқысы бұзылды, кіші дәретін ұстай алмай қалды. Жылдар бойы жасаған еңбегіміз кері кеткендей әсер қалдырды. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын, – дейді әкесі. Мемлекеттік қызмет арқылы берілген тегін орындардың біріне қабылданғанына төрт-ақ күн болған кезде осы жағдай болған. Әдетте мұнда ата-аналар ақылы негізде оқытады.

–Оқиғадан  кейін бізді бірден WhatsApp тобынан шығарып жіберді. Бізге ешқандай өтемақы керек емес. Біздің жалғыз талабымыз – ерекше балаларды қабылдаған соң олардың қауіпсіздігіне мектеп толық жауап беруі тиіс, – дейді ата-ана. Оқиғаға қатысты Ақтөбе облыстық полиция департаменті тексеру басталғанын хабарлады. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, зерделенуде. Сондай-ақ қажетті тексеру іс-шаралары жүргізілуде. Полицияның хабарлауынша, тексеру қорытындысы бойынша Білім басқармасына өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдау жөнінде ұсыным жолданады. Сонымен қатар, тәрбиешілердің әрекетіне құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Соңғы жаңалықтар
10:00, 03 июль 2026
244
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив