Ақтөбеде КВИ-ға қарсы ревакцинация жалғасады
Енді қазақстандықтар КВИ-ге қарсы вакцинаның ІІ компонентін алғаннан кейін 6 айдан соң ревакцинация ала алады. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қаулысында ревакцинация елімізде үш айдан артық тұратын шетелдіктерге де қолжетімді екендігі көрсетілген.
Арайлым ҚАСЫМ
@araikassym
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «КВИ-ға қарсы ревакцинация жүргізу» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды. Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев:
- Мамыр айындағы есеп бойынша КВИ-ге шалдыққандардың 74,7 пайызы симптомды, 25,3 пайызы симптомсыз. Қазір жасыл аймақтамыз, дегенмен, ол күресуді тоқтау керек дегенді білдірмейді. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай ревакцинация 6 ай сайын жүргізіледі. Бірінші кезекте ауру жұқтыру қауіпі жоғары мамандықтар, атап айтқанда, медициналық қызметкерлер, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері, педагогтар, пенитенциарлық (қылмыстық-атқару) жүйесі мекемелерінің контингенті, және 50 жастан асқан адамдар ревакцинацияланады,-деді өз сөзінде. Облыстың бас санитарының айтуынша, облыстағы аурушаңдық көрсеткіші 4818,1 құраған. Тіркелген науқастардың 89,2 пайызы жергілікті, 0,5 пайызы сырттан әкелінген, 10,2 пайызы ауру адаммен араласу кезінде вирус жұқтырған. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров қазіргі уақытта облыс бойынша 7 науқастың ем қабылдап жатқанын айтты.
– Қазір Ақтөбеде 1 стационар жұмыс жасап тұр. Ода ем алып жатқандардың жағдайы тұрақты. Жағдайы ауыр науқас жоқ. Облыста 1 000 100 000 астам вакцина дозасы әкелінген болатын. Қазіргі таңда І компонентпен 430 667, ІІ компонентпен 415 671 адам егілсе, 181 681 адам ревакцинациядан өтіп үлгерді,- дейді ол. Айта кетейік, 12 мен 17 жас аралығындағы балалардың 14 820-сы І, 12 549-ы ІІ вакцина компонентін алған. Бас санитардың сөзіне сенсек, биыл облыс бойынша қаңтарда 7402, ақпанда 1404, наурызда 27, сәуірде 4, мамырда 2 КВИ жұқтырған науқас тіркелген.