Көпшілік алдында сөйлеу өнері
Бүгінгі таңда табысқа жетудің басты жолдарының бірі өз ойын ашық, анық және әсерлі жеткізе білу. Заманауи әлемде бұл қасиетті «шешендік өнер» немесе «көпшілік алдында сөйлеу өнері» деп атайды. Саясаткер, кәсіпкер, мұғалім немесе студент болсаңыз да, аудиториямен дұрыс тіл табыса алу сіздің кәсіби және тұлғалық құныңызды еселеп арттырады. Алайда статистикаға сүйенсек, адамдардың басым көпшілігі өлім қорқынышынан кейінгі екінші орынға көпшілік алдында сөйлеу қорқынышын қояды екен. Бұл қорқынышты қалай жеңуге болады және сөз мәнерін қалай жетілдіреміз?Сахна алдында немесе көпшілік алдында сөйлер алдында қобалжу - табиғи құбылыс. Тіпті бірнеше жылдық тәжірибесі бар мамандар да толқиды. Мұндай кезде басты мәселе қобалжуды жою емес, оны басқарып, сенімділікке айналдыра білу. Алдымен терең тыныс алып, фокусты “Мен тыңдаушыларға қандай пайдалы ақпарат бере аламын?» деген сұраққа қойған дұрыс. Сәтті шығудың ең басты құпиясы — мұқият дайындық. Адамдар сіздің не айтқаныңыздан гөрі, оны қалай жеткізгеніңізге көбірек мән береді. Аудиториямен тікелей көз түйістіру сенімділікті көрсетеді. Залдағы бірнеше адамды таңдап алып, олармен кезекпен байланыс орнатыңыз. Сөздің құрылымын (кіріспе, негізгі, қорытынды бөлім) сақтаңыз. Суырыпсалмалық (импровизация) тек жақсы дайындалған база болғанда ғана іске асады. Шешендік өнер — туа біткен дарын емес, жүре келе қалыптасатын дағды. Алғашқы қадамдарда қателіктер мен сәтсіздіктердің болуы заңды. Сөздік қор мен сөйлеу мәнерін жетілдіру де аса маңызды қадамдардың бірі. Ол үшін әдеби шығармалар, түрлі кітаптар көп оқып, қоғам мен әлем жаңалықтарынан хабардар болу шарт. Соның ішінде жастардың шешендік қабілетін дамыту ісін ерте жастан бастаған жөн. Оқушыларды мәнерлеп оқу байқауларына, пікірсайыс турнирлеріне және түрлі шығармашылық сайыстарға белсенді қатыстыру маңызды. Мұндай іс-шаралар олардың сөздік қорын байытып қана қоймай, өз ойын жүйелі жеткізуге, дәлел келтіруге және аудитория алдында еркін сөйлеуге үйретеді. Әсіресе, дебат ойындары жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, кез келген мәселені жан-жақты талдауға дағдыландырады. Ал мәнерлеп оқу байқаулары сөйлеу мәнерін жетілдіріп, дауыс ырғағын дұрыс қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан жас ұрпақтың бойында сенімділік пен шешендік қасиеттерді қалыптастыру үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Олар болашақта өз ойын анық жеткізе алатын, көшбасшылық қасиеті қалыптасқан тұлға болып өсуіне ықпал етеді. Қорыта айтқанда, көпшілік алдында сөйлеу қорқынышы – жеңуге болатын кедергі. Оны жеңудің басты жолы – үздіксіз дайындық, тәжірибе және өзіне деген сенім. Өз ойын еркін әрі анық жеткізе білетін адам жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, қоғамда өз орнын таба алады. Сондықтан қорқыныштан қашпай, оны дамуға жетелейтін баспалдақ ретінде қабылдау қажет.
Ақжан Ахметжанқызы


