Ақтөбеде ерлер мен әйел жамағаты арасында үстел теннисінен турнир өтті

Үстел теннисінің турнирі Ақтөбе қаласының дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының ұйымдастыруымен өтті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.

Еркежан СЕРІК

kerekinfoaktobe@gmail.com

Үстел теннисі –арнайы ойын үстелінде ракеткамен ойналатын спорт түрі. Бұл спорт түрі белгілі ғимарат ішінде ойнатылады. Үстел теннисі шапшаңдыққа бағытталған спорт түрі. Бұл ойын икемділік пен ептілікті талап етеді.

Өзге спорт түрлері секілді үстел теннисінің де ережелері бар. Егер қарсылас арнайы допты үстелден тыс жерге асырса немесе сіздің алаңыңызға түсіре алмай допты ракеткамен торға ұрса сіз арнайы ережелер бойынша ұпай ала аласыз. Ойыншылардың бірі қателескенше шарды тез екі жаққа ұра береді. Қателескен ойыншы ұпай жоғалтады. Кәдуілгі қателер: шар тордан өтпей қалады; ойыншы шарды ракеткамен соға алмай, мүлт кетеді; соққан шары столдың қарсылас жақ бетіне тимей кетеді; шарды столға тимей тұрып соғып жібереді.

Үстел теннисінен өткен спорттық турнирге ерлер жамағатынан 12 адам және әйелдер жамағатынан 15 адам қатысты. Орталықтың сектор меңгерушісі Айгүл Қанафия және орталық басшысы Сансызбай Ұлқабай кіріспе сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Үстел теннисінен өткен спорттық турнир жарыстардың соңы емес. Алдағы уақытта түрлі спорттық жарыстар мен байқаулар өткізуді жоспарладық. Ерлер жамағатының арасында қазақша күрестен және тоғызқұмалақтан жарыс өтеді. Ал әйелдер жамағатының арасында «Ұлттық тағам-ұлт мақтанышы», «Менің Қазақстаным» атты байқаулар ұйымдастырылады, - деді орталық басшысы Сансызбай Ұлқабай.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. Ерлер жамағатынан 3 қатысушы үздік деп танылып, байқаудың жеңімпаздары атанды. Үстел теннисінің спорттық турнирінде 3 орынды Ердәулет Борантаев қанжығасына байлап, сымсыз құлаққап ұтып алды. 2 орын Ерболат Смағұловқа бұйырды. Ол смартсағат сыйлығын иеленді. Ал байқаудың 1 орынын Аманат Илиясов иеленіп, смартфон жеңіп алды.

Әйелдер жамағатының арасында да 3 жеңімпаз анықталып, бағалы сыйлықтарды иеленді. Атап айтар болсақ, 3 орынды Ақниет Нұржанова иеленіп, сыртқы аккумулятор жеңіп алды. Айгүлім Нұрманова 2 орынға табан тіреп, смартсағатты қанжығасына байлады. Ал 1 орын Ләззат Ордабаеваға бұйырды. Ол 1 орын үшін шаңсорғыш жеңіп алды.

Үстел теннисінен өткен спорттық турнир өз деңгейінде өтті. Қатысушылар тартысты әрі қызықты ойын көрсетті. Сайысқа қатысушылар ұйымдастырушылар тарапына алғыс білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.


Спорт
14:22, 24 ноябрь 2023
1 377
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив