"Бұл қалада бәрі бар —Тек сен жоқсың..."
Су жағасындағы сыр
Жаңбыр жасымды жумағасын ба,
Отырмын тағы су жағасында.
Ай сәулесінен жалғыз емеспін,
Көлеңкем отыр тура қасымда.
Айтқым келмейді сүйгенім қайда,
Қайтқым келмейді үйге мұндайда.
Іштегі барлық көңіл-күйімді,
Келтіре алмай күймен ыңғайға.
Күй шығып жатыр толқынмен бірге,
Толқынмен жанды толтырдым гүлге.
Өзеннен алған тебіреністен,
Өзектегімді өлтірдім мүлде.
Толқын дей-тұғын нағыз асаудың,
Жонына шығып тағы жасармын.
Аз сезімімді жүректе қалған,
Ағыспен бірге ағыза салдым.
Қасыма қонды шағала келіп,
Жәймен көбейді - шамалы -ақ едік.
Шағалаларды шошыта беріп,
Толқын ұрады жағаға келіп.
Сыр айтамын деп шағала құсқа,
Қиялмен самғап барам алысқа.
Шағалам айтты: Ғайшадай болмай,
Махаббатыңды бағалап ұста.
Бақыт деген...
Суық сезім санамызды сорлатып,
Бәлкім, бізге бұйырмаған зор бақыт.
Күндіз-түні соны ойлап жүрем деп,
Жүрегімнен жыр туады толғатып.
Өр мінезді болса дағы майысып,
Менімен ол отыратын шай ішіп.
Көрмек былай тұрсын иісін сезгенде,
Жан дүнием бастайтұғын жай ысып.
Көзінен күн, өзінен нұр төгіліп,
Жүретінмін шуағына көміліп.
Қазір маған бұрын әсем сол шуақ,
Тұрғандай ма жай жарық бор көрініп.
Ол сезімнің өтіп кеткен дәурені,
Ол шақтарым қайта келмес сәулелі.
Қайтаруға тырыспаймын тіптен мен,
Оған несін болайын мен әурелі.
Жасырмаймын, сағынамын оны мен,
Таппаймын ау жүрегіме толық ем.
Өнбес тауды бос қуалап қайтейін,
Есім барда ел табайын жөнімен.
Жатса дағы ай мен күні астасып,
Әлі солай, қосылмайды қос ғашық.
Тағдырына басқа жандар жазылған,
Екі жүрек бара жатыр қоштасып.
Қоштасуға қол бұлғадым Аруға,
Тілектеспін өз бақытын табуға.
Бақыт деген сөну емес біреумен,
Ошағыңды тауып алып жануда.
Бекзат Бақытгерей
АНТИНОМИЯ
Жазғыра алмас жүрегім кеткен «досты»
Тек аяймын жанарың төккен жасты.
Бұл қалада бәрі бар —Тек сен жоқсың...
Тек сен жоқсың...
Құдай-ау, неткен жақсы!..
Сезім бұлқып, ой қалқып алып-ұшқан,
Сағыныштың сен жайлы — бәрі дұшпан!
Көшелерде кептелген көліктердей,
Санам іші сан күдік сабылысқан...
Бүгін де ұзақ бой жазып жүргім келді,
Еске алармыз ертең-ақ бұл күндерді.
Аңсадың, не шаршадың қызықтырмас,
Ақтөбеге бәрібір!
Білдің бе енді?!
«Жоққа» сіңіп, жұтылған хабарымдай,
Сағыныштың сап-салқын самалындай,
Үмітіңді үгітіп, үркітетін
Ойладың ба қатал деп қала мұндай?!
Ойламадың...
Ой қамад(ы) дерттен жаман:
Оралуға болмас па өткенге адам?
Бұл қалада бәрі бар
—Тек сен жоқсың...
Тек сен жоқсың...
Құдай-ау, неткен жаман!..
Дәурен ТІЛЕУХАН
Ішкі үн
Кім түсінер жанымның ауырғанын?
Ей, дүние, сен неге бағынбадың?
Астан-кестен тағдырды тауқымет деп,
Мен өлеңді – өмір деп қабылдадым.
Қанжар тақап тұрғандай тамағыңа,
Өзгелердің жалтақтап қабағына.
Өзімді тым кінәлі сезінемін,
Кешігіп келген жандай сабағыңа.
Санамда сұрақтар көп, шешілмеген,
Мен сені ардақтаймын, есіл өлең.
Тәй-тәй басып келемін, құлап-тұрып,
Жас балаша тұсауы кесілмеген.
Келіп тұрған ажалдай есіктегі,
Қиындықтар бір сәтке кешікпеді.
Дауысымды еститін жан бар ма екен?
Іздеуі жоқ сәбидей бесіктегі.
Ернәсіл Рысқалиев
Бестамақ
Кештің күні бар ғаламды қызыл түске бояған,
Көк шөптер де көп толқынмен жарысып кеп ойнаған,
Көл үстінде тіршіліктер түрлі тірлік қылуда,
Аққу қаздар қиқуласып өз көктемін тойлаған.
Құрақтар да қолдарымен судың бетін сипауда,
Қайран өлкем ерінбепсің сұлулықты жинауда.
Табиғатың талғамындай қол жетпейтін арманның,
Жұмағысың, жұмбағысың, ауылдағы бар жанның.
Туған жерді,бұл ауылды, жалғыз мен бе қимаған?
Қимастығым кетерімде неге сонша қинаған?
Ей, туған жер!
Қарсы ал мені…
көрісеміз біз бүгін!
Сағыныштан көз жасым да жанарыма сыймаған.
Мұқағали Маралұлы
Бұл махаббат...
Бұл махаббат шексіз болып көрінген,
Шексіз үнге орын берші төріңнен.
Алданғаны болмаса бұл жүректің
Ештеңе жоқ сызат болып бүлінген.
Бұл махаббат мың тағдырдың мінбері,
Шырақ болған түнергенге түндегі.
Майып кетсе бір жерінде көз ілмей
Өкінішпен қаңыратар күндерін.
Бұл махаббат түсінбейтін екеуміз,
Біздер қашан түсінуге жетерміз.
Құдіреті көрінгенмен жаз болып
Арасында қоңыр салқын өтер күз.
Бұл махаббат сынағы да біртүрлі,
Ой қалдырар санамызға түр-түрлі.
Осы жолы екеуміз де қақпанда
Жібермеймін жүректегі сиқырды.
Наурызбай Асылбек


