Жылу қашан беріледі?
Ақтөбеде 2 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастайды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, коммуналдық кәсіпорындары жылу беру маусымына сақадай сай.
Еркежан СЕРІК
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев күзгі-қысқы кезеңді тұрақты өткізу үшін қажетті негізгі жұмыстар орындалғанын жеткізді. Жылу, электр, су құбыры және кәріз желілері қалыпқа келтіріліп, қазандықтар мен жабдықтар тексерілген. Сондай-ақ бюджеттік ұйымдар көмірмен және дизель отынымен толық қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда көмір тапшылығы жоқ.
“Aqtobe su-energy group” кәсіпорнында қазандықтар мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын тұтынушыларға жылу мен суды үздіксіз беруге қажетті жағдайларды қамтамасыз етті. “Энергосистема” мекемесінде күзгі-қысқы кезеңде электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ететін электр желілері мен жабдықтар нормативтік жағдайға келтірілді.
Тұрғын үй қоры да жылу беру маусымына әзір. Көппәтерлі тұрғын үйлердегі ішкі жылу жүйелері, инженерлік желілер мен жабдықтар тексерілді. Нысандарға дайындық паспорттары мен актілері рәсімделген.

