Түрмедегі тағдыр
Үш жылға бас бостандығынан айырылған Гүлзира түзету мекемесінде күн санап өмір сүріп жүр. Темір тордың ар жағында өткен әр күн оған тек жазаның салмағын ғана емес, аналық сағыныштың, өкініш пен үміттің қатар жүретін ауыр жүгін сезіндіреді.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
2024 жылдың наурыз айы Гүлзираның өмірін екіге бөлді. Сол күні ол күтпеген айыппен қамауға алынып, кейін сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бір жарым жылын Атыраудағы түзету мекемесінде өткізген әйел кейін Ақтөбеге этаппен жеткізілді. Қазір бұл жердің тәртібіне, күн тәртібіне бейімделіп жүргеніне төрт айдан асқан. Жасы елуге таяп қалған Гүлзира – екі баланың анасы. Қамаудағы өмірдің қиындығы тек темір есік пен қатаң режимде емес, ең алдымен, балаларының тағдырлы сәттерінен тыс қалуында.
– Үлкен ұлым 26 жаста. Қызым 22-де. Мен істі болып жүргенде қызым университетті бітіріп, диплом алды. Ана үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Қасында болып, маңдайынан иіскеп, ақ тілегімді айта алмадым, – дейді ол дауысы дірілдеп. Гүлзира үшін бұл тек бір күн емес. Бұл – ана ретінде өзін кешіре алмау, уақытты кері қайтара алмау. Балаларының өмірінде тағы бір үлкен кезең – отбасын құру сәті де ананың көз алдында өтпеді.
– Ұлым мен қызым темір торға түсерімнен бұрын сыңарларын тауып, отау құратындарын айтқан. Бірақ тағдыр басқа жолды таңдады. Былтыр қызымды туыстарым «жолын байламайық» деп, той жасап ұзатты. Қызым Шымкентке келін болды. Қазір Астанада жұмыс істеп, сол жақта тұрады. Мен мұнда отырған соң, жолдасым да тойға бара алмады. «Сені сұрайды, не деймін?» деп үйде қалған. Қызымның ең бақытты күнінде анасы да, әкесі де жанында болмады. Осы ой жанымды жегідей жейді, – дейді ол көз жасын тыя алмай.
Кәсіптен қылмысқа дейін
Сотқа дейін Гүлзира қоғамнан шет қалған адам емес еді. Керісінше, өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер болатын. Жеке оқу орталығын ашып, бірнеше репетитормен бірге жұмыс істеді. Балалардың білім алуына үлес қосып, табыс тапты. Алайда таныстары арқылы ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыру туралы ұсыныс оның тағдырын күрт өзгертті.
– Ірі компанияда істейтін таныстарым жолдасым мен баламды жұмысқа тұрғызды. Сол кезде «мен де көмектесе аламын» деген ой келді. Ақшаға жұмысқа тұрғызамын деп адамдар іздей бастадым. Адамдар сенді. Мен де сендім, – дейді ол. Осы сенім ақыры қылмыстық іске ұласты. Гүлзира бірнеше адамнан 600–650 мың теңге көлемінде ақша алған. Кейін 15 адам арыз жазып, жалпы шығын көлемі 9 миллион 200 мың теңгені құрады.
– Мен екі ортада делдал болдым. Ақшаны қолма-қол алып, қолма-қол өткіздім. Ол кезде оның арты осындай жағдайға әкелетінін ойламадым, – дейді ол.
Сот барысында Гүлзира істі жалғыз өзі жасағанын мойнына алған. Айтуынша, бұл жазасын жеңілдету үшін жасалған қадам. Алайда іс материалдарында бірнеше адамның қатысы бары анықталған. Қолма-қол берілген қаражатқа қатысты нақты дәлелдің болмауы үкімге әсер етпеген.
Амнистияға да іліге алмапты.
– Жас ерекшелігіме және кәмелетке толмаған баламның жоқтығына байланысты жазамнан небәрі бес ай ғана қысқартылды. Соның өзіне шүкір деймін. Егер бәрі жоспар бойынша болса, 2026 жылдың тамыз айында бостандыққа шығамын. Қазір күн санап жүрмін, – дейді ол.
Темір тордың ішіндегі тіршілік
Қазір Гүлзира түзету мекемесіндегі ЖБИ зауытында еден жуушы болып еңбек етеді. Таңғы сегізден кешкі беске дейін жұмыс істейді. Ай сайын алатын еңбекақысы – 85 мың теңге. Оның 50 пайызы сот үкіміне сәйкес жәбірленушілердің азаматтық талап-арызын өтеуге бағытталады. Түзету мекемесіндегі күн тәртібі қатаң. Таңғы сағат 6:00-де тұру, 7:30-да міндетті тексеру. Әр қадам есептеулі, әр минут бақылауда. Мұнда тағдырлары әртүрлі әйелдер бар. Бірі – ұрлық үшін, бірі – абайсызда адам өліміне себеп болған, енді бірі – ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар істермен сотталған. Әрқайсысының арқалаған жүгі бөлек.
Өкініш пен кешірім
– Мен бұл ісіме қатты өкінемін. Кейде өзіме өзім сыймай кетемін, – дейді Гүлзира.
Оның айтуынша, бәрі аңғалдықтан, адамдарға шектен тыс сенуден басталған. «Ақша сұраған таныстарға да, жұмысқа орналастырамын дегендерге де сеніп қалдым» дейді ол. Алғашында отбасы бұл жағдайды ауыр қабылдаған. Жолдасы мен балалары ренжіген, «неге бұлай істедің?» деп өкпелеген. Бірақ уақыт өте келе олар анасы мен жарын жалғыз қалдырмады.
– Қазір мені қолдап отыр. Келіп тұрады, хабарласады. Солардың үміті мені тірі ұстап отыр, – дейді ол.
Ең ауыр сезім – ата-анасының алдындағы ұят. Жетпістен асқан қарттардың көз жасын ойлау оған ең ауыр жазадай.
– Үйдің үлкенімін. Өзімнен кейінгі бауырларыма да ыңғайсыз. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере сүйетін жаста темір тордың ар жағында отырғанымды қарашы, – дейді ол күрсініп. Темір тордың ар жағындағы әр күн Гүлзираға өмірдің бағасын, сенімнің салмағын, жауапкершіліктің маңызын қайта ұқтырған. Ол үмітін үзгісі келмейді. Бостандыққа шығып, отбасының қасына оралып, өткен қателіктен сабақ алып, өмірді жаңадан бастау – оның бүгінгі ең үлкен арманы.
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылған. Үкімге сәйкес, азаматтық талап-арыз ай сайынғы жалақысының 50 пайызы есебінен өтелуде.
Бүгінде әлем бойынша түрмелерде 733 мыңға жуық әйел жазасын өтеп жатыр. The Guardian басылымы зерттеу деректеріне сүйене отырып хабарлағандай, 2000 жылдан бергі 25 жыл ішінде қамауда отырған әйелдер саны 57 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш ер адамдар арасындағы өсімнен әлдеқайда жоғары: ерлер арасында түрме контингенті осы кезеңде 22 пайызға ғана көбейген. Сарапшылар мұндай алаңдатарлық статистиканың негізгі себептері ретінде кедейшілік, кемсітуші заңнамалар мен тұрмыстық және әлеуметтік зорлық-зомбылықты атап көрсетеді.
Өткен жылғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесінде 6 399 әйел есепте тұр. Оның ішінде 2 692 әйел жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатса, 3 707 әйел пробациялық бақылауда тұр.


