Ақтөбелік әйел көлігін ойыншықпен сәндеген

 

52 жастағы Гүлмира  Қаналина– фельдшер, медбике, таксист әрі төрт баланы жалғыз өзі өсіріп отырған ана. Су жаңа көлігін ойыншықтармен безендіріп, ол күн сайын жолаушыларға жай ғана қызмет көрсетіп қоймай, көтеріңкі көңіл күй сыйлауды әдетке айналдырған.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Гүлмира – төрт баланың анасы, медицина саласының тәжірибелі маманы. Ол ұзақ жылдар бойы адамдардың өмірін арашалаған фельдшер. Жедел жәрдем қызметінде 11 жыл жұмыс істеп, кейін вахталық жұмысқа ауысқан. Қазіргі таңда зауытта медбике болып қызмет атқарады. Гүлмира бір ғана жұмыспен шектеліп қалған жан емес. Бос уақытында такси тізгіндейді. Бұл салада жүргеніне 27 жылға жуықтаса, жалпы көлік жүргізу өтілі 35 жылды құрайды. Оның айтуынша, рөлдегі жылдар оған сабыр мен жауапкершілікті үйреткен.

– Төрт балам бар. Үлкенім 30 жаста, асаба болып еңбек етеді. Қызым той-думан, мерекелік кештерде би билейді. Үшінші балам бармен болып жұмыс істейді. Ал кенже қызым небәрі 9 жаста, мектепте оқиды, сурет салуға ерекше қабілеті бар, – дейді жүргізуші келіншек.

Балалары анасының өмірлік ұстанымын түсініп, әрдайым қолдау көрсетеді. «Мама, бұл ұят» деп шектеу қоймай, керісінше, өз қалауынша өмір сүруіне еркіндік береді. «Өзіңізге ұнаған іспен айналысыңыз» деген балаларының сенімі Гүлмираға күш-қуат береді. Ол балаларының осындай түсіністігі мен қолдауы үшін шексіз алғыс айтады. Гүлмира – еңбек пен аналық жауапкершілікті қатар алып жүрген қазіргі қазақ әйелінің шынайы бейнесі.

Су жаңа автокөлік

2023 жылы Гүлмира автосалоннан су жаңа Chevrolet көлігін сатып алады. Сол кезден бастап көлігіне ерекше ықыласпен қарап, оны ойыншықтармен безендіре бастаған. Бүгінде көлігінің салонында 250-ге жуық түрлі ойыншық бар.

 – Көлікті ең алдымен жұмысқа арнап алғанмын. Ойыншықтармен безендірілген салонға мінген адамдардың көбі қуанып, таңданысын жасыра алмайды. Көңілдері көтеріліп, алғысын айтып, риза болып түсетіндер аз емес. Кейбірі алғашында таң қалып, қызығушылықпен сұрақ қояды, – дейді Гүлмира.

Таксистік қызмет барысында түрлі тағдыр иелерімен жолығады. Кей жолаушылар оған ойыншық сыйлап кетсе, кейде өзі кішкентай балаларға қуаныш сыйлау үшін ойыншықтарын таратып жібереді. Ойыншықтардың барлығы арнайы тәсілмен, берік етіп орнатылған. Оларды интернет арқылы тапсырыс беріп алады, кейбірін өз қолымен жасайды. Ойыншықтарды қатты тарса да оңайлықпен алынбайды. Көлігін де өзі жуады – көп жағдайда ойыншықтарды шешпей-ақ тазартады. Тек қатты кірлеген кезде ғана алып, қайта жуады. Осылайша, Гүлмира көлігін жай ғана жұмыс құралы емес, адамдарға қуаныш сыйлайтын ерекше кеңістікке айналдырған.

 

«Есі дұрыс емес» деген сөздер де айтылады

Гүлмираның бір күні таңғы сағат 6-да басталады. Сағат 7-де қызметтік тасымалға шығады. Таңғы 8:00-10:00 аралығында зауытта медбике ретінде жұмыс істейді. Ал одан кейін такси тізгіндеп, түнгі сағат 00:00-ге дейін жолаушы тасиды. Ерекше безендірілген көлігімен жүрген соң, Гүлмира көптің көзіне түседі. Көшеде танып, суретке түсетіндер де жиі кездеседі. Кейбіреулер тіпті көлігінің сыртын фон ретінде пайдаланып, естелік суретке түсіп жатады. Алайда кез келген ерекшелік түрлі пікір туғызатыны белгілі. Қоғам ішінде оны талқыға салып, әртүрлі әңгіме айтатындар да бар. «Есі дұрыс емес», «балалық шағында психологиялық жарақаты бар» деген сөздерді де естіп жүргенін жасырмайды. Бірақ мұндай пікірлерге ол күле қарайды.

– Адамға аз да болса қуаныш сыйласам, соның өзі маған жеткілікті. Жағымсыз пікір айтатындар бар, бірақ олардың әңгімесіне мән бермеуге тырысамын, – дейді ол.

 

Ерекше сезім

Гүлмираның өмірінде есте қаларлық оқиғалар аз емес. Солардың бірі – мүмкіндігі шектеулі бір келіншектің оған бір пакет ойыншық сыйлаған сәті. «Ол ойыншықтарды кейін балаларға таратып бердім» дейді ол. Адамдардың көңіл күйін көтеріп, болмашы болса да жақсы әсер қалдыра алса, соған шын қуанады. Ойыншықтардың басым бөлігін интернет арқылы тапсырыс береді, кейде дүкендерден де сатып алады. Алайда қызық жағдайлар да кездеседі. Кейбір адамдар сұрамай-ақ көліктен ойыншық алып кеткен кездер болған. Тіпті бірде көлік тұрған жерден ойыншықты жұлып әкеткендер де кездескен. «Тек көлігімді бүлдіріп кетпесе болды деп қоя саламын» дейді ол сабырмен. Гүлмира көлікті несиеге алған. Ай сайын 160 мың теңге төлейді. Бұл – оның өміріндегі алғашқы су жаңа көлігі. Бұған дейін ескі көліктерді айдаған. Төрт баланы асырау үшін екі-үш жұмысты қатар алып жүруге тура келген. Өмір жолы да оңай болмаған. Жолдасы оны 34 жасында тастап кеткен. «Жасыратын ештеңе жоқ, басқа әйелге кетіп қалды» дейді ол ашық. Төрт баланы жалғыз өзі өсіріп, жеткізген. Осы уақытқа дейін бұрынғы жолдасы балаларға ешқандай көмек көрсетпеген. Соған қарамастан, Гүлмира өмірге өкпе артпайды. Қиындыққа мойымай, адал еңбегімен күн кешіп, айналасына жылулық сыйлауды мақсат еткен нәзік жан.

 

Қуыршақ-терапия

Әлемде қуыршақ жинауды хобби емес, тұтас өмір салтына айналдырған әйелдер аз емес. Бірі үшін бұл – балалық шақтың сағынышы, енді бірі үшін – өнерге, тарихқа, тіпті психологияға деген қызығушылықтың көрінісі. Қуыршақтар сөрелерде үнсіз тұрғанымен, олардың әрқайсысының артында бір тағдыр, бір кезең, бір әйелдің ішкі әлемі жатады. Кейбір коллекционерлер үшін қуыршақ – уақыт машинасы іспетті. Мәселен, жапондық әйелдер арасында hina ningyō деп аталатын дәстүрлі қуыршақтарды жинайтындар көп. Бұл қуыршақтар жай ойыншық емес, жапон мәдениетінде отбасы амандығы мен қыз баланың болашағын бейнелейтін символ саналады. Токио мен Киотода тұратын кейбір әуесқой әйелдердің үйінде ондаған жыл бойы жиналған, қолдан тігілген, қолдан боялған жүздеген қуыршақ сақтаулы. Олар әр қуыршақты белгілі бір мейрамда ғана шығарып, арнайы рәсіммен қайта қояды.

Еуропада қуыршақ жинау – тұтас өнер саласына айналған. Франция мен Германияда XIX ғасырда жасалған фарфор қуыршақтарды жинайтын әйелдер бар. Бұл қуыршақтардың кейбірі бүгінгі күні антиквариат ретінде бағаланып, музей экспонатына тең саналады. Коллекционер әйелдер оларды жуындыруға, қайта киіндіруге батпайды, керісінше, арнайы шыны витринада сақтап, жарық пен ылғалдың мөлшерін қатаң қадағалайды. Өйткені әрбір қуыршақ – өткен ғасырдағы әйел бейнесінің, сәннің, қоғамдағы рөлдің көрінісі.

Ал Америкада қуыршақ жинау кейде эмоциялық терапиямен ұштасып жатады. Reborn doll деп аталатын шынайы сәбиге ұқсас қуыршақтарды жинайтын әйелдер бар. Олар бұл әуестікті көбіне ішкі жан жарасын емдеумен байланыстырады: бала жоғалту, жалғыздық, аналық сезімнің жүзеге аспауы. Мұндай қуыршақтар өте шынайы жасалады: салмағы, терісінің түсі, тіпті тыныс алғандай әсер қалдыратын бөлшектері бар. Көпшілік бұл құбылысқа түсінбеушілікпен қарағанымен, коллекционер әйелдер үшін бұл – тыныштық пен жанға медет табудың бір жолы. Оңтүстік Корея мен Қытайда дизайнерлік қуыршақтарды жинайтын жас әйелдер көбейіп келеді. Олар үшін қуыршақ – сән, стиль, өзін-өзі танытудың құралы. Мұндай қуыршақтардың киімі, шаш үлгісі, макияжы бөлек әлем. Кейбір коллекционерлер қуыршақтарына жеке гардероб жасап, фотосессиялар ұйымдастырады, әлеуметтік желілерде арнайы парақша жүргізеді. Қуыршақ сол әйелдің екінші «мені» секілді қабылданады. Қуыршақ жинайтын әйелдер туралы айтқанда, қоғамдағы стереотип те қатар жүреді. «Ересек адамға ойыншық не керек?» деген сұрақ жиі қойылады. Алайда психологтар мұндай әуестікті инфантилизм емес, керісінше, эмоциялық интеллекттің бір қыры деп бағалайды. Қуыршақ жинау – бақылау, тәртіп, эстетика, естелік және шығармашылықпен тығыз байланысты процесс. Ең қызығы – бұл әуестік жасты да, әлеуметтік мәртебені де талғамайды. Арасында дәрігер, заңгер, мұғалім, кәсіпкер әйелдер бар. Бірі қуыршақты сатып алады, бірі қолдан тігеді, енді бірі қалпына келтірумен айналысады. Кейбір коллекциялар кейін музейге, көрмеге айналып, жеке адамның әуестігі қоғамдық құндылыққа ұласады.

Әлеумет
10:54, 06 февраль 2026
2 771
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив