Әлеуметтік сала мамандары марапатталды

Ақтөбеде әлеуметтік қорғау жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп жүрген мамандар құрметке бөленді. Кәсіби мерекеге орай 3 қызметкер «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін»төсбелгісімен, тағы 15 маман қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Ақтөбе қаласы әкімдігінің мәлімдеуінше, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында 350-ден астам маман жұмыс істейді. Олардың қатарында әлеуметтік көмек көрсету орталығының, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығының, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының және отбасын қолдау орталығының қызметкерлері бар.

Жалпы мамандардың 116-сы- әлеуметтік қызметкер. Оның 80-і жалғызбасты қарттар мен I-II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, ал 36-сы мүгедектігі бар балаларға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Бұл қызметтер күндізгі уақытта ұсынылады.

Қазақстанда қазанның соңғы жексенбісі — әлеуметтік қызметкерлер күні. Осыған орай қалалық мәдениет үйінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға қала әкімі Азамат Бекет қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Марапатталғандардың арасында осы салада 30-40 жыл еңбек еткен тәжірибелі қызметкерлер де бар.

Қала әкімі әлеуметтік қорғау саласындағы жұмыстың жауапкершілігіне тоқталып, мамандардың қоғам өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.

— Әлеуметтік қорғау саласы – қоғамдағы ізгілік пен адамгершіліктің, мейірім мен жанашырлықтың айқын көрінісі. Өйткені бұл саладағы әрбір маманның жұмысы адам тағдырымен, халықтың әл-ауқатымен және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықпен тығыз байланысты. Өмірде әртүрлі қиындықтарға тап болған мұқтаж жандарға көмек көрсету – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті және ең алдымен жүрек жылуын талап ететін жұмыс. Сіздер күн сайын қарттардың жағдайын жасап, ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп келесіздер.

Бұл – жүздеген адамның өміріне араша түсіп, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген үлкен ұжым. Әрқайсыңыздың еңбектеріңіз қоғам үшін маңызды. Құрметті сала қызметкерлері! Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым көзге көріне бермеуі мүмкін. Алайда бір адамның мәселесінің шешілуі, бір отбасының қиындықтан шығуы, бір азаматтың өмірге деген сенімінің артуы – сіздердің жұмыстарыңыздың нақты нәтижесі.

Осы орайда сала ардагерлеріне көпжылдық адал еңбегі мен тәжірибесі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі таңда осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген барша маманға табандылықтары мен кәсібіне деген адалдығы үшін ризашылығымды жеткіземін, – деді Азамат Бекет. Марапат иелерінің бірі — Жалын Молдағалиев. Ол Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары. Бұл саладағы еңбек өтілі – 34 жыл. Ол «Ақтөбе қаласының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

— Орталық 65 төсек-орынға арналған. Қызмет алушылардың тұрақтау мерзімі шарт талаптарына сәйкес бір жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Сонымен қатар, орталықтың жертөлесінде орналасқан 20 төсектік орынға арналған түнде болу бөлімі және «Әлеуметтік патруль» мобильді қызметі жұмыс жасайды. Мобильді қызметтің мақсаты – тұрақты тұрғылықты жері жоқ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж тұлғаларды анықтау және оларды уақытша болу ұйымына және түнде болу бөліміне жеткізу. Орталықта арнаулы әлеуметтік қызметтерді психологтар, медбикелер, заңгер, әлеуметтік жұмыс мамандары және еңбек нұсқаушысы және кітапханашы атқарады, — деді ол.

Қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында Гүлнара Байбулатова да бар. Ол Әлеуметтік жәрдем орталығында 2010 жылдан бері әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Негізгі міндеті – мүгедектігі бар балаларға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету.

— Күн сайын бекітілген кесте бойынша 3-4 қызмет алушының үйіне барып, оларға арнайы күтім жасаймыз. Біздің басты мақсатымыз — ерекше қажеттілігі бар балаларды және жасы 18-ден асқан психоневрологиялық ауытқулары бар жандарды қоғамнан тыс қалдырмай, өмір сүру сапасын жақсарту және ата-аналарына қолдау көрсету. Жұмысымның маған ең қатты ұнайтын тұсы — мені көргендегі балалардың жүзіндегі шынайы қуаныш пен ата-аналардың шексіз алғысы. Үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкер ретінде әр үйдің есігін жылылықпен ашамын. Балалардың мәз-мейрам болып, алдымнан шыққаны шаршағанымды бірден ұмыттырады. Олардың кіршіксіз күлкісі мен ата-аналардың ризашылыққа толы сөздері маған үлкен күш береді. Бұл жұмыс жай ғана міндет емес, жүрек жылуын бөлісу деп білемін. Сондықтан өз мамандығымды мақтан тұтамын, — деді ол. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән айтып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қоғам
15:35, 06 ноябрь 2026
160
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив