Жасанды интеллект – көмекші ме, әлде бәсекелес пе?

  

Қазір XXI ғасыр – технологияның қарқынды дамыған заманы. Ғылыми-техникалық революцияның жаңа кезеңге өтуі адамзат бұрын-соңды елестете алмаған сан қилы технологиялық жетістіктерге қол жеткізіп, қоғам өміріне үлкен өзгерістер әкелуде. Соның бірі – жасанды интеллект.Жасанды интеллект (ЖИ) — адамның ойлау, үйрену, бейімделу және шешім қабылдау сияқты интеллектуалды қабілеттерін компьютерлік жүйелер арқылы модельдеуге бағытталған технология. Бүгінде жасанды интеллекттің әртүрлі салаларды қамтуы мен қолдану ауқымы артуда.Қазіргі таңда ЖИ білім беру, медицина, көлік, қаржы, өндіріс және бұқаралық ақпарат құралдары сияқты көптеген салаларда кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, дәрігерлер ауруларды анықтауда жасанды интеллекттің көмегіне жүгінсе, мұғалімдер білім беру процесін жетілдіру үшін цифрлық платформаларды пайдаланады. Сонымен қатар, күнделікті өмірде қолданатын навигациялық жүйелер, онлайн аудармашылар мен виртуалды көмекшілер де жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Тіпті кейбір мемлекеттер оны мемлекеттік басқару ісіне де енгізе бастады. Мысалы, 2025 жылы Албания әлемде алғаш рет «Диелла» атты жасанды интеллект негізінде құрылған виртуалды министрді тағайындады. Ол мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз етіп, жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында жұмыс істейді. Бұл оқиға жасанды интеллекттің тек көмекші құрал ғана емес, маңызды шешімдер қабылдау процесіне де араласа алатынын көрсетті.Алайда жасанды интеллекттің дамуы қоғамда түрлі пікірлер туғызуда. Біреулер оны адам еңбегін жеңілдететін сенімді көмекші деп санаса, енді біреулер болашақта көптеген мамандықтардың орнын басып, адамдарға бәсекелес болады деп алаңдайды. Шынында да, кейбір қарапайым және қайталанатын жұмыстарды автоматтандырылған жүйелердің орындауы еңбек нарығына әсер етуде. Дегенмен, жасанды интеллект адамның шығармашылық ойлауын, эмоциясын, моральдық жауапкершілігін және күрделі жағдайларда шешім қабылдау қабілетін толықтай алмастыра алмайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйенсек:

 

    Жақын жылдары әлемде автоматтандырудың кесірінен 85 миллион жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Бірақ сонымен бірге, ЖИ жүйелерін басқаратын, дамытатын және онымен жұмыс істейтін мүлдем жаңа 97 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Демек, бұл — жұмыссыздық емес, мамандықтардың трансформациясы.Сондықтан жасанды интеллектті адамға қарсы қоймай, оны мүмкіндіктерді кеңейтетін құрал ретінде қарастырған жөн. Технологияны тиімді пайдалана білген адам ғана заман талабына бейімделіп, жаңа жетістіктерге қол жеткізе алады. Болашақта табысқа жетудің басты шарты – жасанды интеллектпен бәсекелесу емес, онымен бірге жұмыс істеуді үйрену.

   Қорытындылай келе, жасанды интеллект – әрі көмекші, әрі белгілі бір деңгейде бәсекелес. Бірақ оның қандай рөл атқаратыны технологияның өзіне емес, оны қалай қолданатынымызға байланысты. Сондықтан жаңа технологиялардан қорықпай, оларды игеріп, қоғам игілігі үшін тиімді пайдалануға ұмтылуымыз қажет.

Ақжан Ахметжанқызы

Әлеумет
11:30, 03 июль 2026
177
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив