Алға- жаңа жобалар мен жаңа мүмкіндіктер мекені
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен Алға ауданына барды. Аймақ басшысы әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алға ауданында 22 шақырым жол салынып, жөнделеді
Алға ауданының орталығы - Алға қаласында Асхат Шахаров қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Шоқан Уәлиханов көшесіндегі жол учаскесін аралап көрді.
Аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, ұзындығы 1,25 шақырым жол жөнделеді. Көшені жөндеуге аудандық бюджеттен 153,97 млн теңге бөлінген. Мердігер ұйым – «Дэн Групп» ЖШС нысанды осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Асланбек Шүйіншалиевтің сөзінше, Алға ауданының жол инфрақұрылымын дамытуға 1,34 млрд теңге қарастырылған. Жалпы ұзындығы 22 шақырым жолды салу және жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде 9,4 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар, ал 12,6 шақырымы – елді мекен ішіндегі көшелер. Ірі жобалардың қатарында ұзындығы 9,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар «Алға – Тоқмансай» автомобиль жолын орташа жөндеу, Алға қаласындағы №1 тұрғын үй алабында жол салу, қала көшелерін күрделі жөндеу, сондай-ақ Сарықобда, Қарабұлақ және Бесқоспа ауылдарындағы жол желісін жаңғырту жұмыстары бар.
2025 жылы ауданда жалпы ұзындығы 58,2 шақырым жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 77,1 пайызды құрады.
- Сапалы жолдар – тұрғындардың жайлылығы ғана емес, сонымен қатар экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға негіз. Жоспарланған барлық жоба белгіленген мерзімде және сапа талаптарын толық сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс. Бұл халықтың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді,- деді облыс әкімі.
Мәдениет үйіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
«K-SBI Prom» ЖШС мердігер ұйымы құрылыс жұмыстарын 98 пайызға орындады. Құны 421,1 млн теңгені құрайтын жоба облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Соғысқа дейінгі жылдары салынған Мәдениет үйі ұзақ жылдар бойы Алға қаласының басты қоғамдық орталықтарының бірі болып келді. Аудан өміріндегі көптеген маңызды оқиғаның куәсі болған ғимарат бүгінде жаңаша келбетке ие. Кең ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесінде заманауи инженерлік жүйелер орнатылып, көрермен залы мен басқа да бөлмелер толық жаңартылды. Сонымен қатар Мәдениет үйі өзінің басты құндылығы – тоқсан жылға жуық уақыт бойы түрлі буын өкілдерін тоғыстырған ерекше рухани атмосферасын сақтап қалды.
Өзгерістер тек ғимараттың өзімен ғана шектелген жоқ. Мәдениет үйінің айналасы абаттандырылып, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылды, жасыл желектер отырғызылып, демалыс аймақтары ұйымдастырылды. Қазандық пен қоршау жөнделіп, заманауи бейнебақылау және жедел хабарлау жүйелері орнатылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолайлы қозғалысы үшін пандус жасалды. Жөндеу жұмыстарының маңызды нәтижелерінің бірі – ұзақ жылдар пайдаланылмаған үшінші қабаттың қайта іске қосылуы. Енді бұл жерде үйірмелер, шығармашылық ұжымдар мен мәдени іс-шараларға арналған қосымша кабинеттер жұмыс істейді. Нысанды аралау барысында Асхат Шахаров аудан ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, мәдениет саласының қызметкерлері және жастармен кездесті. Әңгімелесу кезінде тұрғындар ауданда жүзеге асып жатқан оң өзгерістерді атап өтіп, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлгені үшін алғыстарын жеткізді.
- Біз жол салып, елді мекендерді ауыз су және газбен қамтамасыз етіп жатырмыз. Сонымен қатар тұрғындардың мәдени және спорттық тұрғыдан дамуына жағдай жасау да аса маңызды. Бұл Мәдениет үйінің аудан үшін орны ерекше. Тоқсан жылға жуық уақыт бойы мұнда әр буынның өкілдері бас қосып, концерттер, мерекелік және қоғамдық іс-шаралар өткізіліп келеді. Бүгін біз аудан тарихының бір бөлшегін сақтап қана қоймай, оның алдағы жұмысына лайықты заманауи жағдай жасадық, - деді Асхат Шахаров.
«Тәуелсіздік» сквері – тұрғындардың сүйікті демалыс орны
Алға ауданына жұмыс сапарында облыс әкімі республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында салынған «Тәуелсіздік» жаңа скверін аралап көрді. Бүгінде абаттандырылған қоғамдық кеңістік қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.
Аумағы 0,5 гектарды құрайтын скверде тастөсеніш (брусчатка) төселіп, биіктігі 35 метрлік Ту тұғыры орнатылған. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, аумақ көгалдандырылып, гүлзарлар отырғызылған. Демеушілердің қолдауымен мұнда қосымша 50 түп қарағай егілді. Уақыт өте келе олар қаланың жасыл келбетін толықтыра түспек.
Мұнда өңір басшысы «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарымен кездесті. Асхат Шахаров жастарға туған өлкені көркейтуге қосып жүрген үлестері үшін алғыс айтып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын атап өтті.
«Тазалық әр адамның өз үйіне, өз көшесіне, өз қаласына деген құрметінен басталады. Осындай бастамалардың арқасында елді мекендердің келбеті жаңарып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Бұл іске жастардың белсенді қатысып, өз еңбегінің нәтижесін бағалай білуі өте маңызды»,
– деді облыс әкімі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алға ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сұлтанов баяндады. Оның айтуынша, биыл ауданда 22 сенбілік ұйымдастырылып, 825 тонна қоқыс шығарылған. 113 аула мен 75 әлеуметтік нысанның аумағы тазартылып, абаттандырылды. Сондай-ақ 10 саябақ пен сквер көркейтіліп, 7 мың ағаш көшеті отырғызылды және жалпы аумағы 25 гектарды құрайтын жасыл аймақтар құрылды. Экологиялық акцияларға ауданның 13 мыңға жуық тұрғыны қатысты.
Алға ауданының Құрметті азаматы Сағынғали Қариев жаңа сквер өзінің сүйікті серуендеу орындарының біріне айналғанын айтты.
«Мен бұл жерге жиі келіп демаламын. Мұнда әдемі, таза әрі жайлы. Тыныш отырып кітап оқуға да, жерлестермен әңгімелесуге де қолайлы. Осындай демалыс орындары халыққа өте қажет», – деді ақсақал.
Асхат Шахаров елді мекендерді абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын алға тартты. Оның айтуынша, жайлы қалалық орта қалыптастыру, көгалдандыру және тазалықты сақтау – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендердің заманауи келбетін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі.
Алғада тротуар плиталарын шығаратын жаңа цех ашылды
Жаңа өндіріс орны биылғы мамыр айында пайдалануға берілген. Цех иесі Бауыржан Жанғалиевтің айтуынша, жобаға 115 млн теңге инвестиция салынған. Екі ай ішінде өндіріс тұрақты жұмыс ырғағына көшіп, өнім көлемін кезең-кезеңімен арттырып келеді.
Цехтың өндірістік қуаты жылына 300 мың данаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда елді мекендерді абаттандыруда, тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардың құрылысында қолданылатын тротуар плиталары мен кеспетастар (брусчатка) өндіріледі. Дайын өнім Алға ауданы мен Ақтөбе қаласындағы құрылыс алаңдарына жеткізіледі.
Кәсіпорынға барған облыс әкімі Асхат Шахаров өндірістің технологиялық үдерісімен танысып, өндірістік алаңдарды аралап көрді және аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Өңір басшысы өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мен жергілікті кәсіпкерлікті қолдау өңір экономикасының өсуіне ықпал ететін маңызды факторлар екенін атап өтті.
«Мұндай жобалар жергілікті өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – кәсіпкерлердің нақты экономика секторына инвестиция салып, құрылыс саласын отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуі. Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау және өңірге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Асхат Шахаров. Кездесу барысында облыс әкіміне алдағы екі жыл ішінде Алға ауданында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар таныстырылды. Өңдеуші өнеркәсіп саласында цемент және кірпіш зауыттарын салу, ауыл шаруашылығында «Agro Product Development» ЖШС ет комбинатын, күнбағыс майын өндіретін цехты және ауылдық елді мекендерде бірнеше мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр. Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру инвестиция көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және аудан экономикасының дамуына қосымша серпін береді.
Жаңа кемпинг
Облыс әкімі Асхат Шахаров Тамды ауылдық округінің аумағында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Астрахань» автожолы бойында салынып жатқан «Zaman» кемпингінің құрылыс барысымен танысты. Жоба туралы өңір басшысына кемпингтің иесі Заманбек Үмбетырһа баяндады. Кемпинг құрылысы 2024 жылы басталған. Кәсіпкер жобаны жүзеге асыруға 450 млн теңге көлемінде жеке қаражат жұмсапты. «Өтеғұл» шаруа қожалығына қарасты кемпинг республикалық автожол бойындағы 15 мың шаршы метр жер телімінде орналасқан. Нысан осы бағытта қатынайтын жүргізушілерге, жолаушыларға және туристерге қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Кемпингті биылғы шілде айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысан іске қосылғаннан кейін Тамды ауылдық округінің тұрғындары үшін 15 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту – саяхатшыларға қолайлы жағдай жасаумен қатар, аудан экономикасы үшін де аса маңызды. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын бизнестің дамуына және автожол бойындағы қызмет көрсету сапасының артуына ықпал етеді. Әсіресе кәсіпкерлердің ауылдық аумақтарды дамытуға өз қаражатын инвестициялап отырғаны қуантады», – деді облыс әкімі. Асхат Шахаров мұндай жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Алға ауданының инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал ететінін тілге тиек етті.


