ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІНЕ ҰШЫРАҒАНДАР

 Инсульттен кейін қозғалмай қалған ана, қараусыз қалған бала, баспанасыз қалған отбасы. Айналамызда тағдыр тәлкегіне ұшырағандар көп.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Орынша Қуанышева — 52 жаста, екі баланың анасы. Бір кездері есепші болып, кейін сауда саласында еңбек еткен. Алайда алты ай бұрын өмірі күрт өзгерді. Инсульт алып, жүріп-тұрудан, сөйлеуден қалды. Тұрақты баспанасы жоқ, жалғызбасты ана бұл жағдайды өзі де, балалары да ауыр қабылдады.

 — Өзім төсек тартып жатып қалдым. Балаларым жан-жаққа тарыдай шашылды. Өмірдің бір сәтте осылай өзгеретінін ойламаппын, — дейді ол.

Осы кезеңде Орынша Қуанышова Ақтөбедегі Отбасын қолдау орталығының көмегіне жүгінді. Орталық қызметкерлері әйелді ауруханаға жатқызуға, ем қабылдауына жағдай жасады. Кіші ұлы уақытша балалар үйіне орналастырылды, үлкен қызы Атыраудағы туыстарының үйіне жіберілді.

— Сол күндері менің жанымда орталықтың Салтанат есімді қызметкері болды. Қандай жағдай болса да, хабарласып, бақылап отырды. Қазір шүкір, сөйлей бастадым, қозғалып жүрмін. Балаларым да қайта жаныма келді. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Қызым мектепке барды, ұлым денсаулығына байланысты үйден оқиды. Жәрдемақым рәсімделді, құжаттарым реттелді. Бұл — оңай нәрсе емес, — дейді Орынша.

 

Қиындықпен бетпе-бет келген отбасылар

 Ақтөбеде 2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Отбасын қолдау орталығы — дағдарысқа түскен отбасылармен тікелей айналысатын әлеуметтік құрылым. Мұнда психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. “Ақтөбе қаласының отбасын қолдау орталығы” директорының орынбасары Жанна Амангелдіқызының айтуынша, орталыққа келетін азаматтардың басым бөлігі — табысы жоқ, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар, құжатсыз жүргендер, тұрмыстық қысым көріп жүрген жандар.

 — Біз құқықтық, психологиялық, әлеуметтік бағытта кеңес береміз. Құжат рәсімдеу, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыру, жәрдемақыға жол ашу — күнделікті жұмыс, — дейді ол.

Орталықта әйелдерге арналған оқыту шаралары да өткізіледі. Кәсіп бастау, өз-өзіне сенім қалыптастыру, табыс табудың қарапайым жолдарын үйрету — осы жұмыстың бір бөлігі.

 

Көзге көрінбейтін қауіптер

Орталық жанындағы мобильді топ полиция, медицина, білім саласы мамандарымен бірге әлеуметтік тәуекел тобына кіретін отбасыларды анықтайды. Солардың бірі жасқа толмаған баланың тағдыры. Бес айда тоғыз рет ауруханаға түскен сәби дәрігерлердің алаңдаушылығын туғызған. Тексеру барысында отбасының өте ауыр жағдайда өмір сүріп жатқаны анықталды: тұрақты табыс жоқ, әкесі ішімдікке тәуелді, анасы декреттік демалыста, баспана суық әрі ылғалды. Баланың өміріне қауіп төнген соң, анасының келісімімен сәби уақытша балалар үйіне орналастырылды. Анасы медициналық тексеруден өтті, емдеу басталды.

 — Мұндай отбасыларды ерте анықтау — ең маңызды жұмыс. Өйткені кешігу баланың тағдырына ауыр салдар әкелуі мүмкін. Қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау үшін біз полиция, денсаулық сақтау, білім, пробация қызметі өкілдерінен құралған мобильді топпен жұмыс істейміз. Мақсат отбасындағы зорлық-зомбылықты, қараусыз қалған балаларды немесе қолайсыз жағдайды дер кезінде анықтау, — дейді орталық жетекшісі Жанна Амангелдіқызы.

  

Сандар сөйлейді

2024 жылы орталыққа 11 500 адам жүгінген.

Жәрдемақы мәселесімен — 489 адам,

құқықтық көмекке — 598 адам,

психолог көмегіне — 811 адам,

білім және балабақша мәселесімен — 121 адам көмек сұраған.

25 адам бизнес ашу жөнінде кеңес алды; 

- 78 адам жұмысқа орналасуға көмектесті; 

- 49 адам тұрғын үй мәселесімен жүгінді; 

- Денсаулық сақтау мәселесі бойынша да 78 өтініш түскен; 

- 96 адам медиатор көмегіне жүгінді.

Демеушілердің қолдауымен 751 отбасыға азық-түлік және киім түрінде гуманитарлық көмек көрсетілген. Орталық мамандарының айтуынша, олардың негізгі мақсаты қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақытылы көмек көрсету және олардың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл сандар — жай есеп емес, әрқайсысының артында отбасы, бала, тағдыр тұр.

 Қазақстанда 200 орталыққа дейін артады

Елімізде биыл 45 мыңнан астам адам Отбасын қолдау орталықтарының көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі. Өңірлердегі отбасын қолдау орталықтары қандай көмек көрсетеді? Еліміздегі Отбасын қолдау орталықтарының саны 200-ге дейін артады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

 -Өңірлерде отбасыларға кешенді көмек көрсету үшін 68 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді, түрлі курстар мен семинарлар өткізеді. Орталықтардың функциялары көзделген Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң қабылданды. Заңды іске асыру аясында орталықтардың қызметін жүзеге асыру қағидалары әзірленді, - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, орталықтардың қызметі мемлекеттік отбасы саясаты іс-шараларын іске асыруға, отбасылық жанжалдарды шешуге, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіруге, адамдарды (отбасыларды) ерте анықтау және қолдауды ұйымдастыру жөніндегі мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыруға бағытталған.

-Орталықтар халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылады. 2025-2027 жылдары ішінде орталықтар саны 200-ге дейін артады. Сонымен қатар орталықтар әйелдерге Мансаптық орталықтар, Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары арқылы кәсіптік дағдыларды оқыту және кәсіпкерлікті дамыту тұрғысынан қолдау көрсетеді, - деді Олжас Бектенов.

Қоғам
10:00, 12 январь 2026
553
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив