Ақтөбе халықаралық әуежайы жаңғыртылады
Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес, жаңа ұшу-қону жолағы салынып, жолаушылар терминалы қайта жаңартылады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, бұл жобалар елдегі әуежай инфрақұрылымын 2029 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында іске асырылмақ. Жобаның негізгі мақсаты – әуежайдың өткізу мүмкіндігін арттыру, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және өңірдің әуе қатынасын дамыту. Әуежайларды жаңғырту мәселесі Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен жиында қаралды. Басқосуға өңір әкімдіктері мен әуежай өкілдері қатысып, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Кездесу барысында ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, жолаушылар терминалдарын жаңарту, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, қаржыландыру көздерін анықтау мәселелеріне басымдық берілді. Сонымен қатар жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, бағдарлама бойынша еліміздің жеті әуежайындағы ұшу-қону жолақтары жаңғыртылады. Ақтөбе, Астана және Шымкент қалаларында жаңа жолақтар салынса, Алматы, Жезқазған, Тараз және Орал әуежайларындағы қолданыстағы жолақтар қайта жаңартылады. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Жезқазған, Семей, Павлодар және Үржар әуежайларында жолаушылар терминалдарын салу және реконструкциялау жоспарланған.


