«Сәлем» аллеясы ашылды
Ақтөбеде бұрын жеке меншік автотұрақтар орналасқан аумақ жаңа қоғамдық орынға айналды. Бөкенбай батыр көшесінің бойында мемлекет мұқтажы үшін қайтарылған екі жер учаскесінде «Сәлем» атты заманауи аллея салынды. Енді мұнда тұрғындар серуендеп, балаларын ойнатып, спортпен шұғылдана алады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Жаңа аллея тұрғындардың игілігіне берілді. Ашылу салтанаты «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен қатар өтті. Осыған орай аллея аумағына 60 түп ағаш отырғызылды. Оның ішінде 7 шырша, 5 жөке, 13 қайың, 7 шаған және 27 терек бар. Жасыл желек егу арқылы аумақты көгалдандырып қана қоймай, тұрғындардың тынығуына қолайлы орта қалыптастыру көзделген.Бұған дейін Бөкенбай батыр көшесінің бойындағы бұл аумақта екі жекеменшік автотұрақ болған. Кейін жер телімдері мемлекет мұқтажы үшін жеке меншік иелерінен мәжбүрлеп алынып, қаланың жер қорына берілді. Жалпы аумағы 7 671 шаршы метрді құрайтын демалыс орны демеушілік қаражат есебінен абаттандырылды.
Қала билігінің мәліметінше, аталған аумақтың орналасу ерекшелігі де ескерілген. Бір жағынан, бұл – халық тығыз қоныстанған тұрғын аудан. Екінші жағынан, Бөкенбай батыр көшесі халықаралық әуежайға апаратын негізгі бағыттардың бірі саналады. Яғни, қалаға сырттан келген қонақтар да осы көше арқылы қатынайды. Сондықтан бұрынғы автотұрақтардың орнына тұрғындар мен қала қонақтарына арналған қоғамдық кеңістік қалыптастыру туралы шешім қабылданған.
Қалаға сый
Аллеяны абаттандыру жұмыстарына BD Kair компаниясы демеушілік жасап, жобаны қалаға тарту ретінде жүзеге асырған. Нәтижесінде аумақ толықтай жаңартылып, демалыс орнына қажетті инфрақұрылым жасақталды.Қазір аллея аумағында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, брусчатка төселген. Тұрғындардың тынығуы үшін орындықтар қойылып, қоқыс жәшіктері мен шағын сәулеттік нысандар орнатылған. Сонымен қатар 16 дизайнерлік шам қойылып, кешкі уақытта аумақты жарықтандыру мәселесі шешілген. Бұған дейін көктем мен күзде жауын-шашыннан кейін батпаққа айналып, қараңғы болатын жер енді серуендеуге қолайлы жағдайға келтірілді.
Аллеяның тағы бір ерекшелігі – мұнда әр жастағы тұрғынның демалысына жағдай жасалған. Балаларға арналған ойын алаңы, спортпен шұғылданатындарға воркаут аймағы және волейбол алаңы бар. Сондай-ақ автоматты суару жүйесі тартылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл жасыл желектің күтімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ерекше сәндік нысан
Жобаның басты сәндік нысандарының бірі – габионнан жасалған «Сәлем» жазуы. Ерекше композицияда «Сәлем» сөзі 30 тілде жазылған. Кешкі уақытта арнайы жарықтандыру жүйесі іске қосылып, жазу аллеяның көркін ашады. Бұл нысан қоғамдық кеңістікке өзіндік ерекшелік беріп қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударуға арналған.Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қалада абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, биыл демеушілердің қолдауымен 26 саябақ пайдалануға берілген. Соның бірі – Бөкенбай батыр көшесіндегі жаңа аллея.
«Ақтөбе қаласы бойынша абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл демеушілер есебінен 26 саябақ іске қосылды. Соның бірі – Бөкенбай батыр көшесіндегі саябақ. Бұл жобаға BD Kair компаниясы демеуші болып, халық игілігіне ұсынып отыр. Бұрын бұл жерде автотұрақ болған. Қаланың сәулеттік келбетіне кедергі келтіретін нысан еді. Қазір аумақ қалпына келтіріліп, тұрғындардың игілігіне берілді», – деді қала әкімі.Сондай-ақ Азамат Бекет қала аумағындағы пайдаланылмай жатқан және бас жоспар талаптарына сәйкес келмейтін жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, биылдың өзінде 125 жер учаскесі қайтарылған. Олардың жалпы аумағы 90 гектарды құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінің бақылауында және алдағы уақытта да жалғасады.
Аллеяны жобалауға атсалысқан BD Kair компаниясының дизайнері Айнұр Нағметова бұл бастаманың қала тұрғындарына жасалған тарту екенін айтты. Оның сөзінше, әкімдіктен ұсыныс түскенде компания өкілдері жобаны жүзеге асыруға бірден келіскен.
-“Сәлем” аллеясын қалаға сыйлық ретінде жасадық. Әкімдіктен ұсыныс түскенде, біз қуана келістік. Нәтижесінде осындай әдемі саябақ тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Заманауи аллеяда қажетті жабдықтардың барлығы қарастырылған. Басты ерекшелігі – габионнан жасалған, 30 тілде жазылған “Сәлем” композициясы. Ол кешкі уақытта әдемі жарықпен жарқырап тұрады. Мұнда воркаут аймағы, балалар алаңы, волейбол алаңы бар. 16 дизайнерлік шам орнатылып, 60 түп ағаш отырғызылды. Автоматты суару жүйесі де іске қосылды, – деді Айнұр Нағметова.
Тұрғындар қуанышы
Жаңа демалыс орнының ашылуын жергілікті тұрғындар да қуанышпен қабылдады. Сол маңда тұратын Мұхарам Байзаковтың жасы 70-ке таяған. Оның айтуынша, бұған дейін үй маңында балалар ойнайтын арнайы алаң болмаған. Аумақ қоршалып тұрғандықтан, тұрғындар үшін де қолайсыздық туғызған.


- Мен - осы қаланың тұрғынымын. Бұрын үйіміздің жанында балалар алаңы болмағандықтан, ыңғайсыздық туындайтын. Аумақ қоршаумен жабылып, балалар ойнайтын орын жоқ еді. Енді балалар үшін осындай әдемі саябақ салып берген қала әкімдігі мен кәсіпкерлерге алғысымды айтамын. Кешкі уақытта немерелерімізді ертіп шығып, таза ауада серуендейтін боламыз. Әр азамат өз қаласына, әсіресе балаларға көңіл бөлсе, осындай жақсы орындар көбейе берер еді, – дейді ол.
Осылайша, бұрын жеке автотұрақтар орналасқан аумақ бүгінде тұрғындардың демалысы мен серуеніне арналған қоғамдық орынға айналды. Жаңа аллеяның ашылуы шаһардағы абаттандыру жұмыстарының кезекті нәтижесі болды. Қала билігі мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін қайтару және оларды қоғамдық мақсатта тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.
