"Балаларыммен қауышқым келеді"

 

«Балаларыммен қауышқым келеді»

 Ақтөбелік Ғазиза есімді келіншек екі баласымен қауыша алмай жүр. Айтуынша, балаларын қорғаншылық органы балалар үйіне тапсырып жіберген. 31 жастағы ақтөбелік келіншек қызы мен ұлын ала-алмай “Үміт”, “Аяла” балалар үйінің табалдырығын тоздырған.

 Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@mail.com

 Келіншектің айтуынша, өзі жоқта  құзырлы орган қызметкерлері қызы мен ұлын балалар үйіне алып кеткен.

  • Мен екі баланың анасымын. Өзім осы Ақтөбеде туып-өстім. Мені нағашы әжем бауырына басып, өсірген. Мектепті жақсы бітірдім. Тұрмысқа шықтым. Бұрынғы жолдасым қол көтеріп, басымнан соққы алып, эпилепсия ауруы пайда болды. Осы ауру тағдырыма кері әсерін тигізіп жатыр. Қазіргі жағдайыма да тікелей қатысы бар. Мені бұрын басқа қалада да псих диспансерде есепке алған екен. Оны кейін білдім. Менің ақыл есім дұрыс. 2024 жылы желтоқсан айында кесір тілігімен, екінші баламды өмірге әкелдім. Мерзімінен бұрын босанып, презентханада 1 айға жуық жатып шықтық. Қаңтар айында  отбасымда анаммен, ініммен болған жанжалдан шаршап, учаскелік терапевтке: “Мен шаршап кеттім, өмір сүргім келмейді” деп смс жібергенмін.  Солай жазып жылап үйде ұйықтап қалдым. Артық ойым болмады. Сол кезде үйге 103,102, ИДН қызметкерлері келді.  “Өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін” деп, учаскелік врач соларға хабарлаған екен. Мені жедел жәрдем бригадасы псих больницаға алып кетті. Мен ауруханада болғанда, үйдегі екі баламды балалар үйіне алып кеткен. Ауруханадан шығып балалар үйіне барғанымда анықтама қағазын сұратты.  Бірақ мен анықтама қағазын ала алмай жүрмін. Балалардың өміріне қауіп төндермейді деген анықтама керек екен. Оны маған бермейді,-дейді Ғазиза.

 

Мән-жайды анықтамақ болып, Ақтөбе облысы полиция департаментінің ювеналдық полиция тобының бастығы Ботакөз Маратқызына хабарластық.

  • Бізге 12 қаңтарда сағат кешкілік уақытта  отбасылық жанжал бойынша хабарлама түсті. Одан бір күн бұрын әкімдіктен хабарлама түсті. Кәмелет жасқа толмағандарға арналған комиссия болғандықтан, тұрғылықты мекен жайына бару керек болды. Мекенжайға барғанда сөйлесу барысында әйел адам «өз-өзіне қол жұмсаймын, балаларымды өлтіремін» деген. Медбикелердің анықтамаларына сай бұрын психиялық есепте болған. Сол себепті жедел жәрдемге хабарласып псих бригаданы шақырттық. «Балаларымды өлтіремін» деген соң, біз оларды оқшаулау үшін алып кеттік. Әрі қарай  балалардың берілуін арнайы комиссия қарайды. Ол үшін тиісті құжаттарды жинау керек. «Үміт» балалар үйінде тиісті құжаттарды тапсырады. Баланың туу туралы куәлігін апару керек,- дейді  полиция департаментінің ювеналдық полиция тобының бастығы Ботакөз Жалекешова.

Маманның айтуынша, қазір Ғазизаның құжаттары мен материалдары толық тексерістен өтіп жатыр. Егер психоневрологиялық диспансерде есепте тұратын болса, аналық құқығынан шектеледі екен.

- Біз де барлық баланың ата-анасымен бірге тұрғанын қалаймыз. Бірақ, әлеуметтік желіде түрлі жағдайларды көріп жүрміз. Өздерінің балаларын өлтіріп, терезеден лақтырып жібергендер бар. Сол себепті баланың қауіпсіздігі үшін оқшаулаймыз. Балалар үйінде бала 6 айға дейін жата алады.  Осы уақыт  аралығында анасы өзін жақсы көрсетіп, тиісті құжаттарын тапсырып, қажетті емдік шараларын алып, өзін дәлелдесе балаларын қайтырып алуға болады дейді,- Ботакөз Жалекешова.

Ғазизаның айтуы бойынша, анасымен қарым-қатынасы жақсы емес. Араларында ұрыс-керіс жиі болады екен.

  • Ғазиза - үлкен қызым. Нағашы әжесі бағып өсірді. Сабақты жақсы оқыды. 2020 жылдары эпилепсия басталды. Басы  ауырып қалады. Қызым босанғаннан кейін депрессияға түсіп кетті. Баланы мерзімінен бұрын босанды. Кесір тілігін жасады. Артынша қолын сындырып алды. Осы жағдайдың бәрі қосылып кетті. Қызыммен келіспей қалатын кездерім де болады. Қыстың ортасында екі баланы алып, үйден кетемін деді. Сол кезде жанжал шықты. Жұлқылап тоқтатпақ болдық. Оны жасырмаймын. Ашуланғанда көтеріліп кетеді. Арасында қызымды өзім де  түсінбей қаламын. Жақында уақытша есепке алды. Ай сайын барып тұруымыз керек. Өткен жылы Ресейге барып жұмыс жасап келді. Сол жақта өзге ұлттың ер адамымен танысып, бас қосты. Қызымның таңдауы болғасын ештеңе демеймін. Күйеу балам жақсы. Үй шаруасына, барлығына көмек береді. Жақында қызым мен күйеу баламды жалдамалы пәтерден үйге алып келдім.  Бірде кешкілік жұмыстан келген кезімде, үйдің алдында жедел жәрдем, полиция көліктері тұр екен. Қызымды ауруханаға алып кетті. Артынша екі баласын балалар үйіне алып кетті. Қызым балаларын  барып көріп тұрады.  Мен өз мойныма қызымды, екі немеремді асыраушысы болып қамқорлығыма алғым келеді,-дейді анасы.

Ғазизаның ем алып шыққан мекемесіне барып, дәрігермен сөйлеспек болдық. Бірақ, дәрігер сөйлесуден бас тартты.

 

 

Әлеумет
13:04, 21 февраль 2025
273
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив